24.03.2017, 19:04
Қараулар: 68
Күмбірлеген күй кеші

Күмбірлеген күй кеші

ед3ге


Қадыр Мырза Әли орталығында домбыра жасаушы шеберлердің республикалық «Үкілі домбыра» атты байқау-бәйгесінің екі дүркін лауреаты, дүлдүл домбырашы Едіге Нәбиевтің шығармашылық кеші өтті.


Кеш күйшінің жалындаған жастық шағынан, әсіресе, спорт саласында атқарған қызметтерінен сыр шертетін бейнебаянды тамашалаудан басталды. Сан қырлы өнер иесінің он жылдық мектепті бітіргеннен кейін А. Пушкин атындағы гуманитарлық институттың дене шынықтыру факультетін тәмамдап, спорт саласында 20 жылдай еңбек еткенін, жеңіл атлетикадан облыстың бірнеше дүркін чемпионы атанғанын, Саратов, Астрахан, Алматы қалаларында олимпиада резервтерін дайындайтын жаттықтырушы болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.

Ресейдің Астрахан облысына қарасты Қарабайлы ауданының Басты ауылында дүниеге келген Едіге Нәбиев қазақ күйлерін тал бесіктен құлағына сіңіріп өскен. Әкесі Қуанғали Нәбиұлы ауылда мал дәрігері болып қызмет жасаса, анасы Қаным Өтешқызы үй шаруасымен айналысқан. Қуанғали ақсақал ел сыйлайтын, он саусағынан өнері тамған шеберлігімен де аты шыққан жан екен. Ол ер-тұрман, ат әбзелдерін жасаумен қатар қолы босаған кезде бала-шағасының алдында атақты күйшілердің танымал күйлерін нақышына келтіре орындағанды, Махамбет, Шернияз жырларын жырлағанды ұнатқан.

Едіге Қуанғалиұлы өзінің өнер жолына байланысты кештің жүргізушісі, домбырашы-ұстаз Асқар Кенжеғалиевтің қойған сауалдарына жауап бере отырып, Әлікейдің күйі «Қоңырала», халық күйі «Ақсақ құла», Қауеннің күйі «Сәнау», сондай-ақ Қазанғап, Дәулеткерейдің күйлерін тарихын әңгімелей отырып, орындап берді. Кеш барысында Едіге Нәбиев жасаған домбырамен өнер көрсетіп, республикалық байқаулардан бас жүлде алып, шетелдерде өткен халықаралық өнер сайыстарына қатысқан жас домбырашылар сахна төріне көтеріліп, күмбірлете күй төкті. Кеш иесінің жастық шағының куәсі, замандасы Төлеген Сафуллин, ақын Айтқали Нәріков, Құрманғазы атындағы саз колледжінің директоры Нұржан Сертеков және апасы Мәстура Қуанғалиқызы өнер иесіне деген ыстық лебіздерін білдірді.

— Қайнатып жатқан сабын, құрттарын сұқ көзден қызғыштай қорғайтын апайлар сияқты Едіге де күй әлеміне оңаша, құпия шомылып, бүкіл сана-болмысы қаныққаннан кейін көріне бастады. Бақсақ, солақай екен. Қақпақты мысықша тырнамай, барабанша соқпай, аталарымыздан қалған машық қағыстарды барынша сақтаған, дәстүрге адал өнерпаз болып қалыптасқан екен. Қазақ елінің қай түкпірінің күйін орындаса да, сол қалыптасқан жүйені қатаң сақтайды. «Жамандар жақсымын деп айқайлайды, жақсылар жақсымын деп айта алмайды» дегендей, Едігенің болмыс-табиғатында өзін дәріптеу мүлде жоқ. Сондықтан ұлттық мұраның алтын көзі, бұлағы қолымызда тұрғанда барын алып қалу – парызымыз, — деді Төлеген Сафоллаұлы.

Едіге Қуанғалиұлының өнердегі үзеңгілес інісі Нұржан Орынғалиұлы Құрманғазының «Ілмесін» орындап берді. Кеш иесіне облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың алғысхаты табысталды.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар