15.03.2017, 19:47
Қараулар: 37
Үш жылда 1117 мүйіз

Үш жылда 1117 мүйіз

1455526246_a0409ab5ed8a0b0688657a16415f98de_xl


Жуырда  облыстық  прокуратурада  киіктерді  қорғау  тақырыбына  қатысты  баспасөз  мәслихаты  өтті.


Жиында Орал табиғат қорғау прокурорының міндетін атқарушы Дәурен Тәжіғалиев, сондай-ақ өңіріміздегі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешев аталған бағытта атқарылып жатқан істерге тоқталып, журналистер қойған сауалдарға жауап берді.

Дәурен Тәжіғалиевтің айтуынша, соңғы үш жылда облыстағы киіктердің саны 30 мыңнан 70,2 мыңға дейін көбейген. Бұл көрсеткіш тұтас еліміздегі киік санының 70 пайызын құрайды. ҚР Үкіметінің 2012 жылдың 25 шілдесіндегі №969 қаулысымен Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2020 жылға дейін тыйым салынған. Алайда олардың заңсыз аулануына қатысты тіркелген фактілер саны жылдан-жылға еселеп артуда. Заңға қарсы әрекет жасап, жазаға тартылғандардың арасында тәртіп сақшылары да бар.

– Киік мүйізіне сұраныстың артуы айтарлықтай үрей туғызуда. Арнайы жүргізілген талдаудан уәкілетті және құқық қорғау органдарының киіктерді сақтау, оларды заңсыз жоюдың алдын алу бойынша қабылдаған шараларының нәтижесі төмен екендігі анықталды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, киіктерді заңсыз аулау бойынша қылмыстық құқықбұзушылықтардың тіркелуі 2014 жылмен салыстырғанда бес есеге  (2014 ж. – 4, 2016 ж. – 19 дерек), олардың ұшасын тәркілеу төрт есеге (35-тен 151-ге дейін), мүйіздерін тәркілеу жеті есеге (70-тен 530-ға дейін) артып отыр. Тек ағымдағы жылдың екі айында киіктердің 40 ұшасы, 176 мүйізі тәркіленгені анықталды. Соңғы үш жыл ішінде киіктердің 248 ұшасы,  1117 мүйізі тәркіленген, — дейді Дәурен Еркінұлы.

Табиғатты қорғау прокурорының міндетін атқарушы баяндағанындай, 2015 жылы Орал қаласының түбіндегі Желаев ауылынан ұсталған Алматы облысының тұрғыны А. Жантөреевтің автокөлігінен 149 дана киіктің мүйізі табылған. Жантөреев осы мәселе бойынша сот үкімімен сотталған.

2016 жылдың қазан айында «Охотозоопром» инспекторлары Бөкей ордасы аудандық ІІБ учаскелік инспекторы Д. Әшімовті ұстап, оның аутокөлігінен киіктің тоғыз ұшасын және 14 мүйізін тапқан. Оған қатысты қылмыстық іс сотта қаралуда.

Қазіргі уақытта облыстық прокуратураның бастамасымен «Киік қорғау» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында «Охотозоопром» ұйымына өтімділігі жоғары бес көлік құралы, сегіз қарда жүретін техника берілген. Заңсыз аң аулаудың алдын алу үшін спутниктерді және ұшқышсыз ұшатын аппараттарды қолдану, киіктердің маусымдық қоныс аудару картасын жасау мәселелері қарастырылуда. Аталған жобаның негізгі мақсаты киік популяциясының сақталуын қамтамасыз ету және браконьерліктің алдын алу болып отыр.

Қазіргі уақытта Жанақала, Ақжайық, Қазталов және Бөкей ордасы аудандарында 52 инспектор, 22 аутокөлік, үш КУНГ жүк техникасы, тоғыз қаршана, бір тікұшақ табиғатты қорғау ісіне жұмылдырылған.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар