Талап та азайды, тексеріс те қысқарды…

Күні , 851 рет оқылды


Облыстық кәсіпкерлер палатасы жергілікті бизнес өкілдері үшін «Барлығы  тексерулер туралы» атты айлық ұйымдастырды.


 Жақында осы айлық аясында облыстық кәсіпкерлер палатасы мен облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері бірігіп, дөңгелек үстел өткізді. Бұған аталған сала мамандары мен ірі сауда үйлерінің жетекшілері және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Мағрипа Нығышева жүргізіп, «ҚР кәсіпкерлік қызмет шарттарын түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілгенін айтты. Аталмыш заң аясында еліміздегі бизнес-ахуалды жақсарту мақсатында барынша қолайлы мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Бұл ретте 2015 жылдың сәуір айына дейін бақылаушы мемлекеттік органдарда тәуекелдерді бағалау жүйесін ұйымдастырудың жаңа әдістемесі әзірленіп жатқанын айта кетуіміз керек. Аталған әдістеме салалық ерекшеліктерді ескере отырып, әрбір мемлекеттік бақылау-қадағалау органының ведомстволық тәуекелдерді басқару жүйелерін әзірлеуі үшін негіз болады. Мұндай жүйелер 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында дайындалуы тиіс. Осыған орай биылғы жылдың алғашқы жартысында кәсіпкерлерді жеке және заңды тұлғалардың шағымдары бойынша тексеруге болады. Ал екінші жартыжылдықтан бастап, тексеруді жоспарлау толығымен тәуекелдерді бағалау жүйесі негізінде және сол жасалған салаларда, әлеуетті құқықбұзушыларға ғана қатысты қарастырылады. Жоғарыдағы заңға сәйкес 107 заңнама мен 12 кодекске толықтырулар мен өзгерістер енгізілген. Бұл өзгерістердің барлығы да мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметті реттеу ісіндегі өкілеттігі мен кәсіпкерлік нысандарға қойылатын талаптарды азайтуға бағытталған. Нәтижесінде кәсіпкерлерге қойылатын 5 228 талаптың ішінде 1 810 талап немесе олардың жалпы санының 34,6 пайызы қысқартылған. Кәсіпкерлік нысандары үшін 35 рұқсат ету құжаттары күшін жойды. Сондай-ақ мемлекетпен өзара қарым-қатынасты барынша ықшамдау мақсатында заңда кәсіпорынды тарату рәсімін жеңілдету, құжаттар көшірмелерін міндетті нотариалды куәландыруды жою, коммерциялық мақсатта пайдаланылмайтын, пайдалану мерзімі 7 жылдан аспайтын жеке автокөлікті техникалық байқауды жою, көлік құралын жүргізуге сенімхатты жою қарастырылып отыр.

Жиында сөйлеген БҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы басшысының орынбасары, өрт қауіпсіздігі қызметінің полковнигі Максим Хайрекенов ҚР «Азаматтық қорғау туралы» Заңына сәйкес азаматтық қорғаныс саласына өзгерістер енгізілгенін айтса, облыстық ТЖД мемлекеттік өрт қауіпсіздігін қадағалау бөлімінің бас маманы, өрт қауіпсіздігі қызметінің майоры Амангелді Ешмұқанов әкімшілік жауапкершілік жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ бөлімнің бас инженері, өрт қауіпсіздігі қызметінің майоры Андрей Аленников еліміздегі құрылыс саласы қызметіне енгізілген өзгерістер туралы көпшілікті хабардар етсе, заңгерлік топтың бас маманы, өрт қауіпсіздігі қызметінің майоры Айнұр Әбуғалиева азаматтық қорғаныс саласындағы бақылау мен қадағалау жұмыстары жөнінде баяндады. Максим Хайрекеновтің сөзінше, ҚР «Азаматтық қорғау туралы» Заңына сәйкес азаматтық қорғаныс саласына өзгерістер енгізілуіне байланысты қадағалау жұмысы жылдан-жылға азайып келеді. Мысалы, мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру үшін азаматтық қорғаныс саласы 2013 жылы 134 мекемені тексеріп, заңды бұзған 70 мекемені әкімгершілік жауапқа тартса, 2014 жылдың алғашқы жартыжылдығында департамент қызметкерлері 18 мекеме мен кәсіпорынға (оның 9-ы – мемлекеттік мекеме болса, қалған 9-ы – жеке кәсіпорындар) жоспарлы тексеріс жүргізді. Нәтижесінде 8 мекеменің «Азаматтық қорғаныс туралы» Заңды бұзғаны анықталып, олардың жетекшілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға заңды бұзғаны үшін 172 236 теңге айыппұл салынып, соның 161 124 теңгесі өндіріліп алынды. Ал 2015 жылдың алғашқы жартыжылдығында департамент қызметкерлері азаматтық қорғаныс шараларының орындалғанын бақылау мақсатында тек 5 нысанды қадағалауды жоспарлап отыр. Бір айта кететін нәрсе, жоспар бойынша тексерілгелі отырған бес мекеменің барлығы да — мемлекеттік мекемелер. Сондай-ақ жиында құрылыс нысандарын қабылдау тәртібіне өзгеріс енгізілгені жөнінде де баяндалды.

Жиын соңында қатысушылар заңға енгізілген өзгерістер жөнінде өздерінің ой-пікірлерін жеткізіп, заңның кейбір тұстарының қайта қаралатындығына үміт артты.


Айша ӨТЕБӘЛІ,

“Орал өңірі”


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика