13.02.2017, 21:19
Қараулар: 179
Балабақшаға кезек көп

Балабақшаға кезек көп

IMG-20170209-WA0036


Халықтың тұрмысы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Әріге бармай-ақ, осыдан екі-үш жыл бұрын шешілмейтіндей көрінген мәселелер қазір көрген түс сияқты. Тасқала ауданы әкімі Санжар Әлиевтің тұрғындар алдындағы есеп беру жиналысына қатысқан өңір басшысы Алтай Көлгінов осылай деп мәлімдеді.


Бұлай деуге толық негіз бар. Өйткені ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жоғары. Қолға алынған жоба-жоспарларда іркіліс жоқ. Жұмыссыздық азайып, кәсіп ашамын деген адамға жан-жақты көмектесу қалыпты жағдайға айналған.

Облыс басшысы әуелі «Балашова Г.Н.» жеке кәсіпкерлігін ашқан «Тасқала сүт» сүт қабылдау пунктінің жұмысымен танысып, алдағы уақытта кәсіпорын шығаратын өнімдердің үлкен сұранысқа ие болуына тілектестігін білдірді. Пункт құрылысына қәсіпкер 20 млн. теңге көлемінде өзінің қаражатын жұмсаған. Тәулігіне мың литр сүт қабылдайтын кәсіпкерлік нысаны көктемнен бастап толық қуатында жұмыс істемек.

Осы сапар барысында облыс әкімінің назарына ұсынылған жергілікті кәсіпкер Қ. Тасқалиевтің жаңадан салған қонақүй кешенінің жобалық құны – 59 млн. теңге. Кешеннің астыңғы бөлігі бір мезгілде төрт автокөлікке қызмет көрсететін техникалық стансаға арналса, екінші қабатында 50 адамға арналған қонақүй, үшінші қабатында 300-350 орындық мейрамхана орналасқан. Ғимаратты аралаған өңір басшысы: «Жол бойында халыққа қызмет көрсететін осындай нысандардың болғаны  дұрыс. Қаладағы қонақүйлерден еш айырмашылығы жоқ екен. Бұл аудан аумағы арқылы Ресей мен екі ортаға қатынайтындар үшін үлкен мүмкіндік», — деп баға беріп, бірнеше адамды  жұмыспен қамтып отырған Қуан Бақтығалиұлына шынайы ризашылығын білдірді.

Одан әрі өңір басшысы А. Көлгінов Тасқаладағы мәдени-демалыс орталығында өткен аудан әкімінің халық алдындағы қорытынды есеп беру жиынына қатысты. Аудан әкімі С. Әлиевтің сөзіне сүйенсек, еліміздің экономикасын дамытуға бағытталған «Агробизнес – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020», «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» және тағы да басқа мемлекеттік бағдарламалар өз тиімділігін нақты дәлелдеп отыр. Өткен жылы аудандағы ірі қара мал саны 2015 жылмен салыстырғанда 17,7 пайызға, қой мен ешкі 13,7 пайызға, жылқы 23,1 пайызға артқан. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6,8 пайызға өскен. Соның ішінде жеке кәсіпкерлер cаны 5,8 пайызға, шаруа қожалықтар саны 9,6 пайызға артып, заңды тұлғалар саны бір деңгейде қалған. Шағын және орта бизнес субъектілерінен бюджетке түскен салық түсімі 7,2 пайызға өсіп, осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 3,8 пайызға көбейіп, 1905 адамды құраған.

— Ауданда «Қазақстанда жасалған», яғни «Тасқалада өндірілді» деп айта алатын сегіз шағын наубайхана мен бір асхана, бір аяқкиім, үш киім тігу ательесі, екі ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін және төрт өнеркәсіп өнімдерін өндіретін кәсіпкерлер жұмыс жасауда. Биыл «Жұмыспен қамту — 2020», «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламалары арқылы кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында жылқы шаруашылығын дамытуға алты адамға (17,8 млн. теңге),  мал шаруашылығын дамытуға сегіз адамға (18,8 млн. теңге), қой шаруашылығын өрістетуге төрт адамға (11 млн. теңге), құс шаруашылығын дамытуға екі адамға (6 млн. теңге) несие берілді. Оған қоса стоматология кабинетін ашу (2 млн. теңге), автокөліктерге қызмет көрсету стансасына қажетті құралдарды сатып алу (3 млн. теңге), жолаушылар тасымалдауға «ГАЗель» көлігін алу (3 млн. теңге), автокемпингте тұрақ ашу (3 млн. теңге),  жабық базарды қалпына келтіру және көлік тұрағына арналған жабдықтарды сатып алу, жүк тасымалдайтын автокөлік сатып алу, маршруттық автокөлік сатып алып, жолаушыларды тасымалдау жобаларына барлығы 83,1 млн. теңге несие алынды. Кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен ауданда бір кафе-мейрамхана, тұрмыстық заттар сататын дүкен және сүт өңдейтін цех іске қосылды, – деді С. Әлиев баяндамасында.

Мемлекет тарапынан қолдаудың арқасында есепті кезеңде 643 жаңа жұмыс орны ашылды, соның 307-сі тұрақты. 864 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 46 адам жастар практикасына, 102 адам тұрақты әлеуметтік жұмыс орындарына жолданғандар. Ақылы қоғамдық жұмысқа 579 адам жолданды, 48 адам кәсіби дайындықтан өтіп, соның 85,4 пайызы жұмысқа орналасты.

Аудан халқының 92 пайызы орталық су жүйесімен қамтылған. Атамекен ауылының су құбырын қайта құру жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. «Биыл облыста «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы 39 нысанды жөндеу көзделген, содан үнемделген қаражат есебінен Атамекен ауылының су құбырын жөндеуге қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймын», — деді аудан әкімі Санжар Жұматайұлы.

Ауданның мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 820 бала тәрбиеленуде. Алайда бүгінгі таңда аудан орталығы бойынша 303 бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Осы проблеманы шешу мақсатында облыстық білім басқармасына мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы 280 орындық балабақша салуға ұсыныс берілген. Саламын деп отырған мердігер де бар. Бұл мәселе, бұйырса, оң шешілмек.

Есепті кездесу барысында аудан деңгейінде шешілмейтін мәселелер де көтерілді. Соның ішінде, төрт елді мекендегі медициналық мекеме ғимараттарына (Достық, Ақтау, Мерей, Мереке) күрделі жөндеу жүргізуді, екі елді мекендегі медициналық мекемелерді (Мереке, Мерей) «Жедел жәрдем» көлігімен қамтамасыз етуді, үш орта мектеп-балабақшаларының (Атамекен, Сәтбаев, Ақтау) ғимараттарына күрделі жөндеу жасау қажеттігі айтылды.

Аудан басшысы Санжар Әлиев өткен жылғы есептік кездесуде қойылған 22 сұрақтың ішінен жергілікті бюджет қаржысы есебінен биыл шешілетін шаруаларға нақты тоқталды. Атап айтқанда, Амангелді орта мектебінің спорт залы ағымдағы жөндеуден өтеді, Достық ауылына дейінгі екі шақырым жолға және II Шежін ауылының ішіндегі жолдарға жергілікті материал төселеді, Ақтау орта мектебіне балалар тасымалына қажетті жаңа көлік алынады, қалған төрт округте (Мерей, Амангелді, Қосшы және Тасқала) жасанды төсемі бар спорт алаңдары салынады, Тасқала ауылының ішіндегі 1012 шақырым көше жолына жергілікті материал төселіп, осы ауылдағы Орджоникидзе көшесінің асфальт төсемі ағымдағы жөндеуден өтеді, оның жанына жолаушылар жолы салынады, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев атындағы саябақты абаттандыруды одан әрі жалғастыру.

Оның сыртында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аудан орталығында екі қабатты 28 пәтерлік екі үйді салу жобасы жасақталуда. Күні бүгін тұрғын үй кезегінде 205 адам тұрса, алдағы төрт жыл ішінде дәл осындай үйлерді салу арқылы кезек толық жойылады деген үміт бар.

Аудан әкімінің баяндамасынан соң жарыссөзге шыққан еңбек ардагері, белгілі өлкетанушы Ғ. Хисамединов аудан аумағымен өтетін «Алматы — Мәскеу» жолаушылар пойызының Шипов стансасына асығыс аялдайтындығына алаңдаушылық білдіре келе, Көшім — Шежін су арнасының қайтадан тазартылып, халыққа, малға өте қолайлы жағдай туғанына көңілі толатындығын жеткізді және осы үлкен шаруаны қолға алып, нәтижелі аяқтап шығуға жұмыстанып жатқан Алтай Сейдірұлына тұрғындар атынан алғыс айтты.

Ақтау ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Дәулет Дүйсенғалиев көпшіліктің көкейінде жүрген өзекті мәселелердің бірі – ақ адал өсірген мал бағасының арзандығын, жүн, тері шикізатының іске аспай, іріп-шіріп жатқандығын өкінішпен айтып, нақты мысалдармен дәлелдеп берді. Одан бөлек кездесуде Деркөл өзенінің санитарлық тазалығы мәселесі де айрықша көтерілді.

Есептік кездесуде сондай-ақ облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов және облыстық сот төрағасы Бек Әметов сөз алып, Елбасы тапсырған құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидаттарын, медиация, бітімгерлік заңдылықтарын халыққа қарапайым жалпақ тілмен түсіндіріп берді.

Аудан тұрғындарымен басқосуды өңір басшысы Алтай Көлгіновтің өзі түйіндеді. «Тәуелсіздік алғалы бері 25 жыл ішінде заман адам танымастай өзгерді. Мен Батыс Қазақстан облысын жеті жылдан бері білемін. Екі жыл Президент Әкімшілігінде облысқа куратор болдым. Бес жылдан бері нақты істің басындамын. Ал осы уақыттан бері ой жүгіртіп қарасақ, көптеген үлкен шаруалар істелді. Бұрынғымен салыстырғанда қазіргі қойылатын сұрақтар да сапалы жағына қарай өзгерді. Өткен жылы жергілікті полиция қызметі құрылып, олар халықпен 500-ден аса кездесу өткізді. Біз шекарада жатқан өңірміз. Сол себепті мал ұрлығы жиі болады. Шекарадан өтіп кеткесін ол малды қайтару қиын. Мұндай жағдай болмас үшін сіздердің тарапыңыздан да жауапкершілік қажет. Жаңа аудан әкімі Санжар Жұматайұлы атқарған жұмысы туралы баяндады. Бұл – Елбасы қабылдаған бағдарламалардың нәтижесі. Оған өткен жылы облысымызға 47 млрд. теңге қаржы бөлінді, 22 мың адам жұмыспен қамтылды. Жол құрылысын өздеріңіз де көріп отырсыздар. «Нұрлы жол» бағдарламасының шарапатын бірден-бір сезініп отырған осы Тасқала ауданы. Биыл былтырғыдан да көп жол салынады, келер жылы жол РФ шекарасына дейін жетеді. Биыл облыстағы 50 елді мекенге таза ауыз суы жеткізіледі. Төрт ауданның аумағымен өтетін Киров — Шежін су арнасын жаңғыртудың үшінші кезеңінің сметасы жасалды, қажетті 2,5 млрд. теңге қаржыны бөлдіру мәселесімен жұмыстанбақпын. Егер ол шешілсе, адамға да, малға да өте жайлы жағдай тумақшы. Осы жерде Деркөл өзенінің тазалығы туралы сұрақ қойылды. Әрине, өзеннің өн бойына бейнекамера орнатып тастауға болады. Бірақ  одан жағдай толық түзеліп кетеді деп айта аламыз ба?! Жоқ. Біз, ең алдымен, өзімізді тәрбиелеуіміз керек, баланы тал бесіктен баулып, мектептен дұрыс бағыт берсек қана мәдениетті адам пайда болады.

Бізде жастар ұйымдары бар, соларды осындай игі іске жұмылдырған жөн. «Алматы — Мәскеу» жолаушылар пойызының Шипов стансасына аялдау мәселесіне байланысты мен мән-жайды толық анықтап, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның басшылығымен сөйлескеннен кейін ғана жауап беретін боламын. Қойын дәптеріме түртіп алдым», — деді Алтай Көлгінов өз сөзінде.

Есептік кездесу соңында тұрғындардың аудан әкімінің жұмысына берген оң бағасын қаперге алған өңір басшысы Санжар Әлиевтің еңбегіне жақсы баға берді.

Тоқтар  КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

Тасқала  ауданы