17.03.2017, 19:59
Қараулар: 62
Көктемде құс атпаңыз!

Көктемде құс атпаңыз!

6b18c2a99077f6d070d66332202aac4f


ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының 2016 жылғы 24 қарашадағы бұйрығымен биылдан, яғни 2017 жылдан бастап, 16 ақпан – 14 маусым аралығында аң-құс аулауға тыйым салынды.


Тыйым салу неге қажет болды? Осы уақытқа дейін көктем кезінде үйректің аталығын атуға рұқсат етіліп келді. Бірақ қорықшылар тарапынан барлық аңшының іс-әрекетін қатаң бақылау мүмкін болмағандықтан, көктемгі аңшылық маусымында кейбір аңшылар үйректің аталығына қоса, аналығын да, тіпті тыйым салынған аққу-қаздарды да атудан тартынбайды. Иә, бұл тек қазақстандық аңшыларға ғана тән керітартпа әдет емес, мұндай жағдай басқа елдерде де болып тұрады. Сірә, Еуроодақ құрамында енетін елдерде тегістей көктемгі саятшылыққа тыйым салынуына осы фактор әсер етсе керек. Егер экологиялық-экономикалық көзқараспен қарайтын болсақ, құстарды көбею маусымына дейін аулау тиімсіз. Себебі көктемде бір ересек құсты ату күзде кем дегенде бес құсты қанжығаға байлағанмен пара-пар. Ал енді адами-жанашырлық көзқараспен қарайтын болсақ, алты ай қысты өткере сала, ұзақ жолдан арып-ашып, ұя салып, жұмыртқа басып, балапан өрбіту үшін жылы жақтан туған жерге оралған құстарды оқпен қарсылау адамгершілікке жатпайды. Енді мына дерек-дәйектерді ақыл-ой елегінен өткізіп көргейсіз.

Көктем сайын жылы жақтан біздің облыстың аумағына оралып, балапан өргізетін аққу, қаз, үйрек секілді жыл құстарының жалпы саны өткен жылдардағы санақтармен салыстырғанда екі еседен аса кеміген.

Үйректердің көптеген түрінде некелік жұп қыстау кезеңінде қалыптасады. Демек, бұл құс ату кесірінен көктемде жұп құстың біреуінің өлу қаупін күшейтіп, үйрек атаулының көбеюіне кері әсерін тигізеді.

Әдетте көктемгі аңшылық кезінде белсенді аталықтардың ең алдымен қарауылға ілінуі, белгілі бір биологиялық түрдің тектік қорын әлсіретіп, көбею әлеуетін күрт кемітеді. Сонымен қатар көктемде жыл құстарынан құс тұмауын жұқтыру ықтималдығы жоғары.

Жыл сайын көктемгі құс атуға ресми түрде жылдық мөлшерден (квотадан) тек 5 пайыз ғана бөлініп келді, мысалға, үйректерді атып алуға. Яғни аңшылық шаруашылықтардың табысындағы көктемгі аң аулаудың заңды үлесі өте төмен. Сайып келгенде, квотаға ешкім тыйым салмақ емес, мәселен, көктемде құс атуға тыйым салынғанымен, есесіне күзге квота молаяды. Демек, көктемгі тыйым салдарынан аңшылық шаруашылықтардың кірісі күрт кеміп, оларға жабылу қаупі төнеді деп сары уайымды сапырушылардың уәжі негізсіз.

Ресейдің бір облысында 1970 жылдан бастап 1990 жылға дейін көктем айларында аң-құс аулауға тыйым салынған екен. Осы аралықта су құстарының жалпы саны 3,2 есе артқан.

Аңшылық шаруашылықтар мемлекетпен отырған шарт бойынша табиғатты, соның ішінде жануарлар дүниесін қорғауды жүзеге асыру тиіс. Ал табиғаттың игілігін пайдалану бөлінген квота аясында ғана жүзеге асуы шарт. Мемлекет ешқандай жалға алу төлемін алмайды, тек квота үшін ғана төлем алады. Яғни аңшылық шаруашылықтар табиғатты қорғайды және пайдаланады, ал мемлекет аңшылық шаруашылықтардың жұмысын қадағалайды. Егер аңшылық шаруашылық табиғат қорғауды тиісті дәрежеде орындай алмаса, ол иесінен алынып, табиғатты ретке келтіруге мүдделі басқа азаматқа беріледі.

Қазақстанда ХХ ғасырдың ортасында суда жүзетін құстардың жылдық саны 50 миллионның шамасында болған екен. Яғни біздің елдің аумағында суда жүзетін жыл құстарының саны қазіргіден үш есе артық болған. Мамандардың бағалауы бойынша біздің республикада қазтұқымдас құстардың (аққулар мен қаз-үйректер) қазіргі жылдық жалпы саны 14 миллионнан аспайтын көрінеді. Ал ХХ ғасырдың соңғы онжылдығының орта шамасында Қазақстан аумағында 33,7 миллионның о жақ, бұл жағында қазтұқымдастар болған. Алайда табиғаттың үшбу перзенттері өткен 20 жыл ішінде екі еседен аса сиреген.

Туған жердің табиғатын қорғауға тікелей жауапты үлкенді-кішілі мекемелер жыл сайын 16 ақпан – 14 маусым аралығында аң ауламау, құс атпаудың мән-маңызы жөнінде күні бүгінге дейін аңшылармен біраз жиын-кеңес өткізіп үлгерді. Аңшы атаулы аталмыш шараға түсіністікпен қарауға ниет танытып отыр.

 Қайрат ҚАДЕШЕВ,

облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар