13.02.2017, 20:31
Қараулар: 163
«Ашық әкімдікте» өңір басшысы

«Ашық әкімдікте» өңір басшысы

IMG_6139


Сенбі күні облыстық қазақ  драма театрында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен  «Ашық әкімдік» шарасы өтті. Аталмыш шараға қатысқан  облыс тұрғындары жеке мәселелері бойынша облыс әкімімен,  облыстық басқармалар және қалалық бөлімдердің басшыларымен тікелей жолығуға мүмкіндік алды.


Шарада 41 мемлекеттік ұйым, құқық қорғау құрылымдары, 11 коммуналдық мекеменің басшы-қызметкерлері 242 адамды қабылдап, кеңес берді. Соның ішінде 44-і облыстық жер қатынастары басқармасына, 23-і энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына, 16-сы жергілікті полиция қызметіне, 15-і БҚО мемлекеттік кірістер департаментіне жүгінді. Ал 40 адам тұрғын үй мәселелері бойынша сұрақтарына жауап алды.

— Облыс тұрғындарына арнап «Ашық әкімдік» кездесуін  екінші рет өткізіп отырмыз. Елбасы Үндеуінде айтылғандай, ел алдында есеп беретін Үкіметті қалыптастыру белсенді қолға алынбақ. Өткен аптадағы аталмыш  шараға 311 адам келіп, барлығы 34 облыстық мекеме-ұйымның, оған қоса Орал қаласы әкімдігі бөлімдерінің басшылары мен қызметкерлерінен кеңес алған болатын.  Бүгін жұмысқа орналасу, жол салып беру немесе көпқабатты үйдің шатырынан су кету секілді ПИК-тердің жұмысына қатысты мәселелер бойынша 17 тұрғынды қабылдадым. Аталмыш мә-селелер болашақта өз шешімін табатын болады. Ал жердің, үйдің кезегі бойынша өтініш айтып келгендерге  қалада тұрғын үй кезегінде 17 мың, жер телімін алуға 70 мың адам есепке алынғанын және  барлық мәселе заң аясында шешілетінін түсіндірдім. “Ашық әкімдік” көптің көңілінен шығуда, сол себепті бұл шара жүйелі түрде ұйымдастырылатын болады, — деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

IMG_6114Көпшілікке қолжетімді ашық алаң жасақталғанына қуанған тұрғындар қоғамдық қабылдаудың дәстүрлі ұйымдастырылатынына риза болып тарқасты.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

“Орал өңірі”

Николай ФИЛАТОВ,

қала тұрғыны:

— 2004 жылға дейін Вокзал тұйығы көшесі,  61-үй,  40-пәтерде тұрдым. Бірнеше жыл «Колос» сауда үйінің асханасында аспаз болып жұмыс жасадым.  Қазір жасым алпысқа таяды.

Анам қайтыс болған соң ақша төлемесе де, тамағымды пісіріп берер деп студент қызға пәтерімнің бір бөлмесін босатып берген едім. Ол 2004 жылы бір қағаздарға қол қойдырып алды. Көзім нашар көргендіктен, коммуналдық қызметке қатысты қағаздар шығар деп ойладым. Алайда ол қағаздар үйді сату және сатып алу туралы  келісімшарт болып шықты. Келісімшартқа қол қойғаннан кейін үйсіз далада қалдым. Ақша да алған жоқпын. 2006 жылдан бері  қалалық сотқа жүгініп келемін. Ол қыз әр сотқа келген сайын әр түрлі жауап береді. Біресе 1 миллион 370 мың теңгеге сатты десе, енді бірде пәтерді сыйға тартты, сондықтан бір бөлмесіне тұруға мүмкіндік беремін деді. Ал қазір ол үйді қызына сыйға тартпақ ниетте. Сот шешімі бойынша бір бөлмесі маған тиесілі десе, үйді қалай сыйға тартуға болатынын түсінбеймін.  Сондықтан бүгін «Ашық әкімдік» шарасына келіп, облыс әкімі Алтай Сейдірұлынан кеңес алдым. Тағы да №2 қа-лалық сотқа жүгінетін болдым.

Марфуға МАШИРОВА,

қала тұрғыны:

— Екі бөлмелі үйде сегіз жан тұрамыз. Жердің кезегіне 2004 жылы тіркелгенмін. Тұрғын үй құрылысы бойынша  мамандардан кеңес алдым. Жер кезегі бойынша тізімде тұрған  тұрғындарға «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша үй салынатынын естіп, қуанып жатырмын. Сенбі  күні «Ашық әкімдік» шарасын ұйымдастырғанына ризамын.

Сәния ДИМАШЕВА,

қала тұрғыны:

— «Ашық есік» қабылдауында облыс әкімі Алтай Көлгіновке жолықтым. Әкем – I топтағы  мүгедек. Теректі ауданының Үлкен еңбек ауылында тұрамыз. Әкемді аудан орталығы Федоровтағы   ауруханаға жиі апарамын. Күн қатты салқындап кеткелі Федоровқа  қатынау қиындап кетті. Аудан орталығы Федоровтан уақытша тұратын бөлме болса да берілсе екен деп келіп едім. Облыс басшысы Алтай Сейдірұлы Теректі ауданының әкімі Мұрат Мұқаевқа жолығу қажеттігін айтты. Мәселе оңтайлы шешілетін түрі бар.

Манарбек  ҒАБДУЛЛИН,

БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы:

— Жергілікті полиция қызметіне қатысты 14 азамат келіп, өтініш айтты. А. есімді қала тұрғыны  жер учаскесін алып беремін деген  танысына 1 миллион 500 мың теңге берген. Кейін ақша да, жер де жоқ, алданып қалған. Ол осы мәселемен сотқа шағымданды. Бүгін сол азамат сот ісінің тергеу барысымен танысып кетті. Сондай-ақ тұрғындар өзі тұратын аудандарда жол ережесі белгісінің орналастырылмағанын айтты. Ал Б. есімді қала тұрғыны үйінің подъезіне маскүнемдер жиі кіріп кететінін және үйінің есігін сындырып кеткенін айтып шағымданды. Мұндай арыз-шағымдарды тіркеп, жуық арада мәселе шешілетінін түсіндірдік.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар