17.03.2017, 20:02
Қараулар: 44
Құтқарушы парамедик болуға міндетті

Құтқарушы парамедик болуға міндетті

IMG_6604


Құтқарушылардың жұмысы баршамызға жақсы таныс. Олар күн сайын емес, сағат сайын қауіп-қатерге бастарын тігіп, қиын жағдайда қалғандарды құтқаруға ұмтылады.


Құтқарушылардың ерлігі мен азаматтық істерін табиғи апаттар мен жол-көлік оқиғасына ұшырағандар, боранды күндері адасып кеткендер, жеделбаспада қамалғандар мен от-жалын арасында қалғандар, тіпті есіктері кілттеніп, үйіне кіре алмай қалғандардан жиі естіп жүрміз. Қиындықта қалғандарды құтқаратын болғандықтан да, олардың жұмысы дәрігерлермен және психологтармен тығыз байланысты. Қиын кезде алғашқы көмек көрсетудің маңызды екені даусыз. Өйткені зардап шегушінің одан арғы жағдайы, денсаулығы, тіпті өмірінің өзі құтқарушылар көмегінің жеделдігіне және сапасына байланысты болады. Дер кезінде көрсетілген алғашқы дәрігерлік көмек зардап шегушінің жағдайының тез жақсарып, денсаулығының жедел қалпына келуіне септігін тигізеді. Сондықтан бұл саланың мамандары жедел құтқаруға қатысты барлық амал-әдістерді шебер меңгерген бесаспап болуы керек. Соның ішінде құтқарушылар үшін парамедик мамандығын игеру өте қажет.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты жеделқұтқару жасағының жеке құрамы жыл сайын парамедиктер даярлау бағдарламасы бойынша оқытылады. Биыл құтқарушылар «Астана оқу-клиникалық орталығы» БҚО филиалында «Госпитальға дейінгі дәрігерлік жедел жәрдем көрсету» бойынша қайта даярлаудан өтті. Құтқарушылар алдымен теориялық және практикалық курстардан өтіп, содан кейін оқу қорытындысы бойынша сынақ тапсырды.

Даярлықтан өту кезінде құтқарушылар адам өміріне қауіп төндіріп тұрған жағдайды диагностикалау әдісімен, жарақат алғанда, күйіп қалғанда, уланғанда алғашқы дәрігерлік көмек көрсету жағдайларымен, қансыраудың алдын алу және жарақатты таңу секілді жедел көмек көрсету түрлерімен танысты. Практикалық тағылымдамаларды өту кезінде құтқарушылар адам ретінде манекенді, заманауи дәрігерлік құрал-жабдықтарды пайдаланды.

Оқу курсы аяқталған соң құтқарушылар сынақ тапсырып, парамедик куәлігін алды. Оқу барысында алған білімдері мен біліктіліктерін одан әрі тереңдету үшін құтқарушылар қалалық жедел жәрдем стансасының қызметкерлерімен кезекшілікке бірге шығып, тәжірибеден өтпек.

Л. ӘБДІРАХМАНОВА,

облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының бас құтқарушы-психологы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар