Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк АЙМЫРЗИЕВА: «Сақтандыру жүйесі тиімді болмақ»

Күні , 118 рет оқылды

%d0%bc%d0%ba1


Мемлекет басшысы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР заңына 2015 жылдың 16 қарашасында қол қойды.


Осыған орай елімізде 2017 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі Қазақстан азаматтарымен ұйым арасында іске асырылатын болған. Бірақ ҚР Парламенті депутаттарының аталған заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізуіне байланысты еліміз бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу 2018 жылға шегерілді.

Денсаулық сақтау саласындағы жаңа жүйеге қатысты көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақ көп. Осыған орай біз облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Аймырзиеваға жолығып, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» заңы жөнінде таратып айтып беруін өтіндік.

– Денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 2018 жылдан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілмек. Бұл жүйе бойынша жұмысқа қабілетті азаматтарға ай сайын белгіленген мөлшерде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына міндетті түрде  жарна төлеп тұру жағдайы қарастырылған. Жарна төлеуден азаматтардың 11 санаты босатылады, олар мыналар: кәмелеттік жасқа толмаған жас балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алғандар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көп балалы аналар, ҰОС ардагерлері мен мүгедектері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар. Осылармен қатар интернат мекемелерінде оқытылып, тәрбиеленіп жатқан тұлғалар, техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғарғы білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімдерде, сонымен қатар резидентура формасындағы ЖОО-дан кейін білім алып жатқан тұлғалар, бала тууға, бала асырап алуға, үш жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар, жұмыс істемейтін екіқабат әйелдер, іс жүзінде үш жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар, зейнеткерлер, ең төменгі деңгейдегі қауіпсіздік мекемелерін есептемегенде, сот шешімімен ҚАЖ мекемелерінде айыбын өтеушілер, уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларындағы азаматтар да бекітілген дәрігерлік көмекті МӘМС есебінен тегін алады. МӘМС үш жақтың – мем-лекеттің, жұмыс берушінің және азаматтың жауапкершілігін қарастырады. Жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің денсаулығы туралы ойлау керек, өйткені денсаулық пен өнімді еңбек ресурстары – кез келген кәсіпорынның табыс кепілі. Сондықтан МӘМС қызмет ететін барлық елдерде жұмыс берушілер медициналық сақтандыру жүйесіне жарналар төлейді, олардың көлемі еңбекке ақы төлеу қорының 3 пайызынан 15 пайызына дейінгі аралықты құрайды. Жарна жинау жұмысы 2017 жылдың 1 шілдесінен басталады. Жарналардың қажетті көлемде аударылуы салық органдарының құзырында болады. Жұмыс берушілер міндетті әлеуметтік меди-циналық сақтандыру жарнасын жалдамалы жұмысшылар үшін төлесе, салық органдарында тіркелген қызметкерлер мен өз кәсібімен айналысушы азаматтар өздері үшін төлейді. Ерекше санаттағы азаматтар, яғни халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшерлемесі орташа айлық еңбекақының  7 пайызын құрайды. Сонымен қатар мөлшерлеменің көлемі 2017 жылы 4%, 2018 жылдан бастап 5%-ға, 2023 жылдан 6%-ға, 2024 жылдан 7%-ға сатылай өсетін болады. Жұмыс берушілер төлейтін жарнаның жалпы мөлшері табыстың 5%-ын құрайды. Сонымен қатар төлем 2017 жылы 2%-дан басталады, 2018 жылы 3%, 2019 жылы 4% және 2020 жылдан бастап 5% болады. Бұл жарналар корпоратив табыс салығын есептеу кезінде шегеріледі. Қызметкерлер төлейтін жарна мөлшерлемесі табыстың 2%-ын құрайды, сонымен қатар оларды төлеу 2019 жылы 1%, ал 2020 жылдан 2% болады. Бұл жарналар жеке бас табыс салығын есептеу кезінде шегеріледі. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын жеке тұлғалар) төлейтін жарна мөлшері табысының 7%-ын құрайды. Жарна мөлшері 2017 жылы 2 пайыздан бастап, 2018 жылы 3 пайыз, 2019 жылы 5 пайыз, 2020 жылы 7 пайыз болады.

Ай сайынғы міндетті салымдарды жинақтап, медициналық қызметтерді сатып алу үшін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жанындағы Медициналық қызметтер ақысын төлеу комитетінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылады. Қордың құрылтайшысы және жалғыз акционері Қазақстан үкіметі болады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу халық үшін тиімді, өйткені қор арқылы жиналған қаражатқа дәрігерлер қауымы науқастарды емдеу үшін ең заманауи медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектерді сатып алады.  Бұл  медициналық көмек сапасының артуына мүмкіндік береді.

– Сонда сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін халыққа дәрігерлік көмектер қалай көр-сетілмек?

– Ол көмектер екі түрлі. Біріншісі – республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет. Ол Қазақстанның барша азаматтары үшін қолжетімді болмақ. Пакеттің құрамына «Жедел жәрдем» қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызы бар ауруларға, сондай-ақ төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек кіреді. 2020 жылға дейін өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған тұрғындарға республикалық бюджет есебінен амбулаторлық-емханалық көмек көрсету қарастырылған. Екіншісі – жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Оған амбулаторлық-емханалық көмек, стационарлық көмек (әлеуметтік мәні бар ауруларды есептемегенде), стационарлық көмекті алмастыратын көмек (әлеуметтік мәні бар ауруларды есептемегенде), қалпына келтіру емдік шаралары, медициналық реабилитация, паллиативтік көмек және мейірбикелік күтім мен жоғарғы технологиялық көмек кіреді. Аталмыш пакетті алу құқығы әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушы ҚР азаматтарына, ҚР аумағында тұрақты өмір сүретін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға  беріледі. Жоғарыда аталған пакеттерге қосымша ерікті медициналық сақтандыруға қатысқан азаматтар дәрігерлік қызметтерді жеке сақтандыру компанияларымен жасаған келісімшарт негізінде алатын болады.

– Емделушінің медициналық сақтандыру жарнасын төлейтіндігі қалай тексеріледі?

– Оны анықтау үшін медициналық ұйым қызметкері оның ЖСН нөмірін бірегей электрондық дерекқорға енгізу арқылы біле алады. Егер жарналары төленіп отырса, онда ол сақтандыру ұсынатын барлық қызметтерді пайдалана алады. Ал егер азамат медициналық сақтандыру жарнасын төлемеген болса, онда ол адамға медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ғана жәрдем көрсетіліп, басқа шығындарды өз қаражатынан төлейтін болады. МӘМС аясында көрсетілетін медициналық көмек көлемі қорға енгізілетін жарна сомасына тәуелді емес.  Біреулер ай сайын 5 мың теңге төлесе, екіншісі 10 мың теңге төлеуі мүмкін. Бірақ ауырып қалған жағдайда олар дәрігерлік көмекті бірдей деңгейде алады.

Осы жерде бір айта кететін нәрсе, студенттер халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына жататындықтан, оларға дәрігерлік көмек мемлекет есебінен тегін көрсетіледі.  Ауырып қалған жағдайда олардың өздері оқып жатқан қалалардағы емханаларға барып, дәрігерге тегін қаралуына болады. Сондай-ақ студенттер оқуын бітіргеннен кейін тағы алты айға дейін МӘМСҚ-ға төлейтін жарналардан босатылады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуші азаматтардың барлығы, соның ішінде ел аумағында тұрақты өмір сүретін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар да еліміздің қай түкпірінде жүрсе де, қажетті медициналық көмекті тегін пайдалана алады. Жұмыссыз адамдар үшін (жергілікті жұмыспен қамту органдарынан жұмыссыздығы жөнінде анықтамасы болса) мемлекет белгілі бір уақыт аралығына әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналар төлеу міндетін мойнына алады. Тұрақты жұмысы жоқ азаматтар медициналық көмекті толық деңгейде алғысы келген жағдайда, олардың салық органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені жөн. Сөйтіп, медициналық сақтандыру қорына тапқан табысынан, тіпті табысы болмаған күннің өзінде ең төменгі жалақы төлемінің 2 пайызы көлемінде жарна төлеуі керек. Сондай-ақ жұмыссыз жүрген азаматтар да әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қатысқысы келсе, екінші деңгейдегі банк арқылы медициналық сақтандыру қорына ең төменгі жалақы төлемінің 2%-ы көлемінде жарна төлеуі тиіс. Сонда ғана ол тиісті медициналық көмекті толық көлемде алуға қол жеткізеді.

– Ауру айтып келмейді. Біреу аяқ асты ауырып қалды делік. Сонда оны «Сақтандыру жарнасын төледің бе, төлемедің бе?» деп тексеріп жүргенде, уақыт өтіп кетпей ме?

– Шұғыл жағдайларда, яғни азамат қатты сырқаттанып қалып, оған шұғыл стационарлық ем жасау керек болған жағдайда, науқастың сақтандырылған немесе сақтандырылмағанына қарамастан, тегін емдейді. Ал науқастың қиын жағдайдан шыққаннан кейін қабылдайтын емінің ақылы немесе тегін болуы оның сақтандыру қорына қатысатын-қатыспайтындығына, сондай-ақ пациенттің қай топқа жататынына байланысты болады. Тағы бір айта кететін жәйт, сақтандырылған азаматтар жоспарлы стационарлық емді бұрынғыша портал бойынша кезегі жеткенде ғана алады. Ал егер науқас портал кезегін күткісі келмесе, өзінің қалаған емханасында ем ақысын төлеп, ақылы түрде емделуіне болады. Сол секілді заманауи құрылғыларда тексерілгісі келген азаматтар белгіленген мерзімде өзі тіркелген емханада тегін тексеріле алады. Ал кезек  күткісі келмегендер өзі қалаған кез келген емдеу мекемелеріне барып, өз қаражатына ақылы түрде тексеріле алады. МӘМС-мен бірге елімізде ерікті медициналық сақтандыру жүйесі де болады.

Реті келіп тұрғанда айта кетейін, мемлекеттік сатып алуға жәй емхана-ауруханалармен бірге ақылы қызмет көрсететін медициналық мекемелер де қатысады. Егер азаматтың таңдаған ақылы медициналық мекемесі тендер ұтып алған болса, онда азамат жергілікті емхананың жолдамасымен сол емханада тегін ем алуы мүмкін. Ал егер азаматтар ақылы медициналық мекемелерге ешқандай жолдамасыз өздігінен қаралатын болса, онда ол азамат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ай сайын жарна төлеп тұрғанына қарамастан, өзі таңдаған мекемеге өз қалтасынан қаражат шығарып, қалаған емін алуына құқығы бар. Айтпақшы,  МӘМС-ның медициналық қызметтер пакетіне санаторийлық-курорттық емдеу кірмейді. Сондай-ақ инсульт, инфаркт, онкологиялық аурулар және трансплантология бойынша оңалту көмегін сақтандыру қаражаты есебінен кеңейту жоспарлануда, – деген  Мәншүк Құдайбергенқызы еліміздің «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңына қатысты бірқатар нормативтердің әлі толық бекітілмегенін айтып, алдағы уақытта жаңа заңға әлі де толықтырулар мен өзгерістердің енгізілуі  мүмкін екенін  жеткізді.

Дайындаған  Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика