25.01.2017, 20:10
Қараулар: 161
«Ақбұлақ» Аралтөбеге де келмек

«Ақбұлақ» Аралтөбеге де келмек

IMG_0060


Жергілікті әкімдердің есеп беру кездесуі Аралтөбе ауылдық округінде де өтті. Кездесуге келген аралтөбеліктер алдымен округ әкімі Жанболат Мұхамбетжановты тыңдады. Кейін аудан әкімі Абат Шыныбеков  есептік баяндама  жасады.


Аралтөбе ауылдық округінің тұрғындары есептік кездесуде жергілікті дәрігерлік амбулаториядағы физиологиялық кабинеттің неліктен жұмыс жасамай тұрғандығы жайлы сауал қойды. Аудандық орталық аурухана директорының орынбасары Роза Тахамбетованың айтуынша, физиологиялық кабинеттің жұмысы маманның жоқтығына байланысты тоқтап тұрған көрінеді.

Округ бойынша тұрғын үйлерге газ өткізу қызметінің бағасы қымбаттаған. Тұрғындарға тиімсіз болып отырған бір мәселе – осы.

– Мердігердің талабы сондай болғасын, бұл жерде жергілікті басшылық ештеңе істей алмайды, – дейді аудандық  тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейрам Қайырғалиев.

Кездесуде уақытша тіркелу мәселесі жайлы да сұрақтар болды. Осы тақырыпқа қатысты сауалдарға аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының инспекторы Ернар Жұмағалиев жауап берді.

Жалпы алғанда, есептік кездесуге келген халық әкімдердің жұмыстарын оң бағалады. Оның да жөні бар, өйткені Аралтөбе ауылдық округінде жол қатынасынан басқа маңызды мәселе кездеспейді. Биыл округ орталығындағы әрбір тұрғын үй мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында  таза  суға  қосылмақ.

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы