13.02.2017, 20:36
Қараулар: 282
Ғайниден КӘРІМОВ: «Ұлдары Ауғанстанда қаза тапқан аналардың көз жасы әлі құрғаған жоқ…»

Ғайниден КӘРІМОВ: «Ұлдары Ауғанстанда қаза тапқан аналардың көз жасы әлі құрғаған жоқ…»

IMG_6155


Осыдан 28 жыл бұрын, яғни 1989 жылдың 15 ақпанында КСРО әскерін Ауғанстан аумағынан шығару операциясы аяқталды. Талай жас жігітті қыршыннан қиған осы соғысқа қатысып, екі мәрте жараланған Кәрімов Ғайниден Бауеденұлын біз таяуда әңгімеге тартқан едік.  Ол 1965 жылдың 17 наурызында Ақжайық ауданына қарасты Өлеңті ауылдық округінің аумағында жарық дүниеге көрінген. Кіндік қаны Жыландыда тамған. Ал бұл елді мекен – қазақтың асқақ рухты өр ақыны Жұбан Молдағалиевтың туған ауылы.


— Ғайниден құрдас, сен үшін Ауғанстандағы соғыс қашан, қалай басталды?

— Өзің сияқты Бауке, мен де ауылда өскен қазақтың қарапайым баласымын. Ал біздің бала кезімізде қыр баласы қалаға жетуге ынтық еді ғой. 1982-84 жылдары Оралдағы медициналық училищеде оқып, фельдшер мамандығын алып шықтым. Оқуымды тәмамдаған 1984 жылдың мамыр айының алғашқы аптасында әскерге алындым. Бірақ араға үш-төрт күн салып, дәлірек айтқанда, оныншы мамыр күні бірге аттанған 12 жігіттің, ішінде мен де бармын, Оралға кері қайтарды. Сол жылдары Ақтөбе төңірегіндегі Богословка деген елді мекеннің маңында Қазақстанның айналадағы алты облысынан әскерге алынғандарды жинап, Венгрияға аттандыратын арнайы жинау бекеті болды. Алғашында бізді сонда апарды. Алайда сол жолы бізді кері қайтаруларына қарағанда әскерге алынушыларды Венгрияға аттандырылуы тиіс мөлшерден көп жинап қойса керек. Оралға келгеннен кейін екі күннен соң, 12 мамырда жаңағы қайта оралған 12 жігітке және 13 жігіт қосып, бізді Ашхабадқа аттандырды. Сөйтіп, біз Ашхабадтың маңындағы Ауғанстанға аттандыру үшін дайындайтын арнайы әскери оқужаттығу орталығынан бір-ақ шықтық. Мұнда келіп, оқу-жаттығу машығына кірісер-кіріспестен командирлеріміз бізге алты айдан кейін Ауғанстанға аттанатынымызды ашық айтып, сол себепті оқу-жаттығу үдерісіне өте-мөте жауапкершілікпен қарауымыз шарт екендігін бірден қатаң ескертті. Сонымен генералиссимус Суворов айтқандай, «Тяжело в учении, легко в бою» деген қағидамен әскери дайындыққа қызу кірістік. Өзің де кезінде Отардың учебкасынан өткен екенсің, оқу-жаттығу, үйрену бағытындағы бөлімде әскери қызметтің қаншалықты қиын екендігін білесің ғой. Оның үстіне бізді тікелей ашықтан-ашық соғысқа дайындады ғой, өте қиын болды. Сонымен, араға алты ай салып, барша емтиханды сәтті тапсырып, сержант шенімізді алып, әскери өмірдің қыр-сырына ауыздандырған командирлеріміз бізді 1984 жылғы қазан айында ұшақпен Қабылға (Кабулға) аттандырды. Ауғанстанның астанасында бір түнеп, ертеңіне бізді тікұшақпен советтік әскерилер «Ажал алқабы» атап кеткен Черекар алқабына жеткізді. Осы жерге келгеннен кейін біздің ендігі бағытымыз Пәнжшер шатқалы (Панджшерское ущелье) екендігін білдік.

Пәнжшер шатқалы – Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы Пәкістанмен шектесетін Парван провинциясының аумағында. Ал Пәнжшер шатқалында ол кезде таулы жерде соғысу тактикасын өте шебер меңгерген, бертін келе «Пәнжшер жолбарысы» атанған Ахмад Шах Масұдтың жасағымен қиян-кескі шайқас жүріп жатқандығын біз сол қасаптан ауыр жараланып шығып, жергілікті госпитальда ем-дом алып, беті бері қарағасын енді Ташкенттегі госпитальға жөнелтуді күтіп жатқан солдат-сержанттардан естідік. Ал негізі мен алғаш рет Пәнжшер шатқалы туралы Ауғанстаннан елге 24 жасында Совет Одағының Батыры болып оралған капитан Игорь Плосконостан естідім. Ол Ауғанстаннан елге оралысымен Ашхабадтағы біздің барлаушылар батальонына командир болып келген-ді. Комбат бізбен әңгіме барысында Пәнжшер шатқалындағы жағдайдың өте күрделі екендігін жасырмады…

Қайыр-қош, сонымен, «Ажал алқабында» бір түнегеннен кейін бізді тікұшақпен Пәнжшер шатқалының аумағындағы Руха қышлағына жеткізді. Бізді апарған тікұшақ қонған жоқ. Тікұшақ жерге екі метр таяп келгенде алдын ала ескертілгендіктен, сақадай-сай отырған біздерге «Секіріңдер!» деген бұйрық берілді де, кезек-кезек секіріп, табанымыз жерге тиісімен әскери әмір бойынша жалма-жан алдын ала қазылып қойылған окоптарға бой тасалауға тиіс болдық. Осылайша КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстандағы шектеулі әскери контигентінің құрамындағы 682-мотоатқыштар полкіне қарасты 2-барлаушылар батальоны сапындағы біздің жауынгерлік жорық жылнамамыз басталды…

— Бірінші рет қандай жағдайда жараландың?

— Жағдайды барлап-бағдарлап, барлаушылардың негізгі әскери күштен біраз алда жүретінін өзің де білесің ғой. 1985 жылдың жетінші наурызында әдеттегідей біздің взвод барлауға шықты. Алдымызды орап, алдын ала бізден биік жерге жақсылап орналасып алған дұшпандар тұтқиылдан майдан ашты. Қоршауда қалдық. Оқ қарша борап, бас көтертпейді. Біз тау-тасты паналап, оқта-текте ғана жауап қатамыз. Бір кезде жаудың оғы саябырсығандай болды. Ұрымтал сәтті пайдаланып, енді біз күш ала бастадық. Алайда осы шабуыл барысында өзім сол жақ тіземнен жараландым. Бұл ештеңе емес, өмір бойы өзекті өртер өкініш, сол ұрыста мен Вячеслав Зимин (Ресейдің Свердлов облысынан), Анатолий Коньков (Кемеров облысынан) және өзіммен учебкада бірге болған татарстандық Роман Хадиев сынды керемет достарымнан айырылдым. Сол кезде Слава мен Толяның елге қайтып, дембельге кетулеріне бар болғаны жиырма шақты күн қалған болатын. Ал олардың жансыз денесі елге «№200 жүк» ретінде мырыш табытпен оралды…

Осыдан үш жыл бұрын мен ғаламтор арқылы Вячеслав Зиминнің ата-анасының телефонын таптым. Мереке-мейрамдармен құттықтап, ара-тұра Славаның анасымен әлі күнге дейін хабарласып тұрамын. Ананың аты ана ғой, мен хабарласқан сайын жылайды. Солай екен деп, мүлдем хабарласпай қоюға тағы болмайды. Ұлдары Ауғанстанда қаза тапқан аналардың көз жасы әлі құрғаған жоқ, бауырым. Сірә, өмір бойы құрғамайтын шығар…

— Ғайнеке, жаңа қарап отырсам, Ауғанстанда түскен фотоларыңның арасында жергілікті тұрғындармен түскен фотолар да бар екен. Олармен қарым-қатынастарың қалай болды?

— Олар бізді күндіз керек кезде көмек сұрап, «шурави, шурави» деп айналшықтап жүретін. Сөйте тұра сол кездері советтік әскерилердің арасында жергілікті тұрғындарға қатысты «Днем декханы, а ночью душманы» деген күдік-күмән болды. Шынтуайтына келгенде, бұл көзқарас әсте негізсіз емес-ті…

— Екінші рет жаралануыңа қарағанда алғашқы жарақаттан кейін біраз ем-дом алып, майданға қайта кірген болып тұрсың ғой…

— Қаншама ауыр, біраз жігіттің өмірін жалмаған қасіретті болса да, біздің взвод мен бірінші рет жараланатын ұрыстан абыроймен шықты. Соның айғағындай, мысалы, менің шешенстандық қандыкөйлек қарулас досым Алқа Абдолқадыров «Қызыл жұлдыз» орденімен, өзім «За боевые заслуги» медалімен марапатталдым. Басқа жігіттердің де ерлігі лайықты бағаланды. Дегенмен жаңағы шайқаста алған жарақаттың кесірінен мен 20 жасымды госпитальда қарсылауға мәжбүр болдым.

Жарты айға жуық Черекар қышлағындағы госпитальда емделіп, өзімнің батальоныма оралдым.

Екінші рет 1985 жылдың 18 қарашасында жараландым. Бұл жолғы жарам ауыр болды, оң жақ шабымнан екі оқ тиді. Бір апта Черекар госпиталінде жатып, 24 қарашада Ташкенттегі округтік әскери госпитальға аттандырды. Мұнда екі ай емделіп, 1986 жылдың алтыншы қаңтарында денемнен қос оқты алып, мені ауыр жаралануыма байланысты әскерден біржола босатты. Сөй-тіп, 1986 жылдың жиырма екінші қаңтарында «Ташкент–Мәскеу» пойызына отырып, елге бет алдым. Жиырма бесінші қаңтар күні таңда Оралда болдым. Сол күні кешкісін таяққа сүйеніп, аяғымды сылти басып, өзімнің Өлеңтіме жеттім. Әкем менің бала кезімде дүние салған-ды. Ал мен мүгедек болып оралсам да, сол күні анам мен бауырларымның қуанышында шек болған жоқ. Айтпақшы, мен туған ауыл-аймағыма жеткен күні болашақ қалыңдығым, біздің ауылдың менен бір жас кіші бойжеткені Светаның туған күні болып жатыр екен. Бір аптадан кейін ол менің елге оралуыма орай өткен кешіме келді. Сол кештен бастап екеуміздің арамызда романтикалық байланыс басталып, содан араға екі жыл жарымдай уақыт салып, екеуміз шаңырақ көтеріп, отау құрдық. Шүкір, екі ұл, бір қыз сүйіп, енді балалардың қуанышын, тойын күтіп жүрген жайымыз бар.

— Мектеп оқушыларымен, жалпы жастармен кездесуге барып тұрасың ба?

— Соңғы кездері ондай жүздесулерге баруды қатты сиреттім.

— Неге?

— Мені қазіргі кейбір жастардың ой-өресінің тым тайыздығы қынжылтады. Мәселен, алдыңғы жылғы кездесулердің бірінде жасөспірімдердің бірі менен «Ауғанстанда қанша кісі өлтірдіңіз?» деп сұрады. Осы да сұрақ па? Ауғанстанға мен өз еркіммен барып, кісі өлтіру үшін соғыстым ба?! Ауған соғысы – мен үшін өмір бойы жанымды жегідей жейтін қайғы-қасірет. Өзім қатысқан соңғы шайқаста менің тағы үш жолдасым, әскерге Семейдің Аягөзінен шақырылған Қайрат Оспанов, Семейдің Үржарынан алынған Бақтыбек Дүйсенбаев және алматылық Евгений Зиятков мерт болды. Қандай жігіттер еді, шіркін! Үшеуі де жиырмаға толар-толмас шақтарында шейіт болды. Үйленіп, ұрпақ сүймек түгілі, қыршынынан қиылған сол боздақтар қыздың ақ білегінен ұстап, бұрымынан иіскеп үлгерді ме екен?..

Ал жаңақалалық Жақсыбек Ғабдуллин елге бір аяғынан, оралдық Виктор Ленкин минаға түсіп, елге екі аяқ, бір көзінен айырылып оралды. Бұлардың екеуі де өзіміздің Оралдағы Ауыл шаруашылығы институтында оқып жүрген студент кездерінде қайтыс болды. Армияға Круглоозерный кентінен аттанған Сейітжан Аймырзин, оралдық Виктор Гнилометов, қаратөбелік Болат Жаншин, жаңақалалық Мағаз Дәулетов, тайпақтық Жастілек Мырзабаев Ауғанстанда алған жарақаттарының салдарынан елге оралғаннан кейін 3-5 жылдың ішінде бірінен соң бірі өмірден озды. Жүрегіміз соғып тұрғанда ешқашан жадымыздан өшпейтін осыншама қайғы-қасіретті көтеріп жүру маған, менің жер басып жүрген қарулас достарыма оңай дей ме екен қазіргі желөкпе жастар?..

— Соғыстан кейінгі өмірің қалай қалыптасты, Ғайнеке?

— Ауғанстаннан оралған біраз қаруластарым күштік құрылымдарға қызметке тұрып, барлығы дерлік қызмет бабында әжеп-тәуір дәреже-деңгейге жетті. Олардың көпшілігі бүгіндері доғарыстағы подполковник-полковник. Екінші жарақатымның ауырлығына байланысты күштік құрылымдарда қызмет етуді денсаулығым көтермеді. 1986-91 жылдары Орал педагогикалық институтының тарих факультетінде оқып, жоғары білім алдым. Бертін келе кәсіпкерлікке біржола ден қойдым. 1989 жылы ол кезде Орал қалалық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарып жүрген Жақыпов Қабиболла ағамыздың қолынан екі бөлмелі пәтердің кілтін алдым. Сүйген қызыма қосылып, жарасты жанұя болып, үш перзент сүйіп, оларды қалаған оқу орындарында оқуына жағдай жасап, қатарынан кем қылмай жеткіздік. Бүгіндері Астанада тұрамыз. Ал өзім кәсібіме байланысты Оралға жиі келіп-кетіп тұрамын.

— Қарулас жора-жолдастарыңызбен жүйелі байланыс бар ма?

4534— Ауғанстанның от-жалынынан өткен жігіттердің жора-жолдастығы – сыннан өткен достық. Біз бір-бірімізді іздеп тұрамыз. Бүгіндері Пәнжшер шатқалынан аман-есен оралған жігіттердің біразымен хабарласып тұрамын. 2013 жылы Алматыдан Алмасбек Айдарбаев, Атыраудан Марат Құлбарақов және мен Оралдан шығып, үшеуміз (6-беттегі астыңғы суреттер) Ауғанстанда оққа ұшқан семейлік достарымыз Қайрат Оспанов пен Бақтыбек Дүйсебаевтың туған ауылдарына барып, зираттарының басында болып, дұға бағыштап, тағзым етіп қайттық. Марқұмдардың әке-шешелері мен ағайын-туыстары риза болып қалды.

Біраз жылдан бері Алматыда тұрғанымен, Алмаз Айдарбаев негізі Керекудің жігіті. Осы азамат «Панджшер-KZ» атты музыкалық топ құрып, бүгіндері әскери-патриоттық әндер арқылы рухты ұрпақ тәрбиелеуге белсенді атсалысып жүр. Мен тұңғыш ұлыма осы Алмаз досымның атын қойсам, атыраулық Әлмұқан Қайыржанов кенже ұлын менің құрметіме Ғайниден деп атады. Бес перзенттің әкесі Марат Құлбарақов болса, бұл күнде мұнайгаз саласының майталман маманы. Мен алғаш жараланып, жазылғаннан кейін госпитальдан батальонға алып қайтқан қаратөбелік Ерболат Иманғалиев көптен бері салық саласында жауапты қызметте. Екеуміз Ашхабадта учебкада бірге болып, кейін жауынгерлік жолын Ауғанстанның Жалалабад провинциясында жалғастырған Ақжайық ауданындағы Первомай ауылының тумасы Сұңғат Аманбаев ұзақ жыл ішкі істер құрылымдарында абыройлы қызмет атқарды. Доғарыстағы подполковник Аманбаев қазір Орал қаласында тұрады. Молдовалық қандыкөйлек досым Николай Кестрюга – төрт-бес жылдан бері Мәскеудің тұрғыны. Сергей Птащинский сол өзінің Донбасында болса, ал тағы бір молдован бауырым Борис Руссу бұл күндері Англияның Аберден қаласында тұрады. Осы Серега Птащинскиий мен Боря Руссудың Астанаға қыдырып келіп, ерке Есілдің жағасындағы әсем Елордамызды көруге аңсарлары ауып жүр. Ал мені жыл сайын шешен бауырым Алқа Абдолқадыров өзінің атамекеніне, Қап тауына қонаққа шақырады. Алла жазса, алдағы жазда Алқа досыма, Шешенстанға қонаққа баруға ниеттеніп жүрмін…

— Жоспарлап жүрген сапарыңның сәті түссін, Ғайнеке. Әсерлі әңгімеңе бек рақмет.

Сұхбаттасқан Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

   «Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар