13.02.2017, 20:46
Қараулар: 126
Жариялылық күшейіп, ашықтық қамтылады

Жариялылық күшейіп, ашықтық қамтылады


Облыс  әкімі  Алтай Көлгіновтің  төрағалығымен  Сыбайлас жемқорлықтың  алдын  алу  жөніндегі  комиссияның  отырысы  өтті.


Мемлекеттік және құқық қорғау құрылымдарының басшылары қатысқан жиында облыс әкімі Алтай Көлгінов: «Елбасы ұсынған бес институционалды реформаның бесінші бағыты ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған. Жемқорлықтың алдын алу шараларын жетілдіріп, азаматтардың тікелей қатынасы арқылы жүзеге асырылатын қызмет түрлеріне барынша жаңашылдық енгізу – уақыт талабы. Мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік қызмет көрсету және мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржы бөлетін (субсидиялау) мекемелерде барынша ашықтық қамтылуы тиіс. Сондықтан жемқорлық қаупі орын алатын әлгіндей ұжымдарды барынша бақылауға алу керек. Яғни нақты процесс кезін онлайн режимде көрсетуді, үкіметтік емес ұйымдары мен қоғам өкілдерін де бақылауға  тартуды  енгізу  қажет», – деді.

Облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов қадағалау органы профилактикалық жұмысқа арнайы жоба әзірленіп жатқанын алға  тартып, оған әрбір қатысушының ұсыныс-пікірі қосылатынын жеткізді. «Цифрлы Қазақстан бағыты бойынша барлық жерде сандық бақылауға көшуіміз керек. Мысалы, ішкі істер басқармасының жұмысына қатысты, дәлірек айтқанда, тергеулер жүргізілгенде ашықтық жетіспейді. Күдікті тергелетін кабинетте бейнекамералардың болуы қажет», – деді  С. Нұрпейісов.

Комиссия мүшелері тарапынан «Барлық деңгейдегі басшылар азаматтарды кестеге сәйкес қабылданғанда аудиожазба жүргізілу қажеттігі, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында мобильді қосымшалар жасалса да, артық етпейді» деген бірнеше ұсыныстар болды.

Облыс әкімдігі мен облыстық прокуратура арасындағы біріккен жобаны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының, мемлекеттік кірістер, мемлекеттік қызмет және ішкі істер департаменттерінің басшылары да қолдап, атсалысатындығын жеткізді.

1 наурызға дейін жобаның пысықталуын тапсырған облыс әкімі басқарма басшылары мен аудан әкімдері ай сайын өтетін Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі комиссияның отырысында тыңдалатындығын айтты.

Бұл жұмыстар қоғамдық кеңес пен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихатталып, тұрғындардың  назарына  жеткізілмек.

Облыс  әкімінің баспасөз  қызметі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар