13.02.2017, 21:21
Қараулар: 162
Кәсіпкерлер белсенділігі төмендеп, қылмыс жасау жиілеген

Кәсіпкерлер белсенділігі төмендеп, қылмыс жасау жиілеген

_DSC0031


Облыс  әкімі  Алтай  Көлгіновтің  қатысуымен  Зеленов ауданы әкімінің  халыққа  есеп  беру  кездесуі  өтті.  Жиынға аудан  тұрғындарымен  бірге  ҚР Президенті Әкімшілігінен  арнайы  келген  мемлекеттік  инспектор  Талғат  Байзатов қатысып  отырды.


Аталмыш  ауданға  ат  басын  бұрған  өңір  басшысы алдымен Переметный ауылына  қарасты  Озерный елді мекеніне  аялдады. Онда  Алтай Сейдірұлы  тәуелсіздіктің  25 жылдығы  қарсаңында бой  көтерген  Киров  мектебінің  жай-күйімен танысты.  Жанға жайлы  су  жаңа  білім  ошағы  ыстық  және салқын  сумен,  оқуға қажетті  барлық  құрал-жабдықпен  толықтай  қамтылған.  Мұнда 44 оқушыға  17  мұғалім  дәріс  береді. Мектеп  жасына  дейінгі балаларды  тәрбиелейтін  «Балбөбек»  шағын  орталығы  жұмыс  жасайды.

Аудан әкімі Кәрім Жақыповтың есепті кездесудегі баяндамасына сүйенсек, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 2016 жылы аудандық бюджеттен 50,2 млн. теңге бөлініп, тоғыз елді мекенде балалар ойын алаңдары салынған. Бірнеше елді мекенде көше жарығы жөнделіп, ауылішілік жолдарға, арық жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Асан ауылында 6,7 млн. теңгеге арық жүйесі салынған. Аталмыш қаражат аясында өзге де бірқатар абаттандыру жұмыстары тындырылған. Ауданда күздік дақылдар бойынша орташа өнімділік гектарына 32,5 центнерді құрап, рекордтық деңгейге жеткен. Бұл орайда кейбір шаруашылықтар бір гектардан 52 центнер өнім алған. Өткен жылдың есептік кездесуінде Переметный ауылдық округінің Озерный ауылына мектеп, Макаров ауылдық округінің Садовое ауылына және Мичурин ауылдық округінің Зеленый ауылына Шаған өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір салу, Белес ауылының тұрғын алабына инженерлік-коммуникациялық жүйе жүргізу, Трекин ауылының Арман шағынауданына трансформатор орнату мәселелері көтерілген. Озерный ауылында жаңадан бой көтерген мектеп ғимараты 2016 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілсе, өткен жылдың қыркүйек айында Садовое және Зеленый ауылдарындағы жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір құрылысы басталған. Құрылыстың аяқталуы ағымдағы жылдың ақпан айының аяғына жоспарлануда. Белес ауылының тұрғын алабын сумен және электрмен жабдықтау аяқталған. Трекин ауылының Арман шағынауданында 12,5 млн. теңгеге қуаттылығы 400 киловольт/ампер болатын трансформатор орнатылған. Бұл жұмысқа қаржылай қаражат аудандық бюджеттен бөлінсе, жергілікті тұрғындардың өз қаражаты есебінен тұрғын үйлерге электр желілері  тартылған.

Аудан әкімі тұрғындарды ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстардың бірқатарымен таныстырып өтті. 100 орындық интернаты бар, 300 орындық Дариян қазақ жалпы орта білім беретін мектеп ғимаратының құрылысы басталмақ. Құрылыс бағасы жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес 1,1 млрд. теңгені құрайды. Құрылыстың басталуына республикалық бюджет есебінен 401,4 млн. теңге бөлінген. Дариян ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама жасалған. Күрделі жөндеу құны 214,7 млн. теңгені құрайды. Батурин, Камен, Зеленый жалпы орта білім беретін мектептерін күрделі жөндеу және қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама жасалуда, оған аудандық бюджеттен 6,4 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінген. Переметный ауылының ауылішілік жолдарын жөндеуге 661,9 млн. теңге және Дариян ауылына 217,2 млн. теңге көлемінде жобалық-сметалық құжаттама жасақталған. Ақжол ауылының ауылішілік су құбырының құрылысы мен Володар ауылындағы су құбырын қайта жаңартуға республикалық бюджеттен 100 млн. теңге, сондай-ақ Павлов және Дариян ауылдары үшін облыстық бюджеттен 111,6 млн. теңге бөлінген. Владимировка, Үлкен Шаған, Мирный, Кирсанов ауылдарын газдандыруға техникалық-экономикалық негіздеме дайындау үшін аудандық бюджеттен 6 млн. теңге, Факел ауылын газдандыруға жобалық-сметалық құжаттама дайындау үшін аудандық бюджеттен 4 млн. теңге қарастырылған. Аудан елді мекендерінің көшелерін жарықтандыруға 73,1 млн. теңге, Калинин ауылында 160 көрермендік орынға дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастау үшін аудандық бюджеттен 73 млн. теңге бөлінген. Ал Көшім, Щапов ауылдарында су құбыры желілерін қайта  жаңарту  жоспарлануда.

Ауданда шешімін таппаған мәселелер де бар. Мәселен, аса ауыр қылмыс саны азаймаған. Мал ұрлығы, өзгенің мүлкін ұрлау фактілері бұрынғыдан да көбейген. 482 тұрғынды қамтитын үш елді мекен үшін ауыз су тасымал болып отыр. Баяндамадан кейін сөз алған тұрғындар аудан орталығы Переметныйдағы ауылішілік жолдарды жөндеу қажеттігін, Железнов, Шалғай ауылдарынан аудан орталығына қатынайтын жолдардың сапасы сын көтермейтіндігін, Мичурин ауылына сапалы ғаламтор желісі керек екенін айтты.

Қасым Аманжолов атындағы мектептің мұғалімі, заман талабына сай үш тілді еркін меңгерген жас маман Әйгерім Нұркенова ауданға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында қызметке келген 244 маманның 88-іне ғана аталмыш бағдарлама аясында тиісті қаражаттың бөлінгенін, ал қалғандарын тұрғын үймен қамту күн тәртібінен түспей тұрғанын мәлімдеді. Әйгерім Тілекқызы облыс әкімінен осы мәселе бойынша қосымша қаражат қарастыруға ықпал етуін сұрады. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан аудан көлеміндегі өзендердің құрғап қалғаны айтылып, бөгет салу мәселелері көтерілді. Аудан әкімінің орынбасары бастаған бірқатар іргелі мекеме-ұжымдардың басшылары қызметтік пәтермен қамтылғанына қарамастан, кеңселеріне күн сайын қаладан қатынайтыны айтылды. Облыс әкімі соңғы мәселе бойынша аз уақыттың ішінде нақты тексеру жұмыстары жүргізілетінін және ол бойынша көпшілік алдында жариялы түрде жауап берілетінін мәлімдеді. Аудандағы орталық аурухананың Жұмазия есімді қызметкері аталған ұжымның қаңтар айынан бастап жалақы алмағанын, бірнеше адамы бар жанұясына бұл жағдай оңай соғып тұрмағанын айтты. Өңір басшысы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Аймырзиевадан мәселенің мәнісін түсіндіруді талап етті. Мәншүк Құдайбергенқызы бұрын жалақы жергілікті бюджеттен беріліп келсе, биылдан бастап республикалық бюджеттен бөлінуі себепті уақытша кідіріс орын алғанын, ақпан айының он бесіне дейін айлық толықтай төленетінін, ал осы уақытқа дейін жалақы мұқтаждығынан қиналған қызметкерлер үшін басқарма тарапынан шұғыл қажетті көмек жасалатынын түсіндірді.

– Елбасының тікелей қолдауымен мемлекеттік бағдарламалар аясында тұтас елімізде жүзеге асқан игіліктер мен жетістіктер Зеленов ауданына да тән. Алайда кемшіліктерге көз жұма қарауға болмайды. Мысалы, ауданда орта және шағын бизнес бойынша тіркелген 2639 нысан болса, оның белсенділері 82 пайызды құрайды екен. Кәрім Кәрімоллаұлы, қалған 18 пайызы не себепті жұмыс жасамай отыр? Оларға нақты қолдау қажет пе әлде бұл көрсеткіш жабылып қалған субъектілердің бос цифры ма? Анықтаңыздар. Қылмыстық көрсеткіш 24 пайызға артқан. Бұл – дабыл қағарлық жағдай, жергілікті поли-ция қызметінің жұмысына ескерту. Манарбек Серікқалиұлы, бұл – ауыл шаруашылығы дамыған үлкен аудандардың бірі. Бір ғана ауданда не себепті қылмыстық көрсеткіш осынша пайызға артқан? Аудан әкімімен бірлесіп, мәселені қолға алыңыздар. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі екі пайызға кеміген. Мұның себебі неде? Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге тоқталып өтейін. Ауылішілік жолдарды жөндеу мәселесін толықтай қолдаймын. Бұл орайда биыл тоғыз көшеге құжаттама дайындалды. Оған 700 миллион теңге шамасында қаражат бөлінді. Мичурин ауылына сапалы ғаламтор жеткізудің жолдарын ойластырамыз. Бұл бағыттағы мәселелерге «Қазақтелеком» АҚ-ның басқарма төрағасы тарапынан қолдау бар. Железнов, Шалғай ауылдарын аудан орталығымен байланыстыратын сапалы жол салуға тиісті құжаттамалар жасалды. Енді оған үш миллиард теңге көлемінде қаражат қажет. Бұл аз ақша емес. Оны бюджет түсіміне қарай алдағы уақыттағы жоспарымызға енгіземіз. Әйгерім Тілекқызы, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысты сұрағыңыз орынды. Қаражат бөлу мәселесін қарастырып, сізге нәтижесін мәлімдейтін боламын. Жоғарыда көтерілген бөгет салу мәселесін бақылауға аламын. Мал шаруашылығын дамыту үшін мұндай мәселені аяқсыз қалдырмаймыз, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов жиынды қорытындылаған сөзінде.

Кездесу барысында облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов және облыстық соттың төрағасы Бек Әметов құқықбұзушылықтың жолын кесу, бітімгерлік жайында мемлекетіміз ұстанған жаңаша бағыттар  туралы  әңгімелеп  берді.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»