13.02.2017, 20:55
Қараулар: 224
Аудан әкіміне нақты міндеттер белгіленді

Аудан әкіміне нақты міндеттер белгіленді

PRI_4944


Теректі  аудандық  орталықтандырылған  аурухана  ғимаратына 1984  жылдан  бері  күрделі  жөндеу  жүргізілмеген. Бұл  жайында аудан  орталығындағы  әлеуметтік  нысандарды аралаған  облыс әкімі  Алтай  Көлгіновтің  аурухана  ұжымымен  кездесуінде  айтылды.  «Бұл мәселемен  жете  таныспыз.  Биыл  жөндеу жұмысы  басталады.  Ең  бастысы, науқастардың  жайы  мен  оларды  қарайтын мамандардың біліктілік  сапасы  басты  назарда  болуы  тиіс.  Ғимарат  жөнделгенше  емдеу  ісін  үзбеңіздер.  Науқастарға  жайлы орын  қарастырылсын», – деді облыс әкімі аудандық  аурухананың  директоры   Мадияр  Өтешевке.  Іссапар  барысында  облыс  басшысымен  бірге  Президент  Әкімшілігінің  мемлекеттік  инспекторы  Талғат  Байзатов,  облыстық  мәслихаттың  хатшысы Мәлік Құлшаров және бірқатар салалық  басқармалардың басшылары болды. Олар Федоров  ауылында  ғимараты  күрделі жөндеуден өткен №1  орта  мектептің  тыныс-тіршілігімен  танысқан соң, Теректі ауданының  әкімі  Мұрат Мұқаевтың  тұрғындарға  есеп  беру  жиынына  қатысты.


Идиятов – мықты инвестор

«Тұрғындар сұранысына орай, былтыр Приречный ауылындағы мектеп ғимараты пен аудан  орталығындағы Бейбітшілік көшесінің жолы  күрделі жөнделді», – деп баяндамасын бастаған аудан әкімі Мұрат Мұқаев ауыл шаруашылығы саласына қатысты мемлекеттік бағдарламалар нәтижесі мен алдағы уақытта атқарылатын жобалар жөнінде ақпар берді. Оның мәліметінше, биыл ауданда 30 мал бордақылау алаңын жасақтау арқылы 40 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. «Береке» бағдарламасы негізінде екі мал сою қосыны іске қосылмақ.  Қазақстан – Түрік индустриялық аймағын жандандыруға Ақсуат ауылдық округінде 300 гектар жер телімі дайын. Оның ішінде 100 гектар аумаққа жылыжай кешенін салу үшін Иран инвесторларымен келіссөздер жүргізілуде. Жиында бүгінде Орал қаласында тұратын кәсіпкер Сержан Идиятов сөз алып, биыл жеке инвестиция есебінен аудан орталығында 100 орындық қоғамдық монша және пицца тағамын дайындайтын  орын, бассейн нысанының құрылысын қолға алғысы келетінін айтты. Ол алдағы төрт-бес жыл ішінде жылына 100 млн. күйдірілген кірпіш тас шығаратын зауыт салып, 50 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлағанын жасырмады. Ол үшін ресейлік компаниямен келіссөз жүргізуде екенін тілге тиек етіп, туған жеріне деген жанашырлығымен  көпті  сүйсінтті.

Аудандағы маңызды жобаның бірі – Богданов ауылдық округі  Алғабас елді  мекенінде «АВS-мұнай» ЖШС қолға алатын мұнайды қайта өңдеу зауытының құрылысы. «Шетелдік инвесторлар еуростандарт негізінде бұл жобаны 400 млн. доллардан астам қаражатқа жүзеге асырады. Үш жыл бойы салынатын зауыт құрылысымен қатар, Подстепный – Федоров – РФ шекарасы  бағытындағы автожолға республикалық бюджет есебінен күрделі жөндеу жүргізіледі. Құрылыс жұмыстарында 500-ден астам адам жұмыспен қамтылады. Зауыт іске қосылғанда 200 жұмыс  орны ашылып, тең жартысына жергілікті тұрғындар тартылады»,  – деді аудан әкімі Мұрат Мұқаев.

PRI_9182Жолды  жөндеуге  қаржы  тапшы

Аудан басшысы Мұрат Мұқаевтың баяндауынша, бойында Барбастау, Жаңаөмір, Подстепный ауылдары орналасқан Самара – Шымкент республикалық күре жолын жөндеу өзекті күйінде. Оған «Қазақавтожол» АҚ арқылы қомақты қаражат бөлу қарастырылуда.  Былтыр облыстық маңызы зор Аңқаты – Сарыөмір жолы жөнделді. Жайық өзені жанындағы Барбастау – Индер автомобиль жолының аудан аумағындағы 76 шақырым бөлігін асфальттау назарға алынса, соның бойында елді мекендерге шоғырланған 13 мың тұрғын алдында жол мәселесі шешіледі. Мұрат Рахметұлы облыс басшысына Федоров – Приречный – Ақсай бағытындағы 50 шақырым жолды күрделі жөндеуге қаражат тапшы екенін айтып, ең болмаса ағымдағы жөндеуге құрылыс материалдарын бөлгізуді сұрады. Сонымен қатар Федоров ауылында Тәуелсіздік көшесін күрделі жөндеуге 425 млн. 501 мың теңге қажет екенін жеткізді.

Ауыз  суға  жарымаған  Жайық

«Жайық ауылында ауыз су мәселесі 25 жылдан бері шешімін таппады. Бұрынғы су мұнарасы әбден ескірген. Одан күніне екі мәрте ғана техникалық су алынады. Темір жол бекетінің жұмысшыларына тасымалданатын ауыз су кейде тұрғындарға жетпей жатады. Жаздыгүні  үйдегі су қоры үш-ақ күнде таусылады», – деді жиында Наталья Кужантаева теректіліктер күрмеулі түйіндерді ортаға салғанда. Аудан әкімі Мұрат Мұқаев бұл мәселемен таныс екенін айтты. «Федоров ауылдық округіндегі бұл елді мекенде 600 адам тұратыны мәлім. Бұрын Покотилов пен Жайық бекеті арасында тұщы су қоры бар екені анықталған. Биыл жеті шақырым жерден су құбыры желісін тартып, су мұнарасын тұрғызу мүмкіндігін қарастырамыз. Бұл мәселе жоспарға енгізілді», – деді ол. Аудан басшысы биыл Ұзынкөл, Жаңаөмір ауылдарына ауыз су құбырын тартуға жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталуда екенін хабарлады.

Теректі ауданындағы 52 елді мекеннің 32-сіне ғана көгілдір отын жеткізіліпті. Биыл 16 елді мекенге газ жеткізу үшін 18 млн. теңге қаржыға техникалық-экономикалық негіздеме жасақталуда. Былтыр Талпын елді мекеніне газ құбыры жүргізілді. Бірақ ондағы білім беру және емдеу нысанында талапқа сәйкес жылу қазандығы болмағандықтан, аталған мекемелер көгілдір отынмен қамтылмады. Бұл жайында аудан  басшысы мәлімдеді.

Мұрат Рахметұлы аудандағы жеті орта және екі негізгі мектептің ғимаратын күрделі жөндеу қажеттігін айтты. Ақжайық ауылында бастауыш мектепке жаңа ғимарат керек.  Ауданда алты елді мекенде денсаулық сақтау нысанын салу және 20 емдеу мекемесінің ғимаратын жөндеу өзекті болуда. Биыл Подстепный ауылында жаңа мәдениет үйінің құрылысы басталмақ. Құрылыс құны – 325 млн. теңге. Және осы ауылда денсаулық сақтау-сауықтыру кешенінің ЖСҚ-сын жасақтауға аудандық бюджеттен 4 млн. теңге бөлінген.

– Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай облысымыздағы әлеуметтік нысандарды жөндеу үшін республикалық бюджеттен 5 млрд. теңге бөлінді. Сол қаражатқа 215 нысан жөнделді. Соның ішінде Теректі аудандық мәдениет үйінің ғимараты жаңа кейіпке енгенін білесіздер, – деді облыс әкімі Алтай Сейдірұлы. – Өңірімізде ауыз су мәселесі өте өзекті. Ауылдарды орталықтандырылған ауыз сумен қамту бойынша жұмыс біздің облыста төмен деңгейде. Былтыр Парламент депутаттары мен салалық министрліктердің қолдауымен республикалық бюджеттен 2017-2018 жылдар аясында «Ақбұлақ»  бағдарламасын жүзеге асыруға 11 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді.  Облысымыздағы 50 елді мекенге ауыз су құбыры тартылмақ. Соның ішінде Теректі ауданындағы Ақсуат, Ақжайық, Новоповлов, Сарыөмір, Аңқаты ауылдары қамтылған, – деді облыс басшысы.

инфо 10Жұмыссыздар  мен  қылмыс  жасаушылар көбейген

Есеп беру жиынында облыс әкімі Алтай Көлгінов аудан басшысына нақты міндеттерді белгіледі.

– Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 36 пайызға азайған. Кіріс қаржының көп мөлшері әуежай жолағын жабдықтауға жұмсалғанын білеміз. Дейтұрғанымен инвестиция көлемін ұлғайту Елбасы тапсырмасы екені ескерілуі тиіс. Жұмыссыздар саны көбейген. Денсаулық саласында кемшін тұстар бар. Қылмыс дерегі артқан. Аталған мәселелердің шешімін табу үшін жұмыстаныңыз!  – деді Алтай Сейдірұлы.

Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлім Қоқашев тұрғындарды баспанамен қамту жеткіліксіз екендігін алға тартты.

Аудан әкімі Мұрат Мұқаев биыл аумағы 70 шаршы метр ғана тұрғын үй салу жоспарланғанын жеткізді. Облыс басшысы мұның аз екенін айтып, «Нұрлы жер» бағдарламасы ауқымында баспана құрылысын жандандыруға жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындауды  тапсырды.

«Долинный және Богданов ауылдары көгілдір отынмен қамтылмағаны белгілі. Әлеуметтік нысандар жайы қалай? Қосымша отын қорын жасақтауға тиіс едіңіздер. Әсіресе, қыраулы қыста мектептегі балалар неге тоңуы тиіс? Бұл мәселенің анық-қанығына жетіп, білім ошағын жөндеуге жобалық құжаттамалар жасауды, кейін нәтижесі туралы есеп беруді қатаң тапсырамын», – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов аудан басшысына. Өңір жетекшісі өзге де өзекті мәселелердің шешу жолын баяндап, Елбасы Жолдауында айтылғанындай,  аграрлық сектор мен шағын және орта бизнесті дамытуға баса мән берілетінін жеткізді.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»