15.03.2017, 21:16
Қараулар: 36
Қос медальмен марапаттады

Қос медальмен марапаттады

20170315115010


Сейсенбі күні облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатов ҰОС және ішкі әскер саласының ардагері Семен Данилиннің үйіне барып, оған қос медальді табыстады.


Биыл 103 жасқа толатын ардагердің өңірі «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланына 25 жыл» және «Армия генералы С. Қ. Нұрмағамбетов» медальдарымен толықты. Сондай-ақ оған Ұлттық ұлан әскери қолбасшылығы шығарған «Біз Жеңістің мұрагерлеріміз» атты кітап табысталды. Бұл кітапта Семен Акимовичтің де өмір жолы мен соғыстағы ерліктері баяндалған.

Полковник Семен Данилин өзін ұмытпай, қажетті жағдай туғызып, түрлі марапаттарға ұсынып келе жатқаны үшін Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығына, соның ішінде Оралға келген сайын уақыт тауып, өзіне кіріп амандасып шығатын Мұхаметқали Сатовқа шынайы ризашылығын жеткізді.

— Біздің алдымызда жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу міндеті тұр. Соғыс көрген аға буын өкілдерінің Отан қорғаудағы жанкешті ерліктері мен өнегелі істері жас ұрпаққа әрқашан үлгі болып қалады. Сол себепті біз жоспарлы түрде жауынгерлердің Семен Данилин секілді ардагерлермен кездесулерін жиі ұйымдастыруға тырысамыз. Жалпы, біз ардагерлерімізді ешқашан ұмытпаймыз. Әрбір мереке сайын үйлеріне арнайы барып, құттықтаймыз. Олар тұратын қалаларда орналасқан біздің әскери бөлім қызметкерлері бірнеше жылдан бері ардагерлерді өз қамқорлығына алды. Яғни әскери бөлімнің нақты бір қызметкері бекітіліп, ол айына екі-үш рет ардагердің үйіне барып, жағдайымен танысып, қажет көмектерді ұйымдастырып тұрады, — деді БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Мұхаметқали Сатов.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар