17.03.2017, 19:32
Қараулар: 42
«Ақ Жайықта айым оңынан туды»

«Ақ Жайықта айым оңынан туды»

IMG_9567


Жайықтың жағасына орын тепкен Орал қаласы – игі жақсылардың мекені. Cондай қайырымды жанның бірі, қиын сәтте қысылғанның қолтығынан демеп, алдына көмек сұрап келгендердің тауын қайтармаған Адил Бехчатоглы бүгінде кәсібінің нәсібін көруде.


«Ай луна» атты кафе мен ресторан желісінің директоры Адил Бехчатоглы – Қазақстан халқы ассамблеясының белді мүшесі. Әзірбайжан Республикасының кедей отбасында туып-өскен ол бала күнінен білімді азамат атануды армандайды. Әкесі дүниеден ерте озған соң анасы үш перзентін жетілдіру үшін тынбай еңбекте-неді. Ал Адил Галиев арманына жету үшін бар ынтасын сабаққа қойып, орта мектепті «өте жақсы» бағаға тәмамдайды. 1974 жылы өз білімімен Әзірбайжан мұнай-химиялық институтына оқуға қабылданып, инженер-химик-технолог мамандығы бойынша білім алып шығады. Сол жылы Кеңес Үкіметінің жолдамасы бойынша Әзірбайжан Республикасының Мангечевир қаласындағы резина өнімдерін өңдеу зауытына инженер болып барады. Кейін цех меңгерушісі қызметіне көтеріледі. Ал зауыттың бас инженері атанғанда жасы небары 25-те болатын. Уақыт өте Мәскеуден оны зауыт директорының орынбасары қызметіне ауыстыруға бұйрық келеді. Алайда Адил Бехчатоглының партия мүшесі болмағандықтан, жаңа қызметке тағайындалмай қалады. Бұл оқиғадан кейін еңбек демалысын алып, Мәскеуге жол тартады. Бұл 1985 жыл болатын. Мәскеуден Оралда тұратын әзірбайжан танысын кездестіріп, қыдырып Оралға келеді. Ақ Жайық табиғатының сұлулығына тамсанған жас жігіт тұрғындардың бауырмалдылығы мен қонақжайлылығына тәнті болады. Кейін осы қалада тұрақтап қалғысы келген ол Ворошилов зауытына, яғни қазіргі «Зенит» зауытына сырлаушы-әктеуші болып орналасады. Екі жылдай қатардағы жұмысшы болып жүрген соң 1987 жылы Орал қаласындағы жалпы білім беретін орта мектептерге күрделі жөндеу жүргізетін құрылыс фирмасын ашады. Үш жылдан соң нарықтық қатынасқа көшудің аумалы-төкпелі сәттері басталады. Тағдырдың талайын тартқан 90-жылдардың тоқырауы тұсында кейіпкеріміз қосымша жұмыс орнын іздей бастайды. Қазіргі «Ай луна» кафесінің орнында бұрын газет сататын дүңгіршек орналасқан екен. Адил Галиев әлгі дүңгіршектің жартысын жалға алып, сусындар сата бастайды. Саудасы жүріп, кәсібі дөңгеленіп, біраз ақша жинайды. Кейін сол жерді сатып алып, қазіргі «Ай луна» кафесінің құрылысын бастайды.

— Алғаш Орал қаласына келгенде, анамнан, бауырларымнан жырақта жүргесін біраз қиналдым. Жанымда демеушім де болған жоқ. Өз адал еңбегіммен нәпақа таптым. Күні-түні еңбек еттім. Менің түсінігімде сенбі-жексенбі немесе еңбек демалысы деген жоқ. Шетелге шығып, қала аралап көрген емеспін. Жылына бір рет 2-3 күнге ғана Бакудегі туғандарыма барып келемін. Сауда саласын меңгере бастағанда, Орал қаласы бойынша 1990 жылдары дәмді кәуап жасайтын жер жоқ екенін білдім. Сол үшін арнайы Әзірбайжан Республикасынан кәуап жасайтын маман алдырдым. Ал кафенің атауын қоярда біраз ойландым. Бала кезімнен кеш бата аспандағы айға қарап ұйықтағанды жақсы көретінмін. Ай атауы менің бойтұмарым деп білемін. Жұлдызнамаға қатты сенемін. Тоқтылар – жұлдызнама бойынша принципшіл жандар. Адам басына түрлі сынақтар беріледі. Мен өткен нәрсе өтті, артқа жол жоқ, болашақты ойлау керек деген ұстаныммен жүремін, — дейді Адил Бехчатоглы.

Бүгінде кейіпкеріміз «Ай луна» кафесі мен мейрамханасында 75 адамды жұмыспен қамтып отыр.

– Бұл жерге келгенше әр түрлі қаладағы мейрамханада қызмет атқардым. Алайда Адил мырзадай қайырымды жанды кездестірмедім. Ол – қатал талап қойғанмен, жүрегі жұмсақ жан. Қызметкерлерінің басындағы қуанышына бірге қуанып, қайғысына ортақтасып, қолдан келген көмегін аяған емес, — дейді «Ай луна» мейрамханасының әкімгері Ольга Скачкова.

Өткен жылы «Лотос» жарнама агенттігінің ұйымдастыруымен өткен «Ең дәмді кәуап» фестивалінде «Ай луна» қызметкерлері Р. Гусейнов пен Л. Байрамовтың дайындаған кәуаптары бас жүлдені иеленген. Сондай-ақ облыстық қазақ драма театрында өткен «Халық таңдауы» сыйақысын «Ең үздік кәуап өнімі» аталымы бойынша жеңіп алды.

Адил Бехчатоглы өз жетістігінің сырымен бөлісе отыра, жас кәсіпкерлерге кеңесін айтып өтті.

— Егер мейрамхана, сауда үйі, дүкен ашуды жоспарласаңыз, халықтың тығыз орналасқан аумағын таңдаңыз. Сондай-ақ ұсынатын өніміңе бұл жерде бәсеке болмауы тиіс. Қызметкерлер мен тұтынушылардың тілін тауып, бабын жасау да сауданың дамуына зор ықпал етеді. Ұсынатын өнім мен қызмет көрсету сапасын жиі қадағалау қажет, — дейді.

Алпысты еңсерген кәсіпкер – бес перзенттің әкесі. Бүгінгі күнге дейін бірнеше қайырымдылық шарасына қатысып, көмек сұраған тұрғындардың өтінішін аяқасты етпей, әл-ауқаты жеткенше көмектескен. Алайда жасаған жақсылығын жар салғанды ұнатпайтын Адил Галиев еңбек етіп, кәсібін бастауға мүмкіндік берген Қазақстанға алғыстан басқа айтары жоқ.

— Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Бұл жерде ұлтқа, нәсілге бөлінбей, бейбіт өмір сүрудеміз. Ел тәуелсіздігін алған жылдары тұрғылықты халықпен бірге болдым. Отыз жылдан астам уақыттан бері осы мемлекетте адал еңбек атқарып, ұрпағымды өсіріп, тәрбиеледім. Осы елге, Ақ Жайыққа келіп, айым оңынан туды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты арқасында тәуелсіз елімізде тұрғындар бейбіт өмір сүруде. Отбасымның Отанына айналған Қазақстанға алғысым шексіз… — дейді кейіпкеріміз.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар