Оралдағы алау эстафетасы

Күні , 52 рет оқылды

IMG_4826


Кеше ХХVІІІ дүниежүзілік қысқы универсиаданың алауы Орал қаласында жағылды.


Таң қараңғылығы сейіле сала, жастар легі Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-дың бас ғимаратына қарай ағылды. Шыңылтыр аязға қарамастан, универсиада құрметіне ұйымдастырылатын шараны тамашалауға келген көрермендердің қарасы көбейе түсті. Әсіресе, эстафетаға қатысушылар мерекелік көңіл күйге бөленген. Олар қаз-қатар тізіліп, маңызды міндетіне кірісуге сақадай сай тұрды.

Университет ғимараты алдында алау эстафетасы салтанатты түрде ашылып, ән шырқалып, батырларша киінген жігіттер би биледі. Көрермендер назарына ұсынылған шағын көріністе егемен еліміздегі бірлік пен тұрақтылықтың нышаны ретінде түрлітүсті лентамен көмкерілген шаңырақ пен өзге ұлт өкілдері бейнеленді. Ақ тілегін ақтарған кейуана қолымен аялай, аманат қып берген отпен екі батыр тұғырға орнатылған ұстын ішіне алауды тұтатты. Сосын облыс әкімі Алтай Көлгінов сөз алды.

– Елімізде осындай дүбірлі доданың өтуі – қазақстандықтар үшін зор абырой, тарихи оқиға. Екі күн бұрын алау эстафетасын бастаған Елбасымыз осы универсиада Тәуелсіз Қазақстанның тарихында баршамызды біріктіретін бүкілхалықтық мерекеге айналады деп сенім білдірген еді. Универсиадаға қатысатын спортшыларымыз қазір дайындық үстінде. Оларға сәттілік тілейміз. Біздің өңірде эстафета тарихи оқу ордасында бастау алуы тегін емес. Барша жастарды спортпен шұғылдануға шақырамыз, – деді облыс басшысы.

IMG_4852Кейін ақ шымқай спорттық киім киген, оттың өшпеуін қадағалайтын топ мүшелері тұғыр үстіндегі оттан тұтатып берген алауды облыс әкімі Алтай Көлгінов Рио олимпиадасының жүлдегері, жерлесіміз Екатерина Ларионоваға табыстады. Салтанатты эстафетаны бастаған танымал спортшыға қала тұрғындары дем бере қошемет танытты. Одан әрмен отызға тарта қатысушы Достық және Еуразия даңғылымен 200 метр сайын бір-біріне алауды табыстап, эстафета тізбегін қаладағы мұз айдыны спорт сарайында тәмамдады. Айта кетерлігі, көшедегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін облыстық ішкі істер департаменті 400-дей полиция қызметкерін жұмылдырды.

Түс қайта мұзсарайдан шыққан екінші топ эстафета алауын теннис орталығына жеткізді. Сол кезде спорт зал әсем әуен әсерінен жаңғырып тұрды. Сахнаға облыс басшысы Алтай Көлгінов пен алауды алғаш қабылдап алған Екатерина Ларионова көтерілді.

Кейін 12 шақырымды жүгіріп өткен эстафетаға қатысушыларды барша көрермен қошеметпен қарсы алды. Жастар эстафета жоралғысын аяқтауы тиіс даңқты палуан, самбодан төрт дүркін әлем чемпионы, әлем кубогының иегері Ерболат Байбатыровқа қақ жарыла жол ашты. Палуан облыс әкімі Алтай Көлгіновке алауды табыс етті. Алауды қабылдаған облыс әкімі бүгін батысқазақстандықтар үшін тарихи күн екенін айта келіп, эстафетаны ұйымшылдықпен өткізгендерге алғыс айтты. Сонымен қатар облыс басшысының қасындағы танымал қос спортшы да ізгі лебіздерін жеткізді.

Өңір басшысы Алтай Көлгінов универсиада рәмізін отты қорғаушыларға берді. Олар алауды сөндіріп, шыны ыдысқа салды. Универсиаданың басты рәмізі Алматыға жөнелтілетіні салтанатты түрде хабарланды. Кейін туған елге арналған әндер шырқалып, жастардың би кеші басталды.

Еске сала кетсек, Алматыда өтетін универсиадаға әлемнің 56 елінен 2181 спортшы спорттың 12 түрі бойынша сайысқа түседі. Біздің облыстан бес шорт-трекші – Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Айдар Бекжанов, Анита Нагай, Нұртілек Қажығали қатысады.

IMG_4726IMG_4926

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

“Орал  өңірі”

Артур ҮМБЕТҚАЛИЕВАртур ҮМБЕТҚАЛИЕВ,

грек-рим күресінен жастар арасынан әлем чемпионы:

– Эстафета тізбегінде Екатерина Ларионовадан кейін қолыма алау тиген екінші қатысушы болдым. Көңілім қуанышқа толы күн болды мен үшін. Мұндай шаралар, әлбетте, жастардың спортпен тұрақты айналысуына зор әсерін тигізеді. Универсиада – нағыз бәйге алаңы. Эстафетаға қатысып, жанкүйерлік танытуға мүмкіндік жасаған ұйымдастырушыларға алғыс айтамын.

Екатерина ЛАРИОНВАЕкатерина ЛАРИОНОВА,

әйелдер күресінен Қазақстанның 16 дүркін чемпионы, Рио олимпиадасының қола жүлдегері:

– Эстафета алауы алдымен маған берілгенде, олимпиадаға тағы жолдама алғандай әсерде болдым. Біздің өңірден универсиадаға қатысатын спортшыларға сәттілік серік болсын деген тілектемін.

Эстафета шарасы баршаға жоғары көңіл күй, ерекше жігер сыйлады.

Жанат САЙЫНЖанат САЙЫН,

шахматтан оқушылар арасынан әлем чемпионы:

– Универсиаданы өткізу құрметіне ие болу еліміз үшін зор мәртебе екені анық. Бұл оқиға – мемлекетіміздің жан-жақты даму үстінде екенін әлемге әйгіледі. Бүгін Орал қаласында өткен эстафета шеруі көңіл толқытарлық сәттерді сыйлады, қуаныштымын!

Александр ТКАЛИЧ,Александр ТКАЛИЧ,

алау қорғаушысы:

– Алау эстафетасында бізге зор жауапкершілік жүктелген. Себебі құтыдағы от сөніп қалмай, мәреге жетуі тиіс. Әріптестерім эстафетаға қатысушылармен бірге жүгіріп отыратын болады. Қолайсыздықтың алдын алу үшін бұл маңызды. Қысқы думан да тамаша өтуде. Алға, Қазақстан!

Еламан ӘЛІПҚАЛИЕВЕламан ӘЛІПҚАЛИЕВ,

допты хоккейден қысқы Азия ойындарының жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Биылғы қыс спортшылар үшін жаңалыққа толы екені анық. Міне, біздің шаһар универсиада құрметіне ұйымдастырылған эстафета шеруіне үн қосуда. Қысқы спорт түрімен шұғылдану оңай емес. Ол үшін ерекше ерік-жігер, зор қайратқа ие болу керек. Біздің елдің спортшылары намысты қолдан бермес. Жалпы, қазақстандық хоккейшілердің қарқыны жақсы екенін көптеген ел мойындайды.

Әйгерім ТӨЛЕНӘйгерім ТӨЛЕН,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың студенті, ҚР Президенті атындағы шәкіртақы иегері:

– Эстафета алауын ұстау құрметіне ие болғаныма қуаныштымын. Елбасымыз жастарды білім-ғылым жолына түсіп, түрлі мәдени-спорттық шараларға белсене қатысуға үндеп отырады. Мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықты айқын сезінген соң, біз болашағымызға сеніммен қараймыз. Өзім спортпен белсенді айналысамын. Қыста шаңғы тепкенді ұнатамын. Универсиадаға қатысатын спортшыларымыз Отанымыздың абыройын асқақтатады деп сенемін.

Ержан ҚАЙЫРЛИЕВЕржан ҚАЙЫРЛИЕВ,

Орал қалалық №26 мектептің 7-сынып оқушысы:

– Сыныптастарымызбен Достық даңғылында салтанатты түрде алау ұстап бара жатқан эстафета қатысушыларына қызыға қарадық. Бәрі де әсем киінген, көңілдері көтеріңкі. Спорт – денсаулық кепілі. Спортпен айналысқандардың денсаулығы мықты болады, қысқы аязды елең қылмайды. Универсиадаға қатысатын қазақстандық спортшыларға сәттілік тілеймін!

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВОлжас СҮЛЕЙМЕНОВ,

ҚР спорт шебері, дзюдо күресінен жастар арасынан ел чемпионатының жүлдегері:

– Жаңа жылда жақсы жаңалықтарға, жарқын сәттерге куә болудамыз. Ең алдымен, атаулы мерекемен барша жерлесімді құттықтаймын! Дүниежүзілік қысқы универсиада біздің елде өтіп жатқанына қуаныштымын. Ақ қар, көк мұз үстінде өтетін аламанға 56 мемлекеттен екі мыңнан астам спортшы қатыспақ. Қазақстандықтардың биіктен көрінуіне әрдайым тілекшімін, әрине. Қысқы спорт түрлерінен шаңғы мен биатлон ұнайды. Болашақта еліміздің көк Туын желбіреткісі келетін жастар спортпен тынымсыз айналысуы қажет.


Тегтер: , , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика