1.03.2017, 20:37
Қараулар: 144
«Тауарлы мал ұстаудың болашағы жоқ»

«Тауарлы мал ұстаудың болашағы жоқ»

DSC_0142


Жәнібектік атқамінерлер малдың санына емес, сапасына мән беріп, сөйтіп, пайдаға кенелудің жолдарын түсіндіруді мықтап қолға ала бастады. Аудан әкімі Наурызбай Қарағойшиннің өзі бастап шаруашылықтарға аяқтай барып, асыл тұқымды мал ұстаудың тиімділігін айтып қана қоймай, қолына қаламын алып, қағазға сызып  түсіндіріп жүр. Оған біз аталмыш ауданның Борсы ауылына іссапарға барған кезде куә болдық.


Осы ауылдағы «Марал» шаруа қожалығында 300-ге жуық ірі қара  бар. Шаруашылық 2010 жылдан бері табынға асыл тұқымды бұқа қосып, малды асылдандыру бағытында жұмыс жүргізіп келеді.

— Бүгінгі таңда мұндай жұмысты тиімді деп айта алмаймын. Тауарлы мал ұстаудың болашағы жоқ. Ал асыл тұқымды мал ұстаған жан ұтады. Мәселен, шаруашылықта 180 аналық бар екен. Әр аналыққа мемлекет тарапы-нан 2016 жылы 18 мың теңге демеуқаржы төленді. Егер есептеп қарасақ, сіздер былтыр 3,2 млн. теңгеден аса демеуқаржы алдыңыздар. Енді асыл тұқымды малға келсек, оған төленетін қаржы көбірек. Мысалы үшін, сізде 180 бас қазақтың ақбас сиыры болса, 3,6 млн. теңге қалтаңызға түсер еді. Айырмашылық – 400 мың теңге. Биыл асыл малға төленетін демеуқаржы екі еседен астам өсті, яғни 1 бас тұқымға берілетін қаржы 30 мың теңгені құрайды. 180 басқа 5,4 млн. теңге аласыз. Ал тауарлы малға төленетін ақша сол күйінде қалды. Екеуінің айырмашылығы жер мен көктей емес пе?! Елбасының, Үкімет, облыс жетекшілерінің және біздің асыл тұқымды мал алыңыздар деп жиі айтуымыздың себебі осы ғой! — деді Наурызбай Қадырбайұлы аталмыш шаруа қожалығының басшысы Марал Әбіловке. Шаруашылық былтыр 180 бас аналықтан 130 бас бұзау алыпты. Соның жартысы – еркек төл. Күзде оларды Ақтау, Атырауға апарып, әр басын 200 мың теңгеге сатқан. «Сөздің шыны керек, екінің бірі мұндай ақшаға малын өткізе алмайды. Жұрттың бәрінің бірдей малын көрші облыстарға апаруға мүмкіндігі жоқ, — дейді аудан әкімі. — Енді асыл тұқымды малға келейік. Біздің көпшілік қожалықтарымыз жыл сайын асыл тұқымды аталық малды іздеп жүріп сатып алады. Мысалы, қазір 2015 жылы туған еркек малды табу қиын. Тапқанның өзінде де оның әр басы жоқ дегенде 350 мың теңге тұрады. Былтырғы бұқашықтардың 300 мың теңгеден төмені жоқ. Ал тауарлы бағыттағы екі жылдық малдың бағасы 200 мың теңгеге жетер-жетпес деңгейде. Егер қожалықтар асыл тұқымды малды өздері асыраса, ешқайда шықпас еді. Әріптестері аяқтай келіп, осындай сомаға алар еді. Қаншама қаржы, уақыт үнемделеді. Биыл асыл тұқымды аталықтардың да құны тағы өседі. Жоғарыда айтып өткенімдей, асыл тұқымды мал ұстаған шаруалар аналығынан бір пайда тапса, еркегінен де осылайша бюджеттеріне айтарлықтай кіріс кіргізеді».

DSC_0109Аудан басшысы Марал Әбіловке меншігіндегі 300 бас тауарлы малдың орнына 150 бас асыл тұқымды мал ұстауға кеңес берді. Бұл, біріншіден, мал азығын дайындауға және өзге де қажеттіліктерге кететін шығындарды азайтуға, жұмыс күшін, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал, екіншіден, ол 300 бас тауарлы малмен салыстырғанда анағұрлым көп пайда әкеледі.

— Бүгінгі таңда батысқазақстандықтар асыл тұқымды мал шаруашылығының тиімділігін көріп, бұл іске дендеп бет бұруда. Соған байланысты облысымызда асыл тұқымды мал, соның ішінде аталықтардың жетіспеушілігі байқалуда. Жыл өткен сайын ауылдық кооперативтер саны да артып келеді. Оларға да тұқымы асыл бұқа қажет. Мысалы үшін, өткен жылы ауданымыздың өзіне 350 бас асыл тұқымды бұқа керек болды. Жәнібектіктердің биылғы сұранысы – 400 бас. Ал бізде тек «Әлем» қожалығы ғана асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысады. Алайда оның өзі аудан сұранысын жартылай деңгейде де қамтамасыз ете алмай отыр. Яғни «Әлемнен» әрі кеткенде 150 бастай бұқа алынса, қалғаны өңіріміздің өзге аудандарынан жеткізіледі. Сөйтіп, біздің жігіттер аудан-ауылдарды аралап, аяқтарынан сарсылып жүреді. Шаруашылықтарға барған сайын осы жайттарды тілге тиек етіп, тіпті 20-30 бас асыл түлікті бастап ала беріңіздер деп айтып жүрміз. Егер бір бас асыл тұқымды малды 300 мың теңгеге алса, үкімет 154 мың теңгесін қайырып береді. Кейбір ауылдастар бұл жұмыстың қағазы, шабысы көп деп сылтау айтып жатады. Рас, қағаздар бар, жүру керек болады. Еңбексіз ешнәрсе болмайды ғой. Қазір бұрынғыдай атқа мініп алып, күні-түні далада малдың соңында жүретін заман емес. Бүгінгі заманда компьютерде отырып, есеп-қисапты шығарып, мемлекет тарапынан алынып жатқан іс-шаралардан, жаңалықтардан хабардар болып, оларға ілесіп отыру керек. Қазір асыл тұқымды мал шаруашылықтарының иелері осы істерді өздері істей алмаса, кісі жалдап отыр. Енді біреулері «Біраз жылдан бері табынға асыл тұқымды бұқа қосып отырмыз, бұқаларды екі-үш жыл сайын ауыстырамыз, қазір малымыз асылданған шығар» дейді. Дәл осындай жағдайды жаңа «Марал» қожалығынан да байқадық. Олар жеті жылдан бері қазақтың ақбас тұқымды аталығын пайдаланып келеді. Малының асыл тұқымды түліктен айырмашылығы жоқ деуге болады. Иә, он жылға жуық уақыт ішінде тұқым түрленетіні анық. Бірақ ол төлдің асыл тұқымды екенін дәлелдейтін ешқандай құжат жоқ қой. Ол үшін кезінде ғалымдар бұл бағытта тиісті зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қажет құжаттарды толтырып отыру керек еді. Ғалымдармен келісімге отырып, тағы да он шақты жыл күткеннен гөрі, дайын, тиісті құжаттары бар малды сатып алған артық емес пе? Жалпы, бұқаны ауыстыра бергеннен көп ештеңе өзгермейді. Аналықты ауыстырып, асыл мал алу керек.

Мұны аяғынан нық тұрған шаруашылық иелеріне барып түсіндірудеміз. Бір шаруашылықтың біржола табысты жолға түскенін, оның ісінің нәтижесін көрген соң өзге де қожалықтар соңынан еруі тиіс. Сөйтіп, асыл тұқымды мал шаруашылықтары көбейіп, ауданымыздың экономикасының дамуына сүбелі үлесін қосар еді, — деді Наурызбай Қарағойшин. Осындай жанашыр әрі бұл саланың жілігін шағатын аудан әкімінің сөзі әсер етті ме, бір ай уақыт өтер-өтпестен «Марал» шаруашылығы асыл тұқымды 30 бас қашар мен бес бас алды. Тек бұл қожалық емес, аудандағы тағы да үш қожалықтың малы қазақтың ақ бас сиырларымен және олардың аталықтарымен толықты. Ал екі шаруашылық көшім жылқысына қол жеткізген. Соның нәтижесінде қазір Жәнібек ауданында жеті асыл тұқымды мал өсіруші шаруашылық тіркеліп, оларда асыл текті 1534 бас ірі қара, 747 бас жылқы өсірілуде.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

Жәнібек ауданы