17.03.2017, 19:30
Қараулар: 64
«Инвесторларды кабинеттер арасында сандалтуды доғару керек»

«Инвесторларды кабинеттер арасында сандалтуды доғару керек»

20170317_112435


Мемлекеттік  және  жеке  меншік  серіктестігін  дамыту бойынша  аудандармен  өткен селекторлық  жиында Батыс Қазақстан  облысының  әкімі  «Инвесторларды  кабинеттер арасында  сандалтуды  доғару  керек» – деді.


Оның айтуынша, өңірде қазірдің өзінде апатты үйлердің орнына жаңа үйлер салу, балабақшалар құрылысын жүргізу, «ақылды қала» концепциясы бойынша бейнекамералар орнату сияқты нақты 10-ға жуық жоба бар. «Кәсіпкерлердің талабы мен құжаттар жағынан дұрыс жүргізілуін қамтамасыз етеміз деп мемлекеттік органдар бюрократияға жол беріп жатады. Қай салаға болмасын, қаржы салуға ниетті кәсіпкерге өзіміз көмек беруіміз қажет. Кабинеттер арасында бос сандалтып қоймаңыздар» – деді өңір басшысы аудан әкімдері мен басқарма басшыларына.

Айта кетейік, Орал қаласында мемлекеттік және жеке меншік серіктестігі аясында апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді бұзу жұмыстары басталып кетті. Өткен ғасырда бой көтерген екі қабатты ескі үйлердің орнына пәтерлерінің аумағы кең тоғыз қабатты тұрғын үйлер салынбақ.

«Құрылыс компаниялары салған көп қабатты тұрғын үй алдымен бұзылған үйдің пәтер иелеріне берілетін болады. Ал қалған пәтерлерді мердігер компания өздері қала тұрғындарына сатады. Инженерлік желілерді тарту мен абаттандыру жұмыстарын біз мойнымызға аламыз. Өткен жылды қоса есептегенде, осындай апаттық жағдайдағы он үйдің орнына жаңа үйлер бой көтеруде. Жалпы, облыс орталығында апатты жағдайдағы 41 тұрғын үй бар. Алдағы үш жыл ішінде кезең-кезеңімен сол үйлерді жаңалаймыз деп жоспарладық», – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов. Облыс  орталығындағы  бұл  жұмыстар  аудандарға  да  қозғау  салып  отыр.

Облыс орталығында мемлекет және жеке меншік серіктестігі аясында 550 млн. теңгеге 200-ден аса бейнекамералар орнатылмақ. Бұл «Қауіпсіз қала» бағдарламасына сәйкес жүргізіледі. Қуат үнемдеу мақсатында «Жайық жылу қуат» пен «Батыс су арнасының» қондырғыларын жеке инвесторлар есебінен жаңартылу көзделуде.

Аудан әкімдерінің жобаларын тыңдаған облыс әкімі Алтай Көлгінов: «Айтқандарыңыз, әрине құлаққа жағымды естіледі, алайда нақты нәтижелі жұмыстарыңыз керек. Әрбір аудан нақты жобаларын бекіту қажет, Орал мен Ақсай қалаларында одан да көп жобалар болу қажет» – деді.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар