24.03.2017, 19:34
Қараулар: 56
Ерлер елеусіз қалмайды

Ерлер елеусіз қалмайды

IMG_9588


«Нұр Отан» партиясы облыстық  филиалының  ғимаратында  «Тәжікстан-Ауғанстан шекарасындағы әскери қақтығыстарға  қатысушылардың  ардагерлер  одағы»  қоғамдық  бірлестігінің ұйымдастыруымен ауқымды  шара  өтті.


Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 25 жылдық мерейтойы аясында жастарға патриоттық тәрбие беруді мақсат еткен шараға жауынгер-интернационалистер, қоғамдық ұйым мүшелері мен студент жастар қатысты.

Басқосуда республикалық қоғамдық бірлестіктің төрағасы Мұрат Мұхамеджанов еліміздегі Тәжікстан-Ауғанстан шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысушылар, оларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайлар  туралы  баяндап  берді.

Шара барысында Мұрат Нұрахметұлы біздің облыс бойынша бірлестік филиалының төрағасы болып сайланған Дамир Желмұхановты көпшілікке таныстырды. Сонымен қатар Тәжікстан-Ауғанстан шекарасындағы әскери әрекеттерге қатысушы жерлесіміз Юрий Полунинге «Ерекше қызметі үшін» төсбелгісін табыс етті.

– Қазақстан Республикасының 1995 жылдың 27 ақпанында шыққан «Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерді қорғау және жеңілдіктер туралы» заңы бар. Ауған соғысына қатысушылар мен Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқандар Ұлы Отан соғысына қатысушылармен теңестірілгендіктен, мемлекеттік жеңілдік алып отыр. Олар өз кезегінде баспана салу үшін жер алып, сапалы медициналық қызметті пайдалануда. Ал еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген тұста Тәжікстан-Ауғанстан шекарасында әскери борышын өтегендер мұндай мүмкіндіктерден әлі күнге дейін тыс қалып келді. Дегенмен бұл олқылықтар да біртіндеп өз шешімін табуда, – деді республикалық бірлестік  төрағасы  Мұрат  Мұхамеджанов.

Еске сала кетейік, ТМД елдерінің 1992 жылдың 15 мамырында қабылданған «Ұжымдық қауіпсіздік туралы» халықаралық келісімшартына сәйкес, қазақ елінің бітімгерлік батальоны 1992-2001 жылдар аралығында Тәжікстан-Ауғанстан шекарасында қауіпті топтарға батыл тосқауыл қоюға жұмылдырылды. Қазақ батальонының жауынгерлері өз азаматтық борыштарын абыроймен  атқарған  болатын.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар