Мәуліт – мейірімділік мерекесі

Күні , 58 рет оқылды

DSC_0134


Бейсенбі күні облыстық қазақ драма театрында Мәуліт мерекесі, яғни сүйікті Пайғамбарымыз, Аллаһтың елшісі Мұхаммедтің туылған күнін ұлықтау шарасы өтті. ҚМДБ-ның облыстық бөлімшесі ұйымдастырған рухани басқосуға имамдар, зиялы қауым өкілдері және мұсылман жамағаты қатысты. Шарада  облыс әкімінің орынбасары Марат  Тоқжанов  жиналғандарды Мәуліт мейрамымен құттықтады.


Риясыз көңіл күй жағдайында өткен мерекеге халық көп жиналып, көрермендер залына сыймай кетті. Кеш сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір жолына қатысты «Көз жасымен жазылған сағыныш хаты» және «Омар ибн Хаттаб» атты көркем фильм және өзге де туындылардан үзінді берілген бейнебаяндармен ашылды. Жалпы алғанда, Мәуліт тойының басынан аяғына дейін Алла Тағаламызға және оның соңғы елшісіне (с.ғ.с.) мадақтау айтылған әндер шырқалып, жырлар оқылды. Отан мен ата-ана алдындағы парыз, бауырға құрмет, елге ізет көрсетуге шақыратын сазды туындылар мен әдеби шығармалар да орындалды. Орал мұсылман медресесінің шәкірті Баубек Бектұрғанов қасиетті Құран-Кәрімнің «Фатиха» сүресін мақамына келтіре оқып, көпшілікті ұйытты.

— Құрметті жамағат! Мұсылман қауымы жыл сайын атап өтетін Мәуліт тойы құтты болсын! Осыншама залға сыймай тұрған халықтың қарасы – қасиетті дінімізге шынайы құрметтің айқын белгісі. Әр ұлттың да негізі: дін, тіл, діл және мәдениет. Ислам – қазақтың ата-бабасы ұстанған рухани мұра. Әлі де талай ұрпақ мұсылман болып, өздеріне ата-бабасынан мұраға қалған рухани бағытты ұстай бермек. Біз соның ішінде исламның Әбу Ханифа бағытын ұстанамыз. Әрине, бүгінгі күрделі жағдайда исламның жаулары түрлі бүлдіргі әрекеттерін қоймай келеді. Солай болса да, қазақ ұлтының өзінің адами бет-бейнесін сақтап қаларына сенемін. Тағы бір айтарым, арамызда республикалық үгіт-насихат тобының мүшесі Арман Қуанышбайұлы отыр. Ол — Жайық өңіріне Әбу Ханифа мазхабын уағыздап, жұртты, соның ішінде жастарды жат діни ағымдардан сақтандыру үшін келген азамат. Мықты дінтанушы, сұңғыла білімдар Арманның уағызына құлақ түріп, естігенімізді қажетімізге жаратайық, — деді Марат Лұқпанұлы.

Келесі сөз алған Арман Қуанышбаев Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көркем мінезі, діни түсінік бағыттарында уағыз айтып, жиналғандарды ұйытып тастады.

Елең етерлік бір жәйт — медресе шәкірттері «Соқыр ана» қойылымын сахнаға шығарып, талайлардың жан дүниесіне ізгілік шуағын септі. Баласы үшін бір көзін қиып берген анаға көрсеткен тасбауыр ұлдың қатыгездігі мен тәкаппарлығы, кейін оның өз ісіне кеш опынуы кей көрерменнің көзіне жас үйірді. Сонымен қатар теректілік бүлдіршін оқушылар, егіз ұл Бейбарыс пен Сұлтан Ғарифуллиндердің «Әке мен ана» әнін шырқауына қол соқпаған көрермен қалмады. Әрі кештің өне бойына қасиетті Құран-Кәрім аяттарынан үзінділерді көркемдеп беріп тұруы көңілдерде жағымды әсер қалдырды.

Мәуліт кешінің соңында ҚМДБ-ның өңірдегі өкіл имамы Руслан Сұлтанов жамағатты ұлық мерекемен құттықтап, халықты ынтымақ пен бейбітшілікті нығайтуға шақырып, бәріне де отбасылық бақыт, табыс және денсаулық тіледі.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Тегтер: , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика