1.03.2017, 20:28
Қараулар: 51
Ауыл кәсіпкерлеріне – 600 млн. теңге

Ауыл кәсіпкерлеріне – 600 млн. теңге

DSC_0081


Сейсенбіде  Қазақстанның  орталық  коммуникациялық  қызметі БҚО  филиалында  кезекті  баспасөз  мәслихаты  өтті.


Бұл  жолы  өңіріміздің  коммуникациялық  қызмет  алаңына облыстық  кәсіпкерлер  палатасының  директоры  Нұрлан Қайыршин  келіп,  палатаның  өткен  жылғы жұмыстары  жөнінде баяндады.

Палата  кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту, кәсіпкерлерге қаржылық емес қолдау көрсету, өңірлік даму картасы, адами капиталды дамыту бағыты бойынша жұмыстануда. Палатаға жер теліміне, мемлекеттік сатып алу ісіне, рұқсат алу мәселесі, салық, бәсекелестік және тариф бағасы бойынша шағымхаттар көптеп түседі.

2016 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында 133 жазба өтініш келіп түсті, олардың 71-і бойынша оңды шешімдер қабылданды (56%-ды құрайды). Кәсіпкерлердің мүліктік құқықтары 564 941 565 мың теңгеге қорғалды. Өткен жылы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің 10 отырысы өткізіліп, мұнда отыздан астам мәселе қаралды. Осы қаралған мәселелердің 26-сы оңды шешілді.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының ауқымды жұмысының нәтижесінде 21 әкімшілік кедергі анықталса, соның 15-і жергілікті, алтауы республикалық деңгейде болып отыр. Республикалық әкімшілік кедергілердің төртеуі және жергілікті деңгейдегі 13 әкімшілік кедергі жойылды. Мемлекеттік органдармен тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізу жөніндегі үш ұсыныс қабылданды, тағы үшеуі талқылануда. Тиісті реестрге енгізу жөнінде ҚР «Атамекен» ҰҚК-ға 17 мәселе жолданып, соның төртеуі енгізілді.  Сондай-ақ қаржылық емес қолдау бойынша сегіз бағытта қызмет көрсетілуде. Мысалы, былтыр 1620 орта және шағын кәсіп субъектілеріне 1930 қызмет (жоспар 157,2 пайыз) көрсетілді.

Батыс Қазақстан облысының аудан орталықтарында жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерді қолдау орталығының жалпы саны – 12.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының көмегінің арқасында өткен жылы 304 кәсіп субъектілері өздерінің жобаларын іске асыру үшін барлығы 1 664 743 500 теңге қаржы алды, сонымен бірге жаңадан 228 кәсіпкерлік субъектісі жұмысын бастады. 159 рұқсат құжаттары алынып, 1075 құжат толтырылды (бұлар келісімшарттар, келісімдер, декларациялар, бизнес жоспарлар  және  тағы  басқалары).

Тағы бір айта кететін жәйт, өткен жылы кәсіпкерлікті дамыту картасына ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, сауда және қызмет көрсету бойынша барлығы 20 млрд. 486 млн. 200 мың теңгеге сегіз жоба енгізілді, қазіргі таңда осы жобаларға инвесторлар іздестірілуде. Палата аталмыш сегіз инвестициялық жобаға бизнес жоспарлар дайындап, соның төртеуінің таныстырылымын ұйымдастырды. Сондай-ақ облыстық білім басқармасымен бірге 2016-2017 жылдарға арналған кәсіптік бағдардағы жұмыстар Жол картасын жүзеге асыру жоспары әзірленді  және  келісілді.

Бүгінде облыстағы 102 мектептің 56-сында кәсіби бағдарлы кабинеттер ашылған, бұл 54%-ды құрайды. Ауылдық мектептерде олардың саны – 46. Аймақтағы 38 колледждің 34-інде (89%) кәсіби бағдарлы кабинеттер ашылып, жұмыс істеуде.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы оқытудың дуалдық жүйесі бойынша 3-4 жақты келісімшарттар (кәсіпорын – колледж – БҚО КП – білім басқармасы) жасау жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі таңда 23 колледж және дуалды оқыту жүйесі бар 78 кәсіпорынмен барлығы 91 үшжақты келісімшарт жасалған. Бұл жүйеге қамтылған студенттер саны – 1 463, – деген Нұрлан Серікұлы ағымдағы жылдың жұмыс  жоспарымен  таныстырды.

Оның сөзінше, Атамекен ҚР ҰКП басшылығымен Елбасының жаңа Жолдауындағы тапсырмалар негізінде ағымдағы жылы бизнесті қайта реттеу бойынша жүйелі шаралар өткізілмек. Жекешелендіру және мемлекеттік-жеке меншік әріптестікке қатысты барлық процедураларды оңтайландыру және агроөнеркәсіптік кешен-субсидиялар беруді автоматтандыру, несиелендіру тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар күшейтілмек. Биыл нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Бастау Business» жобасы қолға алмақ. Бұл жобаға Зеленов, Ақжайық, Теректі, Қазталов және Жаңақала аудандары  қатыспақ. Оқыту аяқталғаннан кейін ең табысты бизнес-жоба авторлары жеңілдікпен берілетін несие беру бағдарламасының қатысушылары қатарына қосылады.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ  және облыс әкімдігімен бірігіп, аудандарда микрокредиттік жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл жоба бойынша ауылдық  жерлердегі кәсіпкерлерді  қолдау мақсатында жергілікті әкімдік пен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ әрқайсысы 300 миллион теңгеден қаражат шығармақ. Жиналған 600 миллион теңге өз кәсібін жаңадан бастаған ауыл кәсіпкерлеріне 7 пайызбен несиеге берілмек. Кәсіпкерлерге берілетін несие көлемі 17 миллион теңгеден аспауы керек. Бұл ретте кәсіпкерлер ауылдағы саман үйлерін, техникаларын және басқа да құнды заттарын кепілдікке қоюы тиіс.

Жиын барысында журналистер тарапынан сұрақтар қойылып, бұған тиісті жауаптар қайтарылды.

Асылай  ТЕМІРБОЛАТ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар