26.12.2016, 21:41
Қараулар: 198
Жазасын өтеушілердің 64,7%-ы жұмыспен қамтылған

Жазасын өтеушілердің 64,7%-ы жұмыспен қамтылған

dsc_0180


Сот шешімімен қатаң режімдегі жаза тағайындалған жерлестеріміз ендігі уақытта өз мерзімдерін Орал қаласында өтейтін болады. Бұл олардың туысқандарымен жиі көрісуіне мүмкіндік бермекші.


Бұрындары кейбір батысқазақстандықтар, соның ішінде ауылдағы ағайын еліміздің өзге өңірлерінде жазасын өтеп жатқан туысқандарына баруына қаржылық жағынан қиналатын. Ағымдағы жылдың сәуір айында облысымыздың орталығында қатаң режимдегі колонияның ашылуы осы мәселені күн тәртібінен түсіріп отыр. Бұл туралы өткен аптаның соңында облыстық прокуратурада болған баспасөз мәслихатында айтылды. Биылғы екінші жартыжылдықтағы қылмыстық жазаның орындалуының жай-күйіне ар-налған брифингті ашқан облыс прокурорының көмекшісі, әділет кеңесшісі Әділ Ахмулдиннің айтуынша, аталмыш колония заман талабына сай жасақталған. Яғни әрбір камерада душ бар және өзге де санитарлық тораптармен қамтылған. Сонымен қатар жақында тағы бір ізгілік шарасы енгізілді. Ендігі уақытта темір тордың арғы жағында отырған жандар скайп жүйесі арқылы ұялы телефонмен тума-туыстарымен сөйлесе алады. Бүгінгі таңда облыс аумағында үш қылмыстық-атқару  жүйесінің  мекемесі жұмыс жасайды. Сондай-ақ  17  пробация  қызметі,  15  уақытша  ұстау  изоляторы, әкімшілік  тұрғыдан ұсталғандар үшін екі арнайы  қабылдау  бөлмесі  бар. Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде прокуратура органдарымен  жүргізілген  тексерістер  нәтижесінде  551 заңбұзушылық  анықталды, оның  ішінде 17 дерек сотталғандар мен ұсталғандардың конституциялық құқықтарына  қатысты, 67 прокурорлық ықпал  ету  актісі  енгізілді,  107  лауазымды тұлға жауапқа  тартылды. Қылмыстық атқару жүйесі мекемесінің қызметкерлеріне қатысты сегіз наразылық актісі енгізіліп, олардың бәрі қанағаттандырылды.  Аталмыш мекеменің азық-түліктерді  сатып  алу бойынша үш  заңсыз  бұйрығы наразылық бойынша бұзылып, соның нәтижесінде  120  млн. теңге бюджет  қаражатының заңсыз жұмсалуының  жолы кесілді.

— Сотталғандардың  қоғамға  қайтадан  бейімделу жайы «100 нақты  қадам» Ұлт жоспарында да кеңінен көрініс тапқан. Осыған  байланысты  қоғамдық  бақылауды  жүзеге  асыратын  қоғамдық  ұйымдардың  өкілеттіктері  айтарлықтай  кеңейтілді. Жыл  басынан  бастап  түрмедегі жандардың саны  340  адамға  немесе  62%-ға азайды. Қазіргі  уақытта  мерзімінен  бұрын  босату  мен  жазасын  жеңілдету тәжірибесі қолданылады. Біздің  жұмысымыздың  нәтижесінде  облысымыздың  түзеу  колонияларында  жазасын  өтеп  шыққан 270-ке жуық тұлға қалыпты өмірге бейімделуде, — деді Әділ Каримолдаұлы.

Облыс прокурорының аға көмекшісі, әділет кеңесшісі Тимурлан Исмаилбаев таяуда, яғни 21 желтоқсанда «Прокурордың 100 кеңесі» деген мобильді қосымша қолданысқа енгізілгенін жеткізді.

ҚР Бас прокуратурасымен дайындалған бұл жоба азаматтардың құқықтық білімін арттыруға себептігін тигізбекші. Яғни ол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанда не істеу керек, құқық қорғау  құрылымдары өкілдерімен кездескенде өзіңді қалай ұстаған дұрыс, террорлықты актіге қарсы қандай әрекеттер жасау қажет деген сұрақтарға жауаптар табуға мүмкіндік береді. Оны ұялы телефондарға тегін жүктеуге немесе интернеттен қарауға болады.

Брифинг барысында Түрме  реформасы форумының  ұсыныстарын  жүзеге  асыру  шеңберінде ашық есік күні, жәрмеңке сынды 26  шара жүзеге  асырылғаны да айтылды. Соның  нәтижесінде  колонияларда  жаңа сегіз кәсіпорын  ашылды. Сотталғандарды  жұмыспен  қамту  нәтижесінде жазасын өтеушілердің 64,7%-ы жұмыспен  қамтылды, 84 қосымша  жұмыс  орны ашылды. Бюджет  заңнамасының  сақталуы  бойынша  мақсатты  жұмыстар  жүргізіп,  оның  барысында  сотталғандармен  32,8 млн. теңге  сомасында бережақтары өтелді. Сондай-ақ «Еңбек-Орал»  РМК  БҚОФ директорына  қатысты сеніп тапсырылған мүлікті иелену және жымқыру  дерегі бойынша  қозғалған  қылмыстық  істің  сотқа  жолдануы  қамтамасыз  етілді.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар