Қаратөбелік полицейлерше сенделту

Күні , 5 936 рет оқылды

DSC_0053


Қазақтың шыдамдылығы мен кеңдігіне  кейде сөз жетпейді-ау. Әбден шектен шығып, бүкіл төзімді түгесіп болғанда ғана қимылдаймыз ғой… Оған дейін «көрерміз», «құрысыншы, арыздап қайтемін, айтысып-тартысып жүреміз бе, түсінер» — деп қырқына да, қырық біріне де шыдап жүре береміз. Мына төмендегі жәйтті соған жатқызуға бола ма, болмай ма, оны оқырман өзіңіздің безбеніңізге салыңыз. Бірақ сол  кеңпейілдігімізді біреулер арсыздықпен  пайдаланатыны қалай?.. Пайдаланып қана қоймай, көзіңді бақырайтып тұрып алдап, әбден сілеңді қатырып, салпақтатқаны өз алдына, тіпті әрі-беріден соң ақыл айтып, өзінің дегенін саған тықпалайтыны қалай? Оу, ағайын, заң бар емес пе, конститутциялық, азаматтық құқығың бар емес пе, әлгіндейлердің құсбегі — бүркітшілердің тілімен айтқанда, қоясын құстырып, заңмен құйрығына қоңырау байлатып, әріден алғанда, ел, халық, беріден келгенде,  бала-шағасының, тума-туысының көз алдында қарабет қылып жібермейсіз бе, өз обалы өзіне! Бірақ имандай сеніп, сүйеуші, қорғаншы іздеп барғанда,  оларыңыз: «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңе болайынның» нағыз өзі болып шықса, не істейсіз?   Сүйеніш, қорғаныш деп отырғанымыз — сот, прокуратура, полиция  ғой.


Жұмыста отыр едім, бір азамат есік қағып, кіруге рұқсат сұрады. Қазақ емеспіз бе, «Қош келдіңіз, төрлетіңіз!» — дедік. Орта бойлыдан төмендеу, шымыр денелі, елуді орталап жүрген азамат амандық- саулықтан кейін бұйымтайын баяндады. Ауылдағы немере інісі малын жоғалтқан. Енді соның әбігерімен әбден шаршаған. Сол інісі ағасынан газетке арыздануыма бола ма, деп ауылдан арнайы сәлем айта жіберіпті. Мәселенің мән-жайына қанғаннан кейін: «Е, неге болмасын, «Орал өңірінің» есігі әрдайым ашық» — дедік. Сонау ауылдан жолданған «бола ма екен?» — деген аңғалдау әрі өтініш, әрі сауалға іштей жымидық. Малын жоғалтқан азамат арыз жолдайды немесе өзі аяқтай келеді дегенге тоқтап, оның ағасымен қош айтыстық. Араға екі апта түскенде, ауылдағы інішектің өзі хабарласты. «Аға, мындағылар менің мәселемді шешпек түгілі, арызымды қабылдамайды, газетке барамын» — деді. Арада тағы екі-үш күн өтті. Өзін біреулер әбден тентіретсе де, мәселемді шешер деп ең соңғы сәтке дейін үмітін үзбеген сияқты. Азаматтың шыдамдылығы деп отырғанымыз сол.

Отыз жеті жасар Жалғас Тінәлиев Қаратөбенің орталығында тұрады. Өзі аудандық мекемеде көлік жүргізуші. Жұмыссыз жұбайы, үш перзенті және бір күн ауру, бір күн сау анасы осы Жалғастың анау жалғыз айлығына ғана қарап отыр. Балаларының аузы аққа тисін деп, бұзауларын қосқанда төрт-бес ірі қараны қорасынан өргізіп келеді. Бірақ сол құрғырларды ұстау соңғы жылдары тіпті қиындап барады. Осы өткен, 2016 жылдың 15 қараша күні екі жасар бұқашығы — «желтоқсанның ішінде, қазанымды бүлік-бүлік қайнатар, соғымым» — деп отырғаны ұшты-күйлі жоғалды. Еркек деген аты бар ғой, танауын желге төсеп тұрып алатын әдет тапқан еді соңғы кезде. Жас таналардың сызылта мөңірегенін құлағы шалса, қораның ішін қабан кіріп кеткендей қорс қылатын. Сондай бір кезекті «сигналды» естіп қалып, қайқайған болар, бір табынға, пәтшағар, «жігітшілік» құрып болғасын, қорасына өзі қайтар деп полицияға әуелі хабарлай қоймады. Сосын қораның жартысын да толтырмайтын өзі төрт-бес бас еді, оны да құдекең көп көрді ме деп, Жалғас баспағын іздеп аяғынан таусылды. Қаратөбенің ішіндегі біраз адам Жалғастың баспағының жоғалғанынан құлақтанып та үлгереді. Алайда қанша жерден іздегенмен, баспақтың өзі түгілі, ізін де таба алмады. Сонау көкте жіпке тізілгендей қиқулатып көшкен қараша қаздармен бірге қараша айы да өтті. Баспақ жоқ. Жаяу борасынын жылжытып, желтоқсан жетті. Ол да өтті. Баспақтан хабар болмады. Қаһарына мініп, қаңтар келді. Баспағы түскір келмеді…

* * *

Қаңтардың 13-і күні (баспақ жоғалғаннан екі ай өткенде) өздері тұратын көшедегі үйлерді жағалап келе жатты. Екі ай өткенімен, көңілі түскірі баспағынан әлі күдерін үзбейтін. Қай жерде жүрсе де, жатқан-тұрған малды түстеп-түгендеп өтетін әдеті. Өзімен бір көшеде тұратын Берік Шұқановтың үй маңынан өте бергенде, құлағына малдың мөңіреген үні келді. Жабырқай, жатырқай шыққанымен, таныс үн. Сол сәт осыдан бес жыл бұрын соғымға салым аяқ астынан ұшты-күйлі жоғалған танасын осы Шұқановтың қорасынан тапқаны есіне сап түсті. Сол жолы біреулер тананы қорасының артында жатқанын көрдік дегесін, Берік Шұқановтың өзінен сұрап көріп еді, «Жоқ, жоқ» — деп азарда-безері шықты. Екі-үш апта өткесін, ағаларын ертіп барып, қораның ең түкпірінде тығулы тұрған танасын ұрыс-керіспен әрең алған. Содан да болар, бұл жолы да күдігі қоюлана берді. Қораны сыртынан сығалап еді, көзін мөлитіп түкпірге бөлек, жалғыз өзін қамап қойыпты мұның баспағын. Сол бойда Шұқановқа телефон соқты: «Бөтен мал жоқ па?» — деп. Сәл-пәл ойланған ол: «Бар» — деді. Бұл қандай мал деп еді, Шұқанов сенікі қандай мал деп қарсы сұрақ қойды. «Қызыл қасқа, тоқал, құлағында сырғасы бар» – деді Жақсылық. Ол болса, «Менде бір тоқал тұр, бірақ сырғасы жоқ» дегені. Бұл көрейін деп еді, ол қазір үйде жоқпын, түс қайта кел дейді. – Түс қайта алуға барсам, менен бұрын келіп, баспағымды өзінің малына қосып жіберіпті. «Танып алсаң, алып кет» — деп шалқаяды Шұқанов. Өзімнің малымды неге танымайын. Сырғасын кесіп алып тастапты. «Бір емес, екі емес, мынауың ұят қой… Сырғасы қайда, екі айдан бері қораңа қамап қойып отырғаның қалай, хабарламай?» — десем, менің малыма қосылып келді дейді (менде бөтен мал бар деп хабарлауға ерінсе, оны қорасынан шығарып жібермей ме? Мал өзінің жөнін тауып, үйіне келеді ғой. Ред.). Бөлектеп алып, үйіме айдап кетейін десем, жаңа ғана «Танысаң, алып кет» деп шалқайған Шұқанов: «Участковый Елдос Әмірғалиев біледі, ол ешкімге берме деген, оның рұқсатынсыз бермеймін» — деп екінші қырына аунап түсті. Жалғас сол жерде тұрып, Елдос Әмірғалиевке телефон шалды, мән-жайды түсіндірді. Баспағыңның құжаттары бар ма, деген полицейдің сұрағына Жалғас бар екенін мәлімдейді. Тәртіп сақшысы одан әрі қалада жүрмін, ертең келемін, малыңды алып беремін деп мұны қуантып тастайды. Ертесіне Әмірғалиев келмеді. Бұл тағы хабарласты. Тағы да ертең. Жалғас болса, полицейге Шұқановтың бұдан бұрын да мұның танасын қорасына қамап ұстап тұрған жерінен әрең алғандарын, оған сенбейтінін айтуға мәжбүр болады. «Өй, саспа, ертең барайын, алып беремін!». Құқық қорғау органының өкілі осылай деді. Бірақ сол бойда тағы өзгеріп, осы қазір Шұқановқа телефон соқсам, малыңды барып алып кете аласың ба, деп сұрайды. Жалғас «Соғыңыз, алып кетемін» деп қуанып кетеді. Алайда айбынды полицейдің звоногі Шұқановқа өтпеген ғой, сірә, төрт-бес минуттан соң: «Анау, маған да бермей тұр, нешауа, ертең документіңмен барғасын алып беремін» — дейді телефоннан (бұған дейін «Әмірғалиевтің рұқсатынсыз ешкімге бермеймін» — деп шалқайған Шұқанов жеме-жемге келгенде, полиция погонын таққан Әмірғалиевтің өзін де, сөзін де суға соққаны сізді таңғалдырмай ма, оқырман. Әлде мұнда басқа бір гәп бар ма? Ред.). Содан әйтеуір, Әмірғалиевтің ертеңі таусылып, кездесті-ау мұнымен. Ол Тінәлиевті өзіне шақырып алып, Шұқановқа: «Тінәлиев малының құжатымен маған келіп отыр, қазір баспағын алуға барамыз» — деп телефон шалады (участковый Тінәлиевке жоғалған малының Шұқановтың қорасынан шықса да, оның бермей тұрғандығы жөніндегі арызын неге сол бойда жаздырып алмаған? Сондай-ақ ол Шұқановқа әлденеше рет телефон соғып, неге сонша оның соңынан салпақтайды. Құқық қорғау органының өкілін соңынан салпақтатып қоятындай Шұқанов кім сонша? Оның есесіне малын жоғалтып, оны өзі аяқтай барып тапса да, ала алмай жүрген Тінәлиевті әбден діңкелеткен анау неғылған полицей? Ред.). Сөйтсек, қызықтың көкесі алда екен. Әмірғалиев Тінәлиевтің баспағын алуға барамыз деп телефон соққаны не керек, Шұқанов ол баспақты жоқ, біреу келіп алып кетті деп қарап тұр. Кім? Қоскөлден Ескендір Бисекешев келіп, «Менікі» — деп алып кеткен (сөйтіп, ақ адал малын танып, құжаттарын апарып тұрса да, полицей «Бер» деп телефон соқса да, Тінәлиевтің баспағы Бисекешевке бұйырады). Полицейдің «Неге бердің?» -деген сұрағына Шұқанов қиналған жоқ: «Әйелімнен алып кетіпті» (малды өз иесіне бермей, даладағы Бисекешевке не мақсатпен берген? Ред.). Жалғас жылап жібере жаздады. Ал полицей Әмірғалиевтің осы сәтте Жалғасқа айтқан ақылы: «Түйесі жоғалмағанның бәрі ақылды» дегеннің әкесін танытып жібергендей: «Аудандық прокурорға бар, аудандық сотқа бар, біз ештеңе істей алмаймыз» — деп қарап тұр, бұған дейін «Саспа, өзім алып беремін» — деген сабазың. Прокурорға барды. Ол Жалғасқа ауызша: «Бұл ұрлыққа жатпайды» — деп шығарып салды. Қайта аудандық соттың төрайымы Бақтыгүл Жәңгірова, обалы қайсы, азаматтың ауызша шағымына шын жанашырлық танытты. Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Нұрмағамбетовке сол бойда: «Мында бір гәп бар ғой, дұрыстап қарасаңдаршы» — деген сыңайда қоңырау шалды. Нұрмағамбетов сол минутында Тінәлиевтің малын алып келіңіздер деп орынбасары Жұмағалиевке тапсырады. Ол Жалғастың қасына Қаракөл ауылдық округінің учаскелік инспекторы Тасболат Дәулеткереевті полицияның көлік жүргізушісімен қосып, Қоскөлдегі Ескендір Бисекешевке суыт жұмсайды. Тағы қызықты қараңыз, бұлардың Бисекешевке қарай шыққанын екі-үш полицейден басқа жан баласы білмесе де, аудан орталығынан ұзар-ұзамаста Жалғастың телефонына Бисекешев қоңырау соғады. «Інім, естіп отырмын, сендер маған қарай келе жатқан көрінесіңдер… (жалма-жан звондаған кім, Бисекешевке жаны ашып жүрген сол полицейлердің өзі ме?.. Ред.). Мейілдерің келе беріңдер, бәрібір ауылда болмаймын, қасыңдағы полицейлеріңе солай деп айт». Бұлар енді не істейміз деп дағдарып тұрғанда, Бисекешевтің өзі қарсы келіп тоқтай қалады.

Одан әрі Қаратөбеден полиция бастық Нұрмағамбетовтің: «Тінәлиевтің малын қазір барып, алып беріңдер!» — деген ауызша бұйрығымен қаһарланып келе жатқан Дәулеткереев көлік жүргізушісі екеуі сылпиып орта жолдан кейін қайтады да, Жалғасты Бисекешев өз көлігіне отырғызып алады. Кабинаның ішіндегі екеуара әңгіме Жалғастың айтуынша былай өрбіген. «Ана мал тошно, сенікі ме? Документі бар ма?» «Менікі, құжаттары бар», «Біріншіден, маған ол малды сенікі деп ешкім айтқан жоқ, екіншіден, ол малды иесі жоқ дегесін, алып кеттім. Үшіншіден, оны сразы жоқ қылып жібердім сұрамай-ақ қой…» (полицей Әмірғалиев пен мал иесі ала алмаған баспақты Шұқанов Бисекешевке жалма-жан қалай беріп жіберіп тұр? Ред.). «Ол менің семіртіп, жанұямның қысқы азығына сояйын деп отырған баспағым еді, енді не істеймін?». «Егер тошно сенің малың болса, ертең менің көп сиырларымның біреуі туады ғой…Соның алдағы күзге қарай, бір бұзауын аларсың». Жалғас «қашпаған қашардың уызына» келіспейді. «Кешке тағы хабарласамын, ойлан» — деп Бисекешев жәйіне кетеді. Кешке хабарласады. Жалғас: «Мен бұзауға келіспеймін, жасына жасы сәйкес мал беріңіз» дейді. «Ендеше, қайда барсаң, онда бар, арызыңды бере бер. Сен менен мал көрген жоқсың, көрсең, Шұқановтан көрдің, менің ештеңем де кетпейді».

* * *

Жалғастың баспағының дауы мұнымен бітпеді. Қайда барады енді? Полицияға барады ғой. Айтпақшы, бұған дейін 18 қаңтарда аудандық ішкі істер бөліміне жазған арызы сол күйінде хабарсыз, жауапсыз кетіпті. Содан аузы күйген Жалғас аудандық ішкі істер бөліміне барып, болған жәйтті мұқияттап арыз толтыруға кіріседі. Сол сәтінде қасына ауданның бас полицейі Нұрмағамбетовтің орынбасары Жұмағалиев келіп, «Не сонша, қатындар құсап, шұбатып, мынау жарамайды, қысқа-нұсқа жаз» — деп мұның арызын жыртып тастайды. Қорғаныш, сүйеу іздеп келіп отырған азамат Тінәлиев бұл қорлыққа қалай шыдасын, қысқа жазуға келіспей кетіп қалады. Ертесіне барса, тергеуші Әділбек Едіресов, сірә, Жұмағалиевтің айтуымен болар, арызды компьютерден шығарып қойыпты… Тінәлиев оны оқып көрсе, қаратөбелік полицейлер Антон Чеховтың өзін жарты жолда қалдырып, Тінәлиевтің арызын үш-ақ сөйлеммен түйіпті. «Берік Шұқановтың ауласында бір бас мал тұр. Оны Бисекешев менікі деп алып кеткен. Соны алып беруіңізді сұраймын». Осыған қолыңды қой деп Едіресев елеңдеп тұр. Тінәлиев тағы туласын, келіспей. Оны елеп жатқан Едіресов жоқ, «Жазсаң, қысқа жаз, төрт бет арызыңды алмаймыз» — деп Тінәлиевтің бұл арызын да жыртып тастайды. Тінәлиев түнімен арызын қайта жазып, ертесіне тағы барады, аудандық ішкі істер бөліміне. Едіресов оны да қабылдамай қояды. Осылайша «Ал, алмаймынмен» тағы бірнеше күн өтеді. Қаңтардың 13-нен бермен қарай баспағын ала алмай тентіреген, одан сол қаңтардың 15-нен бері участковый Әмірғалиевтің соңынан салпақтаған Тінәлиевті енді Қаратөбе АІІБ-ның тергеушісі Едіресов әбден ебіл-дебілін шығарып, арызын ақпанның 2-сінде азар Алламен алыпты-ау, ақыры (аудандық ішкі істер бөліміне күніне екі рет келіп Жалғас әб-ден шаршапты. «Аға, арызымды алмағасын, бір күні «Орал өңіріне» барамын, әкімге барамын дегесін барып, полицейлер «Ешкімге бармай-ақ қой, малыңды не малдай, не ақшалай алып береміз» — деп әзер дегенде алды» (сол арызды қабылдап алғандары жөнінде Тінәлиевтің қолына ешқандай анықтама берілмеген. Соған қарағанда, ол арыз тіркелмеген де болуы мүмкін. Ред.).

Редакцияға аяқтай арызын алып, мұңын шаға келген Жалғастың бізге мәлімдегеніндей, Шұқанов пен Бисекешевті тергеуге алыңдар деп полицияның табалдырығын тоздырып, тағы төрт күн тентірепті. Тергеу енді-енді басталып жатқан көрінеді. Шұқанов: «Не істесең, оны істе, Бисекешев алып кетті» — деп шалқайса, Бисекешев: «Қайда барсаң, онда бар Шұқановтан алдым» деп кергіп, қаратөбелік «Шерлок Холмстарды» да, баспағын даулап, әбден далбаса болған Тінәлиевті де әзірге маңайлатпай отырған сыңайлы. Осы жерде Жалғас Тінәлиев айтқан мына бір жәйтті де ескерусіз қалдыруға болмайды. Өткен, 2016 жылдың желтоқсан айында аудан орталығының тек бір көшесінде тұратын тұрғындардың 22 бас ірі қарасы ұшты-күйлі кеткен. Қолды болған ол малдың иелерінің нешеуі полицияға арыз түсірді, оның қаншасы тіркелді, біздің қолымызда ондай мәлімет жоқ. Полиция оларды тапты ма, таппады ма, ол жағы да бізге белгісіз. Қайдан табады? Тінәлиевтің өзі тапқан малын әуелі Шұқановтан, кейін одан алып кеткен Бисекешевтен қайтарып алып бере алмай отырған дәрменсіз полицейлер оны таба ала ма? Мәселені қабырғасынан қоятын болсақ, Тінәлиевтің малын неге қайтарып алып бере алмай отыр? Әлде, қаратөбелік тәртіп сақшылары Шұқановпен, Бисекешевпен тонның ішкі бауындай болып кеткесін, «сыйластықтарынан» аттап кете алмай отыр ма? Бұл тергеудің «қызық-шыжығын» алдағы уақытта «Орал өңірі» газетінің оқырмандарына міндетті түрде жеткіземіз. Ал Жалғастың баспағынан шыққан дау алда-жалда сотқа барып тіреліп, ол «қаратөбелік процеске» айналып жатса, газет оған да қатысуға қамданып отыр.

Сөйтіп, әу баста Шұқановтың қорасында қамалған, кейін участковый Елдос Әмірғалиевтің ерекше бақылауына алынған, соңынан Бисекешев жым-жылас қылған Тінәлиевтің баспағының өзі бүгінде жоқ болса да, жыры енді-енді қызып келеді. Оған мұрындық болған сол полицейлердің өзі…

Полиция бастық Нұрмағамбетовтың, оның орынбасары Жұмағалиевтің және Әмірғалиев пен Едіресовтің ауыл азаматының арызына «өте сергек, мұқият қарап» және «жедел іздестіру шараларының арқасында» Жалғас Тінәлиевтің жанұясы шиеттей балаларымен айналып келгенде, қысқы соғымдарынан қағылды…

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика