Ермек МОМЫНОВ, «Ораз» шаруа қожалығының жетекшісі: «Мемлекеттің көмегімен асыл мал өсір»

Күні , 149 рет оқылды

IMG-20170125-WA0003


Бөкей ордасы ауданының Бисен ауылдық округіндегі «Ораз» шаруа қожалығының жетекшісі Ермек Момынов мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен мал басын асылдандыруды алғашқылардың бірі болып қолға алған болатын. Ол төрт түлікті мыңғыртып өсірумен қатар мал бордақылау алаңын ашып, шаруасын дөңгелетіп отыр.


«Ораз» шаруашылығы қағаз жүзінде 2000 жылы құрылғанымен, өз жұмысын іс жүзінде 2012 жылы бастады. Ата-әжесінің мейірімді құшағында бұлғақтап өсіп, жеңгелері есті жігіт атандырған Ермек атасының есімімен аталатын әрі әкесі Мәлік негізін салған шаруа қожалығының жұмысын «жандандыруға» бел шеше кіріседі. Мал өсіремін, соның ішінде асыл тұқымды ірі қара өсіремін деушілерге «Сыбаға» бағдарламасының ұсынылғанын естиді, танысады. Содан кейін бұл бағдарламаның игілігін көрмекке бекінеді.

— Нарықтық қатынастар өмірімізге енген кезде мұндай жеңілдіктер болған жоқ. Сондықтан «Сыбағадан» өз сыбағамды алу үшін тиісті құжаттарымды «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстағы бөлімшесіне өткіздім. Кепілдікке жылжымайтын мүліктерімді салдым. 2012 жылы аталмыш қордан «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 13 миллион теңге несие алып, оған қарапайым мал сатып алдым. Ресейдің Орынбор облысынан қазақтың ақбас тұқымды 50 малын жеке қаражатыма әкелдім. Бұл менің қорқасоқтап алған ең алғашқы несием болатын. Оған қоса тұрғындардан өз қаражатыма мал сатып ала бастадым, — деп еске алады Ермек Мәлікұлы.

«Малдың жайын баққан білер» демекші, мал өсірген соң, оның қыстық жемшөбін дайындауға техникаң болмаса тағы қиын. Сондықтан шаруагер сол жылы «ҚазАгроФинанс» АҚ-ның облыстағы бөлімшесі арқылы 4 пайыз жеңілдікпен лизингке екі «МТЗ-82» тракторын, екі «КУН», екі шөп тайлағыш секілді ауыл шаруашылығы техникаларын алды. 2014 жылы тағы бір трактор мен орақ, одан кейінгі жылдары жеңілдікпен бір трактор алуға қол жеткізді. Қазір шаруашылықтың техника паркінде төрт «МТЗ-82» тракторы бар. Биыл да «ҚазАгроФинанс» арқылы екі трактор тіркемесімен және «КУН» алғысы келіп, құжаттарын дайындауда.

«Мал балағынан өседі» демекші, жылдар алға жылжыған сайын мал басы да артты. Шаруа адамының айтуынша, несиелік қаржыны қайыру қиынға түспеген. 2014 жылы қазақтың ақбас тұқымды малын өсіретін шаруашылық мәртебесін алған «Ораз» шаруа қожалығы қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасының мүшесі болды. Шаруашылық содан бері асыл тұқымды малын сатып отыр. Палатаға мүше болу малды асылдандыруға көп көмегін тигізетін көрінеді. Әрі асыл малға баға береді.

— Төрт түліктің төресі саналатын жылқы өсіремін, оны асылдандырамын деушілерге “Құлан” бағдарламасының көмегі зор. 2015 жылы «Құлан» бағдарламасымен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның облыстағы бөлімшесі арқылы 14 пайызбен 9 миллион теңге несиелік қаржы алдым. Бұл қаржыға Көшім жылқысының төрт айғырын «Сәбит» шаруа қожалығынан сатып алып, үйірге қостым. 2016 жылы 400 басқа арналған мал бордақылау алаңын салдым. Қазір онда 200-ден аса бұқа және жылқы, қой бордақылануда. Мал етін сұраныс түскен жерлерге апарып өткізудеміз, — деді Ермек Мәлікұлы.

Енді іскер жас биыл бордақылау алаңын 1000 басқа арнап ұлғайтуды жоспарлаған. Жаз шыға құрылыс жұмыстарын бастамақ. Малдың жәйін, шаруаның қамын білетін, ұсынықты шаруаның мал қоралары да жаңа, тіпті жасыл түсті қаңылтырмен көмкерілген төбелері алыстан көз тартады. Қа-зір Ораз қыстағында 350 бас асыл тұқымды ірі қара, 200-дің үстінде жабы жылқысы, 1,5 мыңдай уақ жандық қыстатылуда. Мал азығы жеткілікті.

— Малды асылдандыру бір күнде болатын жұмыс емес. Оған ондаған жыл керек. Ал іс жүзінде асыл мал мен қарапайым малдың арасында айырмашылық үлкен. Мал асыл болса, одан алынатын өнім де мол, табыс та көп. Мемлекет асыл тұқымды бұқаға, аналық малға субсидия береді. Бұл да — көмек. Жерлестеріме, ауыл-аймақтағы ағайындарға айтарым, мемлекеттік бағдарламаларға қорықпай қатысып, атакәсібімізді дамытуға, мал өсіріп сол арқылы тұрмыс-тірлігімізді бақуатты етуге ұмтылайық дегім келеді. Өзім де шағын шаруашылықтан бастадым, мемлекеттің көмегімен асыл тұқымды мал өсіруге қол жеткіздім. Қазір ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бағытында екі шаруашылық ашуға қам жасаудамын. Жалпы, бұл жерде аудандық кәсіпкерлер палатасының тұрғындар арасында мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жұмыстарының оңды жолға қойылғандығын палата басшысы Бибігүл Жұмағұлованың көмегі зор екенін айтуға тиіспіз. Сондықтан мал өсіремін, кәсіпкерлікке ден қоямын дейтін азаматтарға палатадан тегін кеңес алуға болатынын айтқым келеді. Сонымен қатар Ақжайық, Жаңақала аудандарындағы ірі шаруашылықтардың басшылары, шаруагер Ақылбек Сағитов, Айдар Испембетов, Қанат Қауметов, Бекболат Жағыпаров, Зайдок Нығметов, Ерболат Құрманғалиев, Қанат Досқалиев сынды ағаларымның ақыл-кеңесін алып, бағыт-бағдар алып отырамын, — деп ой бөлісті Ермек Мәлікұлы.

Бүгінде 10 ауылдасын тұрақты жұмыспен қамтып отырған шаруагер Ермек Момынов мал өсіруден түскен кірісін тек мал басын көбейтуге жұмсап отыр. Ресейдің бірқатар қалаларында, Татарстанда, Башқұртстанда болып, сүт өңдеу кешендері мен мал бордақылау алаңдарының іс-тәжірибелерімен өз бетінше танысқан оның жоспары көп. Бастысы, «Әкем, әкемнің әкесі Ораз атам мал өсірген құтты атақоныстың ажары таймаса екен», — дейді ол.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»,

Бөкей ордасы ауданы


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика