17.03.2017, 19:36
Қараулар: 56
Асық ойнаған да озады…

Асық ойнаған да озады…

SAM_4164


Тасқала ауданындағы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектептің мұғалімі Қазбек Көшәлиев – асық ойынын жаңартып, қазіргі заманға сәйкестендіріп жүрген жан. Оның бұл бағыттағы іс-тәжірибесі облысқа таратылуда.


Жасы төртінші мүшелге таяп қалған Қазекең бала кезден ұлттық спорт түрлеріне жақын өсті. Асық ойнады, тай, құнан жарыстарында сынға түсті, аударыспаққа қатысты, қазақ күресінен боз кілемге шықты. Содан болса керек, өскесін спортшы болуға бел буды. Сол арманына жетті. Алматы қаласындағы Қазақ дене шынықтыру және спорт институтына оқуға түсті. Студент кезінде еркін күрестен КСРО спорт шеберлігіне үміткер атанды. Аталмыш күрес түрі бойынша облыстың бес дүркін чемпионы деп танылды, респбуликалық сайыстарда топ жарды. Дипломын алған соң ауылына оралды. Міне, отыз жылдан астам уақыттан бері Тасқала ауданындағы мектептерде дене тәр-биесі пәнінен сабақ беріп келеді.

— Дәл бір жыл бұрын мектебіміз аттестациядан өтті. Тексеріс кезінде облыстан келген комиссияның бір мүшесі бізге қарата «Осы дене шынықтыру пәні мұғалімдері тығылады да жүреді, сіздерді де тексереміз» демесі бар ма. Сөздің шыны керек, бұл сөз намысыма тиіп кетті, басқа әріптестеріміздің қылықтарын бізге қарата айтуға болмайды ғой. Дегенмен атышулы комиссия емес пе. Сол себепті іштей «кімнің тығылғанын көрерміз әлі» дедім де, бұларды таңғалдыратын ерекше нәрсе жасағым келді. Ойыма асық ойыны сап ете түсті. Өзім бұрыннан бері оқушыларға асық ойыны турасында кеңірек мағлұмат беруді, мектебімізде осы ойынды барынша жандандыруды іштей ойлап жүргенмін. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дәл келді. Ұлттық ойынға қатысты жинаған материалдарымды арнайы папкаға жасақтадым, үйдегі асықтарды мектепке әкелдім. Қолымнан келгенше көрнекі құралдар дайындадым. Бәрін реттеген соң, манағы комиссия мүшесін сабағыма шақырдым. Бір рет жолы түспеді, қолым тимей жатыр деп екінші мәрте келмеді. Үшінші барғанымда, тағы бір сылтау айтты. Сонда «Сіз өткенде бізге қарап намысқа тиетін сөз айттыңыз, физруктар емес, сіз өзіңіз бізден қашып жүрген сияқтысыз ғой» дедім. «Ұят болды, кешірерсіз, міндетті түрде біреуміз барып, сабағыңызға қатысамыз» деді. Сабағыма өзге бір мұғалім қатысты. Ол қазақы ауылдың тумасы екен, ұлттық ойын тақырыбындағы сабағыма бірден ден қойды. Нәтижесінде ең жоғары баға алдым. Артынан көрнекі құралдарымды, құжаттарымды манағы комиссия мүшесі де келіп қарап, ол да өз ризашылығын білдірді. Асық ойынын жүйелі түрде зерттеу бағытындағы жұмыстарым осылай басталды, — дейді Қазбек Нәбиоллаұлы.

Қазекеңнің бұл ізденісі туралы облыстық білім басқармасының жауапты қызметкерлері де хабардар болып, оны дене шынықтыру пәні мұғалімдері арасында өтетін облыстық байқауға шақырады. Кейіпкеріміз бұл байқауға «Асық – қазақтың ұлттық ойыны», «Бәйге — асық ойыны туралы» көрнекі құралдар жасайды. Сайыстағы қазылар алқасы тасқалалық педагогтың осы еңбегінің бәрін ескерсе керек, оны бас жүлдеге лайық деп тапты. Артынан Бурабайда өткен республикалық байқауда облыс намысын абыроймен қорғады. Байқау соңында қазылар атап өткендей, Қазбек Көшәлиевтің тың ізденісі көпшіліктің көңілінен шықты, алайда осынау еңбектер өзінікі екенін дәлелдейтін құжаттың, яғни оқу-әдістемелік құралдардың болмауына байланысты ол жүлделі орынға қол жеткізе алған жоқ. Дегенмен де, Көкше өңірінен қанаттанып оралды. Келген бойда осынау олқылықтың орнын толтыруға бел шеше кірісті. Соның нәтижесінде былтырғы желтоқсанда «Асық ойнаудың әдіс-тәсілдері» атты әдістемелік құралы жарыққа шықты.

— Асық ойындары үйішілік және далалық деп екіге жіктеледі. Хан немесе ханталапай, құмар, қақпақыл, бәйге, төрт асық, бес тас немесе бес асық сынды ойындар бірінші түріне жатады. Олар қазіргі жағдайға икемделіп, тақта ойыны деп аталады. Ал алтыатар, омпы, алшы, бес табан, көтеріспек секілді далалық түрлері алаң ойыны болып есептеліп жүр. Тақта ойындарына арнап екі үстел жасап, мектепке апарып қойдым. Сегіз қырлы үстелдерде ханталапай, бәйге сынды асық ойындарымен қатар, шахмат пен дойбы ойнауға да мүмкіндік бар. Үзіліс кезінде, не түс қайта қосымша сабаққа келген оқушылар осы жерге жиналып, ұлттық ойынның қыр-сырын меңгеріп әрі өз уақыттарын барынша тиімді өткізеді. Қазіргі үшінші тоқсан дене тәрбиесі пәні бойынша ұлттық ойындар кезеңі болып саналады. Сол себепті қазір бұл үстелдердің бос тұрғанын көрмейсіз. Жалпы, ауданымыздағы мектептердің елу пайызында асық ойынына қатысты үйірме сабақтары жүреді. Осы наурыз айының соңында аталмыш ойынға қатысты аудандық семинар, артынан сайыс өткізу жоспарда бар. Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Асық – үлкен халықтық тәрбие», соған орай оған бәріміз де қал-қадерімізше үлесімізді қосқанымыз жөн, — дейді Қазбек Көшәлиев.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

Тасқала ауданы

Ақтолқын ШӘРІПДАНОВА,

облыстық білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскері:

— Жыл өткен сайын ұлттық ойындарға байланысты мұғалімдеріміздің еңбектері көптеп жарық көруде. Мәселен, асық ойынына қатысты биылғы оқу жылында облысымызда төрт әдістемелік құрал шықты. Соның бірі – Қазбек Көшәлиевтің «Асық ойнаудың әдіс-тәсілдері». Бұл кітап облысымыздағы барлық мектепке үлгі ретінде ұсынылды. Кейбір білім ұялары осы әдістемелік негізінде үйірме жұмыстарын бастап та кетті.

Бисенбай НӘБИДОЛЛИН,

Ж. Досмұхамедов атындағы педколледжінің дене тәрбиесі және спорт кафедрасы меңгерушісі:

— «Асық  ойнаудың  әдіс-тәсілдері» әдістемелік жұмысы тек оқушылардың емес, студенттердің де шығармашылық, ізденімпаздық, ойлау қасиеттерін дамытуға, шыдамдылықтарын арттыру, ұлттық ойынға деген қызығушылығын қалыптастыруға үлес қосары сөзсіз. Сол себепті мен бұл еңбекті колледж, ЖОО-лардың да оқу бағдарламаларына енгізу керек  деп құзырлы құрылымдарға ұсынысымды жасадым.