1.03.2017, 20:14
Қараулар: 106
«Әлеу, «Берекенің» сапалы өнімдері қайда?..»

«Әлеу, «Берекенің» сапалы өнімдері қайда?..»

PRI_4639


Жуырда  «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің редакциясында  облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті, сондай-ақ қалалық тұтынушылар  құқығын  қорғау басқармасы өкілдерінің қатысуымен «Тікелей желі» ұйымдастырылған болатын. Айта кетелік, аталмыш департамент биылдан бастап Үкіметтің қаулысына сәйкес қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті болып аталмақ.


Тұрғындардың сауалдарына облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Сергей Щербина, қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы басшысының орынбасары Роза Хасенова, тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бөлім басшылары Құрманай Жұмағалиева мен Валентина Кенжеғалиева, өзге де сала мамандары телефон арқылы тікелей жауап берді.

«Тікелей желі» барысында телефон арқылы 20-дан астам сұрақ келіп түссе, WһatsApp және басқа әлеуметтік желілер арқылы оннан аса сауал жолданды. Тұрғындардан түскен сауалдардың біразы қоғамдық тамақтану орындарындағы, базарлардағы, өндіріс орындарындағы, жеке балабақшалардағы антисанитарлық жағдайлар, заңсыз саудамен айналысу турасында болды. Сондай-ақ ауру өршіген кезеңдерде емханалардағы ұзын-сонар кезектің қауіпсіздігі, ауылдық медицина мекемелеріндегі медициналық құрылғылардың тазалығы, мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарда балаларға екпе жасау қаншалықты заңға сәйкес келеді, дүкен сөрелеріндегі мерзімі өткен  тағамдар, ашық базарларда сатылатын балық және сүт өнімдерінің сапасы, көшелерде иесіз жүрген бұралқы иттердің көзін құрту туралы да бірнеше сұрақтар келіп түсті. Бұдан бөлек, халық арасында үлкен шу тудырған «Бургер-стрит+» дәмханасы мен «Береке» АҚ сапасыз өнімдері жөнінде де үлкен мәселелер талқыланды. Сала мамандары барлық сауалға заң аясында жауап беріп, осында аталған кейбір келеңсіздіктерді алдағы уақытта қадағалауға алатындарын жеткізді. Олардың айтуынша, өткен жылы департаменттің сайты арқылы, «қауырт желілер»  арқылы 150-ден астам жазбаша, 440-тан астам ауызша арыз түскен. Олардың басым көпшілігі тағамдық және тағамдық емес өнімдерге қатысты  көтермесауда айналасындағы заңбұзушылықтар. Тұтынушылар тағамдар сапасының төмендігіне, қоғамдық тамақтану орындарындағы олқылықтарға, ТҮКШ қызметіне, білім және қаржы саласына байланысты шағым түсірген.

Валентина БОНДАРЕНКО,

Орал қаласы:

— Бұрын өндіріс орындарында еңбек шартына байланысты медицининалық анықтаманы талап ету міндетті болатын. Өйткені әр кәсіптің кәсіби аурулары болатыны белгілі, жұмысшылардың гигиеналық тазалықтарын сақтау қай уақытта да талап етілуі керек. Қазір бұл жұмыс қалай қолға алынып жатыр?

Гүлсара САНКАЕВА,

ТҚҚБ өндірістік және коммуналдық нысандарды санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы:

— Егер сіз сол өндіріс орнында бірнеше жыл жұмыс жасасаңыз, медициналық комиссияның қорытындысы жыл сайын жұмыс орнында тексерілуі тиіс. Сіздің жұмыс жасайтын объектіңіз қауіптің үлкен ошағы болса, біз өз тарапымыздан медициналық тексерісті жүргізуге тікелей құқығымыз бар.

Алдымен жұмысшыдан қандай да бір аурудың белгісі байқалса, ол адамның қашаннан бері сырқаттанып жүргені және осы жұмыста қашаннан бері қызмет ететіндігі тексеріледі. Егер қызметкер жұмыс кезінде ауырып, амбулаториялық картасында аталмыш жағдайлардың бәрі көрсетілсе, онда емдеу-сауықтыру мекемесі қызметкердің жұмыс жасайтын жері бойынша науқасқа қатысты санитарлық-гигиеналық сараптаманы департаментке жіберуі тиіс. Осы арыз негізінде департамент өндіріс орнында тексеру жүргізуге құқылы. Егер аурудың себебі еңбек ету кезіндегі зиянды факторларға тікелей байланысты болса, онда науқастың диагнозын растау үшін сараптама кәсіби ауруларды зерттейтін арнайы институтқа жіберіледі. Содан кейін барып аурудың кәсіби не кәсіби еместігі анықталады. Мұның барлығы науқастың арыз-шағымы негізінде жүзеге асырылады. Біздің мамандардың кез келген уақытта еш негізсіз тексеріс жұмыстарын жүргізуге құқығы жоқ.

Елена ТАГАЕВА,

Теректі ауданы:

– Департамент қызметкерлері мектеп бөлмелерінің жарықтандырылуын, сондай-ақ оқушы парталарының дұрыс орналасуын  тексеруге құқығы бар ма? Екіншіден, мектеп медбикесінің мектеп ішінде балаларға екпе жасауы қаншалықты заңды?

Құрманай  ЖҰМАҒАЛИЕВА,

тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы:

— Білім беру ұйымдары әрдайым қауіптің үлкен ошағы саналады. Сондықтан оның ауылдық  жерде немесе қалада орналасуына, жеке әлде мемлекеттік екендігіне қарамастан жылына екі рет тексеруден өткізіледі. Тексеру  жұмыстары кезінде тек жарықтандыру ғана емес, микроклиматтық жағдайы, компьютер сыныптарындағы электрмагниттік желілердің санитарлық ережелерге сай келуі және басқа да мәселелер толықтай қамтылады. Ал мектеп медбикесінің негізгі міндеттерінің біріне оқушыларға емдік екпелерді жүргізу жатады. Алайда егу процедуралары арнайы жабдықталған медициналық кабинетте жүзеге асырылуы тиіс. Егер арнайы кабинет жоқ болса, ауылдық амбулаторияға барып жасалуы керек. Мектеп медбикесі денсаулық сақтау ұйымының қызметкері ретінде жыл сайын бір реттік тексеруден өтеді. Алайда жыл сайынғы өтетін міндетті медициналық тексеріске қатысты  нормативтік-құқықтық актілерге біраз өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, бұрын  білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне терапевт, гинеколог, венеролог кабинеттерінен өту міндетті болса, жаңа өзгеріске байланысты мектеп педагогтары тек флюорографиядан өтіп, терапевтің қорытындысын алса жеткілікті.

Дина МӘМБЕТАЛИЕВА,

Зеленов ауданы, Переметный ауылы:

— Кей адамдар көшелерді немесе аулаларды аралап жүріп, заңсыз сүт, балық, ет өнімдерін сататынын көріп жүрміз. Бұл жағдайларда тұтынушылардың құқығы қалай қорғалады? Мұндай саудаға неге рұқсат беріледі?

Сергей ЩЕРБИНА,

облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

— Тез бұзылатын өнімдер үшін  тиісті жағдайлар қарастырылуы керек. Мұндай тағамдарды тек  дүкендерде немесе базарлардағы арнайы орындарда ғана сатуға рұқсат етіледі. Ал заңмен реттелмеген және жасырын саудаға заң бойынша тыйым салынған. Жасырын орындардағы сауда көбіне арзан болғандықтан, тұтынушылар олардың сатуға құқығы бар-жоғын, құжаттарын сұрап, тергеп-тексеріп жатпайды. Сондықтан жасырын және кез келген жерде сатылып тұратын өнімдерді сатып алу-алмау әркімнің өз еркі.

Айжан ҚУАНҒАЛИЕВА,

Орал қаласы:

— Менің балам жеке балабақшаға барады. Балабақшаның сыртқы баспалдағы өте биік, оған балалардың өздігінен мініп-түсуі қиын әрі қауіпті. Жеке балабақшалар  өз жұмысын жүргізу үшін қандай да бір лицензия ала  ма?

Гауһар ДҮЙСЕҒАЛИЕВА,

санитарлық-гигиеналық бақылау бөлімінің меңгерушісі:

— Жеке балабақшалар тиісті талаптарға сәйкестігі жөнінде біздің мекемеден міндетті түрде санэпидемиологиялық қорытынды алады. Бұл қорытындыны бермес бұрын ғимараттағы барлық санитарлық ережелер мен нормалардың сақталуын, аумағын, көгалдандыру жұмыстарын, ойын алаңдары мен  көлеңкелі шатырлардың болуын тексереміз. Баспалдақтың айналасы міндетті түрде қауіпсіз қоршаулармен қоршалуы тиіс. Ал осы талаптарға сәйкес келмесе, қорытынды берілмейді. Бірақ кей кәсіпкерлердің ешқандай қорытынды алмай-ақ жұмыс жасай беретінін де кездестіреміз. Олар мемлекеттен демеуқаржы алмайтын ұйымдар, сондықтан лицензияны қажет етпейді. Бұл мәселеде тағы да ата-ана тікелей жауапты, өйткені баланы балабақшаға бермес бұрын өзгелермен, әсіресе, мамандармен алдын ала ақылдасып, кеңесіп алғаны жөн.

Зәуре АХМЕТОВА,

Орал қаласы:

— Мен біреулер арқылы қалада өзбектердің цехы заңсыз кондитерлік өнімдер өндіретіні туралы ақпарат естідім.  Көбінесе мұндай өнімдерді машинамен жүріп сатады. Бұл жағдайды санэпидстанса өкілдері тексермей ме? Екіншіден, жергілікті «Береке» АҚ-ның сапалы өнімдері қайда жоғалып кетті? Бұрын ең сүйікті тағамдарымды «Берекеден» таңдайтынмын, қазір сүттері тез ашып, айрандары тез бұзылып кетеді әрі дәмсіз. Халық арқылы пайда көріп отырған осындай кәсіпорындарды неге жиі тексермейді?

Сергей ЩЕРБИНА:

— Өкінішке орай, соңғы кездері «Берекенің» өнімдеріне арыз-шағым өте жиі түседі. Біз жоспарлы түрде ғана тексеріс жұмыстарын жүргізетіндіктен, құқығымыз шектеулі. Бізде тағамдық өнімдерге мониторинг жұмыстарын жүргізу жетіспейді. Яғни мемлекет бізге қаржы бөлсе, біз тауар өндірушілердің өнімін сатып алып, сараптама жасаймыз. Сондықтан бұған дейін де біздің тарапымыздан аталмыш кәсіпорынға байланысты  наразылығымыз болған. Егер өнімдердің дәмділігі жөнінде айтар болсақ, бұрын кәсіпорын өнімдерін мемлекеттік стандарт бойынша шығаратын, ал қазір жеке техникалық шарттар бойынша жұмыстанады. Сондықтан ол шарттарды бұзбаса, біз оларға тиісе алмаймыз. Ал мерзімділік жағынан да заңға қайшы жағдайлар орын алды. Бұл тек «Берекеге» ғана қатысты жағдай емес. 2016 жылы әр жерде 1000 рет бақылау жұмыстарын  жүргізіп, 50 пайызынан олқылықтарға жол берілгенін анықтадық. Оның ішінде өнім мерзімі асып кетуі, химиялық және физикалық құрамының талаптарға (нормаларға) сәйкес келмеуі, соның ішінде бактериологиялық көрсеткіштерден ауытқушылықтар өте жиі кездесті. Аталмыш жағдайда өнімнің шығарылуына тез арада тыйым салып, әкімшілік жауапкершілікке тарта аламыз.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар