Жаңа жылды кім қалай қарсы алады?

Күні , 122 рет оқылды

%d0%be%d0%b0%d1%80%d0%b0%d0%bf%d0%b8%d0%bd%d0%b4%d0%b8%d1%8f


Біздің стратегиялық көршіміз Ресей үшін Жаңа Жыл кеші әр жылдың 1 қаңтары болып есептеледі. Жаңа жылды әшекейлі шыршамен қарсы алу дәстүрін Ресейде 1700 жылы қаңтардың бірінде I Петр енгізіпті. Ертедегі еуропалық тайпалар шыршада орман перісі өмір сүреді деген сенімде болған. Сондықтан мейрам күндері тайпа көсемі шыршаға сыйлықтар әкеліп, орманнан аң аулауға рұқсат сұрайды екен. Орыс халқының Жаңа жылды шыршаның қасында тұрып қарсы алуы еуропалықтардың осы дәстүрінен жұғысты болғанға ұқсайды. Кения халқы Жаңа жылды суда қарсы алады екен. Бұл күні барша кениялықтар өзен-көлге суға түсіп, қайыққа мініп, ән салып, сауық-сайран кұрып, ойын-күлкімен өткізетін көрінеді. Үндістанның әр ауданында Жаңа жылды әр түрлі уақытта (қыркүйектен наурызға дейін) қарсы алады. Мейрамда әр әйел, яғни отанасы өз үйін өз қолымен істелген түрлі әдемі заттармен безендіреді. Бұл елде Жаңа жыл мерекесінде ұшырылған батпырауықты садақпен атады екен. Батпырауықтың көлемі өте үлкен және түрлі түске боялады. Ең мерген біреуі оны садаққа жанып тұрған оқ салып атады. Батпырауық тұтанған кезде той басталады. Бұл тойда би биленіп, өлең айтылып, әр түрлі спорттық ойындар бойынша жарыстар өтеді. Кеш соңында әркім өзінің көрсеткен өнеріне сәйкес сыйлықтармен  марапатталады.


Панамалықтардың Жаңа жылды қарсылауы тіпті қызық. Олар Жаңа жыл күні көшені шуға толтырып, мәре-сәре болады. Білмейтін кісі шуылдаған автокөлік сигналдары мен сирена даусынан «Бірдеңе болып қалды ма?» деп қорқып қалуы мүмкін.

Болгарияда Жаңа жыл дастарқанына басқа да тәтті тағамдармен қатар күміс теңге қосып, бірнеше қабат етіп пісірген самса қойылады. Оның жанында денсаулық пен ұзақ өмір сүрудің белгісі ретінде кизил ағашының бір бұтағы жатуы тиіс. Күміс теңгені алған адам Жаңа жылда зор бақытқа кенеледі деп есептеледі. Дастарқан басында әлдеқалай біреу түшкіріп қалса, жақсы ырым саналып, оған көктемде туған алғашқы қозыны, лақты, құлынды сыйға тартады. Чехославакияда да Жаңа жыл дастарқанына арнап ішіне теңге, сақина, қызыл бұрыш салған самса пісіреді. Бұл самсаны өте сақтықпен жеу керек. Аузына қызыл бұрыш түскен адам күлкіге қалады да, сақина мен теңгені алған адам Жаңа жылдағы ең бақытты жан болып саналады. Бразилиялықтар Жаңа жылда көшедегі бағандарды гүлдермен, қоңыраулармен безендіріп тастайды. Ал эфиопиялықтардың Жаңа жылы қыркүйектің 10-11-інде басталады. Олар Жаңа жылда ерте тұрып кілең ақ киім киіп, шіркеуге барады. Ондағы салтанат үш сағатқа созылады. Содан кейін үлкендер самырсын ағашының көлеңкесінде Жаңа жылға арнап мол дастарқан жасап, оған бала-ша-ғаларымен бірге түгел жиналады. Осы кезде балалар Жаңа жылға арнап салған суреттерін ата-аналарына сыйға тартып және үй ортасына жіп керіп, суреттерді іліп қояды. Содан кейін ғана жаңажылдық дастарқан басына жайланып отырады. Барлық жиналған ағайын-туыс мол дастарқан басында шат-шадыман көңілмен ән шырқап, бір-біріне игі тілектерін тілейді. Ал Шотландия мен Уэлсте ескі жылдың соңғы секундында есікті кеңірек ашып, ескі жылды «шығарып» жібереді де, Жаңа жылды «кіргізеді». Италиялықтар терезелерінен ескі үтіктер мен орындықтарды лақтырады екен. Оларда Жаңа жылда ескі затты неғұрлым көп лақтырсаң, келер жылы соншалықты молшылыққа кезігесің деп есептеледі. Италиялық Аяз ата Баббо Натале деп аталады. Италиялықтарда 1 қаңтар күні ерте тұрып, құдықтан кім су әкелсе, сол су әкелген адамға бақыт сыйлайды деген ырым бар. Сонымен бірге олар Жаңа жылдың алғашқы күні кімді бірінші кездес-тіретіндеріне де көп мән береді. Егер олар бірінші күні дінбасын кездестірсе немесе кішкентай баланы жолықтырса, бұл италиялықтар үшін жақсы ырым емес, ал кәрі адамды кездестірсе, онда ол бақыт әкеледі деп ойлайды.

family_christmas_lunchАмерикалықтар үшін Жаңа жыл үлкен Times Square сағатының тілі 12-ні көрсеткенде енеді. Осы сәтте алаңға жиылған халық сүйісуге көшеді де, автокөліктерінің дабылын баса бастайды. Ал өзге тұрғындар осындай үйреншікті у-шудан-ақ Жаңа жылдың келгенін түсініп, қара бұршақты жей бастайды. Бұл тағам «сәттілік әкеледі» деп есептеледі. Эквадорлықтар іш-киімдеріне көп көңіл бөледі. Егер Жаңа жыл күні киген ішкиіміңіз қызыл түсті болса, махаббатқа, сары түсті болса, ақшаға жол ашады. Егер жыл бойы жер шарын аралап қыдырғыңыз келсе, онда  сағат тілі 12-ні соққанша қолыңызға чемодан немесе үлкен сөмкеңізді алып, үйді айналуыңыз керек. Қайғылы сәттерін ұмыту үшін олар сағат 12-ні соғысымен, далаға суға толған стақанды лақтырады. Болгарлар болса, үйдің жарығын сөндіріп, Жаңа жылдың алғашқы минуттарын сезімге арнайды. Ал Жапонияда бұл күні 108 рет қоңырау соғылады. Жапондар үшін Жаңа жылдың негізгі сыйлығы – тырма, бұл бақытты тырмалап жинайды деген дәстүрден қалған болса керек. Сондай-ақ олардың жаңажылдық дастарқанында жаңғақ, жасымық пен жүзім болады. Бұл ұзақ өмір мен денсаулықтың белгісі делінген. Қытайда Жаңа жыл 17 қаңтар мен 19 ақпан  аралығында, аспандағы ай жаңарғанда енеді. Сол кезде Қытай көшелерінде мыңдаған шырағдан жағылып, Жаңа жылды қарсы алу рәсімі жасалады. Қытайлықтардың пайымынша, Жаңа жыл залым рухтардың қоршауында болады. Сондықтан оларды қорқытып, қуалау үшін шартылдақтарды  жарады. Кейде олар есіктер мен терезелерді қағазбен бітеп, ішке залым рухтардың  кірмеуін  қадағалайды.

Ал Германияда Рождество мерекесі Жаңа жылға қарағанда кеңірек тойланады.

Жаңа жыл күні жанұяның барлық мүшелері міндетті түрде дастарқан басына жиналуы тиіс. Бұл күні олар Бешерунг дәстүрі бойынша бір-бірімен сый-сыяпат, сыйлық алмасу үрдісін жасайды. Жаңажылдық мәзірдегі ең басты тағам Лебкухен деп аталады. ХVІ ғасырда мейіз бен ұннан тұратын осы тағамның ұзындығы адам бойына жететін болған. Колумбиядағы Жаңа жылдың басты кейіпкері – Ескі жыл. Ол топтың ішінде биік ағаш аяқпен қыдырып жүреді де, балаларға қызықты оқиғалар айтып береді. Колумбияда Аяз ата Папа Паскуале деп аталады. Балалар мейрамы кезінде Оралдың көшелерінде де ағаш аяқты ұзын адамдарды кездестіруге болады. Олар, сірә, бізге Колумбиядан ауысқан болуы мүмкін. Финляндияда Жаңа жыл 25 желтоқсанда тойланады. Дәл осы күні Аяз ата ұзақ жол жүріп келіп, үй алдына үлкен кәрзеңкеге салынған сыйлықты қалдырады. Сондай-ақ бұл түні финдер өз тағдырларын білу үшін бал ашады. Яғни балауыз балқытып, оны суық суға құяды. Осыған байланысты болашақ тағдырларына қатысты мәлімет алуға тырысады.

Грекияда тура сағат түнгі он екіде отағасы аулаға шығып, анар жемісін қабырғаға атады. Дәндері бақшаға шашырап кетсе, сол жылы отбасы берекелі, тату өмір сүре-ді. Мұнда Жаңа жыл мейірімділігімен танымал Ұлы Василий күні болып саналады. Балалар пеш түбіне аяқ киімдерін қойып, оған Ұлы Василий сыйлық салады деп сенеді. Келген қонақтар өздерімен бірге дәу тас әкеліп, «Үй иесінің байлығы осындай ауыр болсын» деп оны табалдырыққа тастайды. Ал кішкентай тас әкелген жағдайда «Тіл-көзден сақтасын» дейді екен. Венгрияда Жаңа жылдың алғашқы секундтарында адамдар ысқыратын көрінеді. Ысқырғанда балаларға арналған ойыншықтарды қолданады. Олардың ойынша, ысқырықтың дауысы теріс күштерді қуып, қуаныш пен бақыт шақырады. Дастарқандарына үрмебұршақ пен асбұршақ, алма, жаңғақ, сарымсақ, бал қояды. Бұл дәндер ауру-сырқаудан сақтап, байлыққа, табысқа негізделген деп ырымдайды. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген осы! Бірақ барлық Жаңа жыл мерекесін тойлауда барлық халыққа ортақ бір нәрсе бар, ол – адамдардың бір-біріне жақсы тілек айтып, қуануы. Жер бетіндегі барша халық Жаңа жылдан тек қана жақсылық күтеді.

Ал барша мұсылман халықтарының Жаңа жылы 22 наурызда басталады. Солардың қатарында біз де – қазақтар да бармыз. Мұсылман елдері Жаңа жылдың басталуын Күн мен Түннің теңелетін мезгіліне сәйкес тойлаған. Жер көгеріп, ақ молайған уақытта жұрт жадыраған Күн көзінің шуағына бөленіп, бір-біріне қонаққа баратын болған. Бір-бірінің қателерін кешіріп, бала-шағасының аманшылығын тілеген. Сондай-ақ үй ішіндегі заттарын тазартып, жаңартып, Жаңа жылға ерекше ықыласпен, үлкен дайындықпен келетін болған. Мұсылман халқы Жаңа жыл мейрамын «Наурыз-Жаңару» деп атап, сол күні қазанына асты мол салып, наурызкөже дайындап, келген қонақтарын ерекше ықыласпен қарсылайтын болған. Бірақ қазіргі қазақтар «Біздің Жаңа жылымыз 22 наурызда» деп 1 қаңтар күні үйлерінде тып-тыныш жатып алмайды. Олар бұрынғы Кеңес дәуірінде қалыптасқан әдетпен Жаңа жылды 1 қаңтарда да тойлап жібереді. Арада үш ай өткен соң барша мұсылман халқына ортақ Жаңа жылды – Наурыз тойды тағы тойлайды. Бір-біріне жылы сөздерін айтып, игі тілек тілеп, той тойлағанның несі айып? Яғни «Жақсы сөз – жарым ырыс»! Олай болса, Тәңірім бізді тойдан айырмасын деп тілейік. Жаңа жылда жақсылық көп болсын, уайым-қайғы жоқ болсын! Жаңа жыл бізге барша жақсылықтарын  ала  келсін!

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика