Біз үшін қымбат мереке

Күні , 128 рет оқылды

%d0%b8%d0%b1%d1%80%d0%b0%d0%b3%d0%b8%d0%bc-%d0%b0%d0%b9%d0%b4%d0%b5%d0%bd%d0%be%d0%b2


Тәуелсіздікке қол жеткізу – қазақ ұлты мен мемлекетінің сан ғасырлық шежіресінің бір жарқын тұсы және тарихындағы ерекше тарау. Тәуелсіздік бізге бұрын болып көрмеген ұлан-ғайыр мүмкіндіктерге жол ашты. Егемендік – бізден бұрынғы ұрпақтардың алға ұмтылысы мен жанқиярлық күресінің игі нәтижесі. Қазір біздің қоғамда төл тарихымызға қызығушылық артты. Мұның өзі ұлттық руханияттың дамуының маңызды қозғаушы күшінің бірінен саналады.


Бүгінгі еркіндік жағдайында біз тарихи жадымызды жаңғыртып, өз Отанының бостандығы жөнінде армандап қана қоймай, сол мақсатта жанын пида еткен, асыл текті ұлт зиялыларының қалың шоғырына бас иеміз. Тек тәуелсіздік жағдайында ғана төл тарихымыздың «ақтаңдақтарын», Алаштың ардақты көсемдері мен ұлттық қайраткерлер туралы оқып-білуге толық мүмкіндік алдық. Иә, тек солар, «Алаштың» қайраткерлері және алмағайып заманда елді басқарған ұлт көшбасшыларының өкілдері ғана қазақ мемлекеттілігінің түпқазығын қалап кетті.

Сол дәуірдегі қазақ зиялылары биік рухты ізгі мақсаттар жолында жанқияр ұрпақ еді. Олар ұлт алдындағы жауапкершілігін терең түсініп, өздерінің азаматтық және адами міндеттерін аяғына дейін орындап шықты. Арада сан жыл өтсе де, ұлттың біртуар ұлы Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық бостандық – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рух ұлттық азаттық пен тәуелсіздіктің жағдайында ғана өзінің жемісін береді» сынды сөздері әлі күнге дейін сүйекті мәнін жойған жоқ.

Әдетте «зиялы» сөзінің алғаш рет орыс тілінде қолданылғаны хақында түсінік бар. Ал Батыста терең ойлы, аса білімді адамдарды «интеллектуал» сөзімен зиялы қауым санатына жатқызады. Қай-қайсысының да мағынасы бір. Өйткені сондай адамдар билік пен байлықты уақытша көрініс ретінде санайды да, руханият, мәдениет және пәлсапаны ешқашан жоғалмайтын құндылық деп есептейді. Бұл – қандай ма болсын дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Сондай-ақ қоғам мен өркениет әрқашан жаңашыл идеялар мен тың көзқарасты темірқазық еткен көшбасшыларға зәру. Демек, өткен ғасырдың басындағы қазақтың зиялы қауымы өкілдерінің ұсынған идеялары бүгінде заңды жалғасын тауып отыр. Ол – экономиканы жаңғырту, демократиялық құқықтық мемлекет, теңдік, қоғамдық келісім мен бейбітшілік, ұлттың мәдени түлеуі, халықты мемлекетті басқару ісіне кеңінен қатыстыру. Міне, осы өткен ғасыр зиялыларының ұсынып кеткен идеялары мен қағидаттарының қазір Отанымызда жарасымды жалғасын тауып отырғанына ризамыз. Мәселен, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Орталық Азия елдерінің одағын құру жөнінде бастама көтерген еді. Сонда ол бұл бастаманы кезінде Мұстафа Шоқайдың көтергенін атап өтті. Кезінде «Түркі жобасын» ұсынған қазақтың тағы бір қайраткері Тұрар Рысқұловтың идеясы Елбасымыздың және Мұстафа Шоқайдың ниетімен қабысып жатқанын атап көрсеткен жөн. Міне, қазір Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлігімен ұлт зиялыларының сан алуан ойлары іс жүзіне асуда.

Шығармашылық кәсіп иесі ретінде тәуелсіздік маған не сыйлады? Әрине, ой және шығармашылық еркіндігін! Екіншіден, тәуелсіздіктің нәтижесінде шекара ашылып, басқа елдегі әріптестермен еркін араласып, өзге жұртта авторлық көрмелер ұйымдастыру, айта берсең, сан алуан мүмкіндікке ие болдық. Осы үшін біз тәуелсіздікке ризамыз және қарыздармыз.

Міне, тағы бір жарқын мереке еліміздің қақпасын қақты. Ол – жаңа 2017 жыл. Жаңа Тауық жылы ауламыздағы момын құстың атауын алғандықтан, оның бейбіт жыл ретінде өтеріне үміт артамыз. Қош келдің, Жаңа жыл! Елімізге құт-береке әкеліңіз!

Ибрагим ӘЙДЕНОВ,

мүсінші,

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика