15.03.2017, 19:46
Қараулар: 39
«Ауа ластағыштар» азаяр емес

«Ауа ластағыштар» азаяр емес

вред-курения


Айналасына будақ-будақ улы түтін тарататындар қатары сиремей-ақ қойды. Біз өндіріс орындары немесе аутокөліктер жайлы емес, кез келген жерде маңғазданып шылымын ширатып тұратындар туралы айтып отырмыз.


Осы бір зиянды әрекетке бала-шаға да, келін-кепшік те, жас пен кәрі де құмартатын болған. Ресми мәліметтерге жүгінсек, шылымқорлардың саны көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Соның ішіндегі 14-20 жас аралығындағы жастардың 20 пайызы, 20-30 жас аралығындағы жастардың 60 пайызы шылым шегетіні анықталған. «Көк түтінге неге сонша әуес болдың?» дегенге айтатын уәждері әр түрлі. Біреулері қасіретке ұрынғанын желеу етсе, кейбірі «тамағы тоқ, жұмысы жоқ» кездегі ермегі екенін жасырмаған. Артық салмақтан арылу үшін де темекінің көмегіне жүгінгендері де жеткілікті. Олардың қатарында болашақ ана – бойжеткендер де бар…

Бала күнімде Тамара есімді әжеймен көрші тұрдық. Жарықтықтың бұрқыратып махорка шегетіні ғана есімде қалыпты. Күйеуі соғыста қаза тапқан, өзі тылда ауыр еңбек еткен, «Тағдырдың мехнатын көп тартқан» деп әжем оған аяушылықпен қарайтын. Улы түтінді құмарлана жұтатын қазақтың қарғадай ұл-қыздарын көргенде, шылымға шырмалардай бастарына не күн туды екен деген ойға қаламыз…

Әйелдерге  темекі тартқызған

Иә, алғашында шылым да шалбар мен көлік секілді ерлерге тиесілі дүние болатын. Оған әйелдердің ортақтасуына жекелеген жандардың мүддесі мен тобырлық сана ықпал етсе керек. Университетте «Қоғаммен байланыс» пәнінен дәріс оқыған Оңайгүл Тұржан ұстазымыз дәрістерінде Эдвард Бернейстің жарнамасы туралы жиі айтатын. 1929 жылы қисынсыз PR (қоғаммен байланыс) акциялары арқылы танымал болған еврей ұлтының тумасы Эдвард Бернейске темекі бизнесінің өкілдері өз істерін дамыту туралы ұсыныс білдірген. Қомақты ақшаға қызыққан Э. Бернейс әйелдерге шылым шегуді үйретемін деп шешіпті. Бернейс болжағандай, жер шары тұрғындарының басым бөлігін құрайтын қыз-келіншектер темекі бизнесін шарықтатып жіберіпті.

1929 жылы Пасха мерекесі кезінде Нью-Йорк қаласының орталық көшесінде шылым шеккен әйелдер шеруі өтті. Шеруде ылғи сұлу қыз-келіншектер сәнді киініп, жұртшылықтың назарын аудара шаттана күліп, бұрқыратып темекі тартып өтті. Бұрын-соңды шылым шеккен әйел көрмеген көпшілік аңтарылып қалады. Кейіннен ғажайып бір оқиғаның куәсі болғандарына мәз болысқан екен. Сол сәттен бастап-ақ жұртшылық ішінде темекі шегіп бара жатқан әлгі қыз-келіншектердің әдемілігі, оларға темекінің жарасып тұрғаны туралы әңгіме өршіп кеткен. Пайданың астында қалдырған PR-акция оның шебер пиаршы ретіндегі атақ-даңқын аспандатыпты. Өйткені дәл осы оқиғадан соң темекі бизнесі Америкада шапшаң өскен. Содан бері қыз-келіншектердің темекі шегуі сәнге айналып, шылым көптеген әйелдің ажырамас серігі болып кеткен. Неміс ойшылы А. Шопенгауэр: «Билік иесінің қателігінен халық зардап шегеді, ал ұлы ойшылдардың қателігі тұтас ұрпақтарды, тіпті ғасырларды шарпып, адамзатты небір ақымақтықтар жасауға алып барады» деген тұжырым айтады. Байлыққа қызыққан Бернейстің шеберлік акциясы өкпе рагы ауруына жол ашып, ұрпақ өрбітер болашақ аналардың өмірін ойрандады.

Үрейлі суреттен үріккендер бар ма?

Осыдан алты жыл бұрын біздің Үкімет те әлемдік қозғалысқа үн қосып, темекі қорабының сыртына ең қорқынышты 12 графикалық суретті бейнелеу туралы қаулы шығарған болатын. Ал өткен жылдың мамыр айында темекінің зиянын бейнелейтін жаңа суреттерді бекітті.

Күрестің бұл түрі 17 миллион халқының 4,2 миллионы темекі шегетін Қазақстан үшін қаншалықты әсерлі болды екен?! Үрейлі суреттерден үріккендер, темекіден өздігінен бас тартқандар бар ма?! Әлде нарықтың ең өтімді тауарларының біріне айналған өнімнің саудасы әлі де қызып тұр ма?! Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығынан алған деректерге сүйеніп, осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік. Қазақстандықтардың арасында темекінің зиянын насихаттау 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберіне кіретін шаруалардың бірі екен. Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының ұлттық орталығы жыл сайын еліміздің әр түкпірінде темекімен күреске арналған айлық, онкүндік шаралар өткізіп, БАҚ арқылы барынша насихаттағанымен, бұл әрекеттер темекіге тосқауыл болуға дәрменсіз.

– Темекінің зиянын адамзат әлі күнге нақты ұғынып отырған жоқ. Шылымқорлықтың ғасырлық дертке айналғанын түсіндіру мақсатында біз қолдан келген амал-тәсілдерді қолданып-ақ жатырмыз. Жаһанды алаңдатқан жаман әдеттің салдарынан әлемде жылына алты миллион адам көз жұмады деген дерек бар, — дейді облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыру әдістемелік меңгерушісі Альфия Нұрланбаева.

Темекі түтіні – адам ағзасы үшін зиянды заттардың жиынтығы. Олардың ең бастылары никотин, синиль қышқылы, көмір қышқылы, сірке қышқылы, азот, эфир майы және өкпе рагіне душар ететін әр түрлі радиобелсенді элементтер болып табылады. Солардың ішіндегі ең улысы – никотин. Адам ағзасын ауруға шалдықтыру үшін бар болғаны бір-ақ тамшы (ол 10-12 тал сигаретте болады екен) никотин уы жеткілікті көрінеді.

Темекі тартатын адамда никотиннің ықпалынан асқазан қышқылдығы төмендейді. Қан қысымы артады. Орталық жүйке жүйесі мен жүректің қызметі бұзылады. Елу жасқа дейін темекі тартатын әйелдерде миокард инфаркті темекі тартпайтындарға қарағанда 20 есеге көбірек кездеседі екен. Бронхитпен аурушылардың 75 пайызы темекі тартатындар екен.

Темекі ішкі ағза мүшелер қызметін бұзып, ауруға душар етуімен қатар, адамның сыртқы ажарын да қашырады. Түтіннің құрамындағы улы заттар қан тамырларды зақымдап, бет терісі ауруларына душар етеді. Жыл сайын жер бетінде темекінің улы әсерінен әрбір 13 секунд сайын бір адам өмірімен қош айтысады екен.

Тым ерте шылымға шырмалған жастар ұмытшақ келеді. Оқу үлгерімі нашарлайды, тіпті ақыл-ойы кемиді. Темекіні студенттер жиі шегеді. Әсіресе, оған қыз балалардың әуестігі – алаңдатарлық мәселе.

Темекі шегу болашақ аналарға өте зиян. Олардың шеккен әрбір тал темекісі бойындағы нәрестенің денесіне сіңетін улы заттардың мөлшерін 10 пайызға көбейтіп, шаранаға қажетті оттегінің мөлшерін 10 пайызға кемітеді екен.

Темекі бағасы екі есе қымбаттаса да, түтінқұмарлар саны азаймай тұр. Ақша таппағандар «Шылымың бар ма?» деп өткенкеткенге телміруде. Аялдама маңындағы темекі тұқылдарын жинап алып шеккен өлерменді де жиі көріп жүрміз. Әттең-ай, темекіні серік етіп, тістері сарғайғанын, көкірегі шіріп, өкпесінің ірігенін қаперіне алса ғой… Олар дүниеге тәні таза, жаны сау ұрпақ әкеле алмайтынын білсе ғой… Шылым шегерде денсаулығымен қоса, еңбекпен тапқан ақшасын да желге ұшыратынын, әлде-бір пайдакүнем кәсіпкердің байлығын еселеп жатқанын ескермей ме екен?!

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар