1.03.2017, 20:29
Қараулар: 80
Жеке балабақшалар мәселесі қаралды

Жеке балабақшалар мәселесі қаралды

451c3e7c5ad870eec2208d6063bf37b5


Жақында  облыстық  кәсіпкерлер  палатасында  кәсіпкерлердің құқын  қорғау  бойынша  кеңес  отырысы  өтті.


Бұған кеңес төрағасы Хайдар Қапанов,  облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Қайдаров, қалалық білім беру басшысы Жансұлу Төремұратова, «Жаңа толқын» ЖШС директоры Борис Лаврентьев және басқа да мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен жеке кәсіпкерлер қатысты.

Жиынды жүргізген кеңес төрағасы Хайдар Қапанов кеңес отырысының биылдыққа бірінші рет өткізіліп отырғанын айтып, жиналғандарды кеңестің жаңа құрамымен таныстырды. Бұдан соң ол кеңестің әкімшілік кедергілерді жою бағытында өткен жылы атқарған жұмыстары жөнінде баяндап, жеке балабақшаларды дамыту бағытындағы өз ойын ортаға салды.

– Жеке балабақшалардың мәртебесі мемлекеттік балабақшалардың мәртебесінен еш кем болмауы керек. Өйткені  жеке балабақшалардағы тәрбие жұмысы да мемлекеттік стандартқа сәйкес жүргізіледі. Тіпті кей жағдайда жеке балабақшаларда қосымша ән, би,  суға жүзу немесе басқа да спорт түрлерінен қосымша секциялар болуы мүмкін. Мұндай жағдайда олар, әрине, мемлекеттік балабақшалардан қымбатырақ болады. Бұл ретте балабақшаның төлемақысын балабақша әкімшілігі мен ата-ана өзара келісе отырып, шешулері керек. Содан кейін кейбір емханалар жеке балабақша басшыларымен медициналық қызмет көрсету бойынша келісімге қол қоймай жүр. Бұл дұрыс емес, қазіргі таңда бұл ең бір күрделі мәселеге айналып отыр, – деген Хайдар Қапанов  жеке балабақшалардың көбісінде  маман тәрбиешілердің жетіспейтінін айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда балабақша тәрбиешісінің айлық жалақысы өте аз. Сондықтан мұндай мардымсыз еңбекақыға келісіп, жұмыс істегісі келетін адамды табу қиын.

Қалалық білім беру басшысы Жансұлу Төремұратова жеке балабақшалардың дамуы бағытындағы түйткілді мәселелерге тоқталды.

– Мемлекеттік пен жеке балабақшалардағы төлемақының екі түрлі екені белгілі. Мысалы, мемлекеттік балабақшада әр балаға ай сайын 10 000-12 000 теңгеден төлесе, жеке балабақшаларда 23 000-25 000 теңгеден келеді. Мемлекеттік мекемелерде баланың  балабақшаға келмеген күндері ай сайынғы төлемақыдан шегеріледі.

Ал жеке балабақшада бала келсе де, келмесе де бір айға 23 00025 000 теңгесі толық төленеді.  Ата-аналар осыған наразы. Жалпы, бізде жеке балабақшаға деген теріс көзқарас қалыптасқан. Кейбір ата-аналар жеке балабақшаға балаларын апаруға келіскендерімен, әдетте, «Бізді кезектен шығармаңыздар, кезегіміз келсе, мемлекеттік балабақшаға барамыз» деп өтініштерін айтады. Осы себепті электронды кезекте жеке балабақшаға барып жүрген бүлдіршіндер әлі күнге дейін тұр. Бұған күнделікті дүниеге келіп жатқан жас нәрестелерді қосыңыз. Сонда балабақша кезегінде тұрғандар көп болып көрінеді. Қазіргі таңда балабақша кезегінде 15 000-дай сәби бар. Мұны айтып тұрған себебім, сайт арқылы бала кезегін қарап жүргендер осыны ескерсе деймін, әйтпесе, жұрт кезек неге жылжымайды деп ренжіп жүрер. Іс жүзінде біздің облыс бүлдіршіндерді балабақшамен қамту бойынша  (99,7 пайыз) республикада екінші орында тұр, – деген Жансұлу Меңешқызы жеке балабақша қызметкерлеріне әдістемелік көмек көрсетілетінін және оларға көмек ретінде арнайы  семинарлардың  жиі  ұйымдастырылатынын  айтты.

«Жаңа толқын» ЖШС директоры Борис Лаврентьев жеке балабақшаларға қатысты түйткілді мәселелер  жөнінде  баяндады.

– Мен мемлекеттік-жеке серіктестік тәсілінің аясында жеке кәсібімді бастап, облыс көлемінде мектепке дейінгі ұйым жүйесін аштым. Мемлекеттік тапсырыс нәтижесінде балаларды мектепке дейін тәрбиелеу және оқыту мекемелерінде біз төлемақы бағасын азайтуға қол жеткіздік. Қазіргі таңда қалада жеке 22  мектепке дейінгі  ұйым бар, мұнда 1600 бала тәрбиеленуде. Бұдан бірнеше жыл бұрын облыста мектепке дейінгі небәрі үш мекеме жұмыс істеген, бұларда 400 бала тәрбиеленген еді. Қазіргі таңда тағы бес мектепке дейінгі ұйым ашу көзделуде. Жеке балабақшалар  мемлекеттік балабақшалармен теңбе-тең жағдайда қызмет етуі керек. Бірақ  қазіргі уақытта жеке балабақшаларда медициналық қызметті ұйымдастыру бізге қиын болып отыр. Қаладағы кейбір емханалар жеке балабақшаларда медициналық қызмет көрсетуден қашқақтайды. №1, №5 және №6  емханалар сондайлардың қатарында. Ал  №2, №3 және №4 емханалар жеке балабақшалармен  келісімшарт  жасады, – деген Борис Лаврентьев қайсыбір емханалардың  барлық балабақшалармен бірдей бірігіп жұмыстануға ықылас танытпай отырғанын айтты.  Ол сондай-ақ Зеленов ауданының Трекин ауылында тағы бір жеке балабақша құрылысының жоспарланғанын және бұған тиісті қаражат бөлінбей отырғанын жеткізді.

Жиын барысында аталмыш мәселеге қатысты тағы басқа да мамандар сөйлеп, жоғарыда айтылған түйткілді мәселелердің түйінін  тарқатуға  тырысты.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар