1.03.2017, 20:08
Қараулар: 84
«Мейірімді көктем» жобасы бастау алды

«Мейірімді көктем» жобасы бастау алды

PRI_6246


Кеше қаламыздағы Достық үйінде облыстық қайырымдылық қызметті үйлестіру кеңесінің бірінші кеңейтілген отырысы өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов, өңірімізде қайырымдылық істермен айналысып жүрген кәсіпкерлер, этномәдени орталық жетекшілері қатысты.


Жиынды ашқан өңір басшысы жиналғандарды көктемнің алғашқы күнімен қатар келген Алғыс айту күні мерекесімен құттықтап, игі тілегін жеткізді.

— Елбасымыздың ұсынысы бойынша өткен жылдан бастап күнтізбемізде жаңа мереке – Алғыс  айту күні енді. Бұл мерекенің ассамлея күнімен тұспа-тұс келуі де тегін емес. Өткен ғасырдағы зобалаң жылдарда кейбір ұлт өкілдерін, олармен келіспестен, жағдайына қарамастан, жүк вагондарына тиеп, бір түннің ішінде қазақ даласына әкеліп тастады. Келгендер бұл ашаршылық даласы шығар деп ойлады, шын мәнінде, ол мейірімді де берекелі дала болып шықты. Қазақ халқының кеңпейілдігінің арқасында түрлі қиындық көріп келген ұлт өкілдері жаңа мекенге тез жерсініп кетті. Ұрпақ өрбітіп, салт-дәстүрлерін жаңғыртып, көп ұлтты Қазақстанның дамып-гүлденуіне үлестерін қосты. Қазір бұл істі олардың ұрпақтары жалғастыруда. Еліміздегі бейбіт өмірге, берекелі тірлікке өзгелер қызыға да қызғана қарайтыны рас. Айналамызда соғыс оты шарпыған, экономикалық жағдайы қиындаған қаншама мемлекет бар?! Кеше дамыған мемлекет атанған елдер қандай кейіпке түсуде?! Ал Қазақстан бейбітшілікті ұстанатын, өзге елдердің де аспаны ашық болуын қалайтын мемлекет ретінде әлем жұртшылығына танылуда. Мәселен, Сириядағы соғыстың тоқтатылуына орай Астанамызда үлкен жиындар өткені белгілі. Қазір ол жиындар Женевада жалғасын табуда. Яғни біз халықаралық аренада өзгелерге үлгі болатындай мемлекет ретінде өзімізді көрсетіп келеміз, — деді Алтай Сейдірұлы.

Жиын барысында қайырымдылық қызметті үйлестіру кеңесінің ережесі, жұмыс жоспары бекітіліп, кеңес басшылары сайланып, қайырымдылық бойынша жедел штаб құрылды. «Мейірімді көктем» акциясына байланысты облыс кәсіпкерлері жариялаған үндеуді «Отделстрой» ЖШС-ның директоры Валентина Михно көпшілікке таныстырды.

— Айта кетейін, көктемде қайырымдылық айларын өткізу туралы ұсыныс жұртшылық өкілдері тарапынан айтылған болатын. Соған орай 1 наурыздан бастап «Мейірімді көктем» жобасы бастау алды.

Осы бастаманы қолдап отырған кәсіпкерлерге және өзге де жандарға ризашылығымды білдіремін.

Бұл жобаның алғашқы қадамы ретінде «Арба» қоғамдық қорына көмек көрсетуді ұсынғым келеді. Өткенде осы ұйымның төрайымы Гүлмира Батпақұлова арбаға таңылған, денсаулығында кінәраты бар он адамды емдеуге жіберуге көмек сұраған еді. Сосын кейбір жандардың арбалары тозған. Қайырымдылық қызметті үйлестіру кеңесі арқылы осындай жобаларды жүзеге асырсақ, қоғам үшін маңызды іс жасаған боламыз деп ойлаймын, — деді Алтай Көлгінов.

Жиын соңында Алғыс айту күніне орай өңіріміздің бірқатар кәсіпкерлері, этномәдени бірлестік жетекшілері облыс әкімінің алғысхаттарымен марапатталды.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар