1.03.2017, 20:11
Қараулар: 104
«Күй ғұмыр»

«Күй ғұмыр»

IMG_7068


Ғ. Құрманғалиев  атындағы  облыстық филармонияның  үлкен  залында ҚР  мәдениет  қайраткері, білім  беру ісінің  құрметті  қызметкері, Құрманғазы  атындағы  қазақ  ұлттық  консерваториясының ұстазы, күйші-композитор  Төлепберген Тоқжановтың  «Күй ғұмыр»  атты  шығармашылық  кеші  өтті.


Шымылдық ашылған тұста Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі Құрманғазының «Серперін» орындады. Оркестрдің көркемдік жетекшісі, бас дирижері – «Құрмет» ордені және мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Еркін Нұрымбетов.

1965 жылдың 4 ақпанында Сыр бойында дүниеге келген Төлепберген Тоқжанов Дәулеткерейдің «Көркемханым», Құрманғазының «Төремұрат», Сүгірдің «Қосбасар» және Иоганн Себастьян Бахтың «Скерцо», Витторио Мондтидың «Чардаш», Н. Римскийдің «Араның ұшуы» сияқты туындыларын нақышына келтіре орындап, көрерменнің қошеметіне бөленіп жүр. Т. Тоқжановтың жиырмадан аса күй мен 100-ден астам әннің авторы екендігі жалпақ жұртқа белгілі.

– Шығармашылық сапармен Ақ Жайық өңіріне келіп, тыңдарман қауыммен қауыштырған елімізге белгілі дирижер Еркін Нұрымбетовке алғысымды айтқым келеді. «Классикалық шығармаларды екі шекті домбырада ойнап, шеберлік сағатын өткізсеңіз» деп өткен жылдың аяғында қолқа салған еді. Міне, бүгін сол күннің сәті түсті. Келгеннен бері оркестрдің дайындығын көріп, риза болдым.

Шағын оркестрмен үлкен деңгейдегі конкурстарды бағындыру  ол үлкен жанкештілікті талап етеді. «Араның ұшуы» атты ерекше классикалық шығарманы консерваторияны тәмамдар тұстағы мемлекеттік емтихан кезінде алғаш рет ойнағанмын. Ол – өзі кішкентай ғана шығарма болғанымен, симфониялық оркестрге арналып жазылған туынды. Осы шығарманы оркестрге лайықтап, домбыраның үнімен халыққа жеткізгеніме қуаныштымын, — дейді кеш иесі.

Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен және жергілікті өнерпаздар кеш иесінің «Мереке», «Өткінші», «Сыр термесі», «Сүйемін сені, Сыр елі» шығармаларын орындап, көрерменге көңілді кеш сыйлады. Шара соңында Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов кеш иесіне алғысхат пен гүл шоғын табыстады.

Темірболат  ӘНУАРҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар