17.03.2017, 19:13
Қараулар: 68
«Асқар шыққан асқар шың»

«Асқар шыққан асқар шың»

IMG_0957-17-03-17-10-57


Көрісу күні Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында әсерлі кеш өтті. Бұл айтыстың мәні де, мағынасы да бөлек болды. Самбо күресінен әлем чемпионы, әлем кубогының иегері, КСРО чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Асқар Шайхиевті еске алуға арналған шара «Асқар шыққан асқар шың» деп аталды.


Кешті ҚР Жазушылар одағының мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин жүргізді. Шара басында көрермендер назарына Асқар Шайхиевтің өмірінен сыр шертетін бейнебаян ұсынылды. Асқар Тастайұлы 1963 жылы Сырым ауданының Қызылтаң ауылында дүниеге келген.

Ол самбодан көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанған.

Спортшылық карьерасын аяқтаған кезінде жаттықтырушы, Батыс Қазақстан облыстық дзюдо федерациясының атқарушы директоры болып қызмет істеді. 2000 жылы 37 жасына қараған шағында кісі қолынан қаза болған.

Еске алу кешіне қатысқан әйгілі палуанның ағайын-туысының атынан ағасы Самат Шайхыұлы барлық жиналғандарды Көрісу күнімен құттықтап, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

Адуынды ақындардың қатарында Орал қаласынан Жансая Мусина, Теректі ауданынан Эльдар Ықсан, Жәнібек ауданынан Мұрадым Мирланов, Ақжайық ауданынан Айнабек Бисенғалиев, Бөкей ордасы ауданынан Талғат Мықи, Сырым ауданынан Бауыржан Ширмединұлы болды. Ақындар өзара жарасымды әзіл-қалжың, қағытпалар мен орамды ой, толғақты түйіндерге тоқталып, сұлу сөздің кереметін көрсетіп, естір құлақтың құрышын қандырып, айтыс десе, ішкен асын жерге қоятын өлеңқұмар қауымды бір желпінтіп тастады.

Шара барысында Жаскелең Ғайсағалиев «Айлар мен жылдар» әнін, «Батыс стар» тобы «Батырлар ұраны» әнін әуелетті. Сонымен қатар көрермендер Ерлан Қуанышев пен Гүлзада Ахметованың орындауындағы «Уақыт» әнін, «Інжу» тобының орындауындағы «Той думан» әнін тыңдады. Айтыс соңында Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының басшысы, танымал айтыс ақыны Бауыржан Халиолла Шайхиевтер әулетінің атынан әр айтыскерге 50 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық табыстады.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар