15.03.2017, 21:18
Қараулар: 56
Офицерлерге құрмет

Офицерлерге құрмет

DSC_0016


5517-әскери бөлімінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілерін құрметтеу кеші өтті. Салтанатты шараға ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатов, әскери қызметшілер, ардагерлер және сарбаздар қатысты.


Дәл осы күні әскери қызметшілер арасында жауынгерлік қызметті атқару кезінде батырлық танытып, өзгелерден оқ бойы озық көрінген «Батыс» өңірлік қолбасшылығының құпия сақтау бөлімінің бастығы, майор Мұратжан Тауимов, 5517-әскери бөлімінің арнайы мақсаттағы ротасының командирі, капитан Елнар Батыров, 5517-әскери бөлімінің атқыштар ротасының қарауыл бастығы, прапорщик Арман Есқалиевтер отбасы мүшелерімен бірге сахна төріне шақырылды. Ұл-қыздарын жетелеп, сахнаға көтерілген әскерилер тек қызметте ғана емес, отбасында да мәртебесі биік екендіктерін паш етті. Әскери қызметін абыройлы атқарып, өнегелі отбасының тірегі болып жүрген қызметкерлердің жұбайлары мен ұл-қыздары әкелерін мақтан тұтатынын айтып жатты. Олардың өмірлік серіктері «Офицердің жары болу үлкен шыдамдылықты, сабырлылықты қажет ететінін» айтып, жұбайларын генерал шенінде көргісі келетіндіктерін жасырмады. Өз ісін адал әрі жауапты атқарып, өзгелерге үлгі болған офицерлерді ұлықтаған кеште 5517-әскери бөлімінің шығармашылық ұжымы да өнер көрсетті. Олардың орындауындағы «Жена офицера», «Ұландар шеруі», «Егемен елім Қазақстан» әндері әдемі шараның шырайын аша түсті.

Ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында өз міндетін абыроймен атқарып, жоғары жетістіктерге қол жеткізген әскери қызметшілерді өскелең ұрпаққа, жас сарбаздарға үлгі етуді мақсат еткен салтанатты кеш жоғары деңгейде өтті. ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатов Отанымыздың тыныштығын сақтауға үлес қосып, еліміздегі ең мықты сарбаздарды тәрбиелеп жүрген офицерлер мен олардың отбасына ризашылығын білдіріп, естелік сыйлықтар табыс етті.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар