15.03.2017, 19:26
Қараулар: 38
Көтерілісті көзімен көрген

Көтерілісті көзімен көрген

DSC_0596


КСРО Үкіметінің отаршылдық әміршіл-әкімшіл саясатты жүргізуде аса шектен шығуының соңы Желтоқсан көтерілісіне алып келді. 1986 жылдың желтоқсанында Алматы қаласындағы Брежнев алаңына (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап етіп шыққан қазақ жастарының қатарында сол кездегі студент Алмагүл Қаженова да бар еді.


Қазіргі Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастары және әлем тілдері университеті ол кезде Алматы шет тілдер институты болып аталатын. Желтоқсан оқиғасы болған жылы Алмагүл Қаженова осы оқу орнының ІІ курс студенті еді.

— Жатақханада жүргенмін, кеш мезгіл. Сырттан келген құрбыларымыз қаланың орталық алаңында қазақ жастары шеру ұйымдастырып жатыр дегенді айтты. Қас қарайып қалғанына қарамастан, жатақханадағы студенттер топталып алып, алаңға қарай шықтық. Шықсақ, қаланың басты көшелеріндегі көлік қозғалысы тоқтатылыпты. Жастық қой, институттың жатақханасынан Брежнев алаңына дейінгі жеті бірдей аялдаманы жаяу жүріп бардық.

Барсақ, айлапат алаң жастардан сіресіп тұр. Жастарды жағалай қарулы топтар қоршауға алған. Алаңның маңындағы биік үйлердің төбесіне жарықшамдар орнатылыпты. Олардың жарығы жастардың төбесінен әрлі-берлі өткен сайын кәдімгідей денем тітіркенді.

Жатақханадан барған жаңағы студенттер бар, бәріміз алаңның шетінде ғана тұрдық, әрі қарай жақындай алмадық. Кейін қарулы топ жастарды таратуда дөрекі амалдар қолдануға кірісті. Милиция өкілдері қолдарына ілік-кен жастардың бәрін көліктерге тией бастады. Осыны көріп, біздер жатақханаға қайтып кеттік.

Милиция тұтқындаған қатар-құрбыластарымыз жатақханаға 3-4 күннен кейін ғана келді. Барлығы да әбден әлсіреген, соққы жеген. Қыздардың өз аузынан естіген әңгімеміз сол, оларды тастай қараңғы бөлмеде үш күн бойына ұстап, ұрып-соққан. Қазақтың қаршадай қыздары ұлттың жоғын жоқтаймыз деп жүріп, осындай азапты көрді, – дейді біздің өтінішімізге орай өзінің естелігімен бөліскен кейіпкеріміз.

Алмагүл Қаженова бүгінде аудан орталығындағы Ж. Досмұхамедов атындағы жалпы білім беретін мектеп-балабақша кешенінде шет тілінен сабақ береді. Ұстаздық саласындағы еңбек өтілі 20 жылдың үстіне шықты. Ол жұбайы Дәулет Қаженовпен бірге үш перзент тәрбиелеп отыр.

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар