26.12.2016, 21:33
Қараулар: 261
Дарынды балалар мектебі – ел егемендігінің жемісі

Дарынды балалар мектебі – ел егемендігінің жемісі

%d0%b4%d0%b0%d1%83%d0%bb%d0%b5%d1%82%d0%be%d0%b2-70-%d0%b6%d0%b0%d1%81


Дарынды жастар – әр елдің, ұлттың ең басты интеллектуалдық байлығы. Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясында елдің кемел келешегін талантты жастарымыздың әлемдік деңгейде білім алуымен байланыстырады. Онда «білім қуған талантты қазақ баласының әлемдік ғылым-білім кеңістігіне еркін енуіне, өскелең ұрпақтың озық білім алуына «Болашақ» бағдарламасы жұмыс жасайды» деп нақты көрсетілді. Демек, әлеуметтік-экономикалық жағынан әлемдік деңгейде қарқынды жетілумен, адами капиталдың негізін қалап, интеллектуалдық ұлт қалыптастыруда, дарынды жастарға әлемдік деңгейде білім беру – бүгінгі таңдағы ең маңызды мәселелердің бірі.


Ел тәуелсіздігінің 25 жылында ағарту саласындағы қол жеткен ең басты жетістігіміз — мектептегі жалпы білім берудің, оның ішінде дарынды балалар мектебіндегі білім сапасының өркениетті дамыған елдер дәрежесіне дейін көтерілуі. Әлемдік білім берудің практикасында барған сайын үздіксіз күрделене беретін интеллектуалдық, шығармашылық мамандықтарға жастарды даярлау, 12 жылдық лицейлер, 13 жылдық гимназиялар т.б. арнаулы мамандандырылған мектептер арқылы жүзеге асырылады. Ондай мектептердің Еуропа елдерінде пайда болу тарихы сонау ерте заманнан басталып, бүгінге дейін жастарға қабілетіне қарай саралап білім беруде, ғасырлар бойы адамзатқа қызмет етіп, озық тәжірибе жинақтаған, теориялық жағынан да, практикада да жүйеге келген оқу орындары.

Біздің елімізде Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап адами капиталды дамытуды бірінші кезекке қойды. Білімді дамытудың мемлекеттік ең ауқымды бағыттары қалыптасты. Соның нәтижесінде дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау мен дамыту талабы қойылды, «Болашақ» бағдарламасы іске асырылды, кеңестік білім беруде дами алмаған дарынды балаларға арналған мектептер желісі қолға алынды. Республикада көптеген дарынды балалар мектебі қазірдің өзінде әлемдік деңгейде элитарлық білім беру деңгейіне дейін көтерілді.

Дарынды балаларды бөлектеп оқытудың тәжірибесі оларды қабілеттеріне қарай қабылдауды, оқыту үрдісін ұйымдастыру мен білім мазмұнын айқындауды бейінді білім беру принципі арқылы жүргізуді талап етеді. Ол әрбір қабілетті, талантты оқушының жеке-дара өзіндік даму ерекшелігін қанағаттандырудың ғана басты шарты емес, сол арқылы олардың ертеңгі күнгі ең күрделі интеллектуалдық мамандыққа жоғары деңгейде даярлаудың да қолайлы жағдайы екендігін көрсетті.

Мектептің ең басты бағыты ретінде оқушыларды мектепке іріктеп қабылдауды да, сыныпқа топтауды да нақты таңдаған мамандықтарына қарай жүргізілетінін айта кету керек. Білімдері деңгейлес, мақсаттары мен қызығушылықтары бір бағыттағы оқушыларға шағын топтар арқылы кәсіби бағдарлы, бейінді білім беру жүзеге асырылды. Бұл бағыт көп уақыт өтпей-ақ мектептің мақсатына сәйкес сапалы білім беруде өзінің тиімділігін көрсетті.

Бүгінгі таңда мамандандырылған мектептің элитарлық, бірыңғай бейінді білім беру мақсатына сәйкес оқушылардың қабілеті мен қызығушылығына қарай бағдарлы, міндетті пәндерді жалпы білім беретін мектептермен салыстырғанда тереңдетіп, саралап білім беру бағытындағы жұмыстар жан-жақты жүзеге асырылып келеді.

Қазіргі жалпы білім беру жүйесін түбегейлі жаңартуда менеджмент жүйесіндегі педагогикалық мониторингті жетілдіріп, білімді бақылау мен бағалаудың ұлттық бірыңғай жүйесін қалыптастыра отырып, білім сапасын көтеру күн тәртібіне қойылып отыр. Өйткені мектеп тәжірибесінен көріп отырғанымыздай, әрбір оқушының күнделікті білімді тұрақты, жүйелі, терең меңгеруін қамтамасыз ету — бүгінгі мектептің алдында тұрған ең күрделі де, қиын да әрі мүлде кешеуілдеп қалған мәселе. Осы орайда дарынды балалар мектебінде педагогикалық мони-торинг жұмыстарын жүйелі жүргізуге қолайлы мүмкіндіктер бар.

Білім сапасына қатысты мектепте жүргізілетін педагогикалық мониторингтің ең басты элементі – бақылау. Оқыту процесін тұрақты, жүйелі бақылап отыру арқылы оқушылар білімінің сапалық деңгейін айқындап, кемшіліктерін көріп қана қоймай, оның себебін түсінуге, жоюдың жолдарын жүзеге асыруға да қолайлы жағдай жасайды.

Білімді бақылаудың мемлекеттік ҰБТ моделінің енгізілуі білім сапасын бақылауды жетілдіруге ерекше тың бағыт алып келді. Мектепті аяқтау кезіндегі мемлекеттік емтихан, ҰБТ оқушыдан негізгі пәндер бойынша білім стандартындағы бағдарламалық материалды толық, нақты білуін талап етеді. Енді оқушы білімді күнделікті баға алу үшін емес, мемлекеттік ҰБТ-да жоғары балл жинап, әрбір заңдылықтар мен ережелердің, құбылыстар мен оқиғалардың ішкі байланыстарымен, оның мәнін терең түсіне отырып, сапалы білім алулары қажет болып шықты. Сөйтіп, мемлекеттік ҰБТ моделі – сабақ беретін мұғалімдерге тәуелсіз, білім үдерісіне сырттай бақылау мен бағалаудың мектепте  бірыңғай жүйесін қалыптастыра отырып, білім сапасын көтеруге тікелей ықпал еткен білімдік факторға айналды. Мектепте ай сайын, тоқсан мен жыл аяғында негізгі пәндер бойынша жүйелі, тұрақты мектепішілік бақылау өткізіледі. Ол күнделікті өтілген материалдың оқушылардың меңгеру деңгейін тұрақты бақылап, оның тиімді жақтарын одан әрі жетілдіруге, кемшіліктерін жоюдың жолдарын іздеуге тікелей ықпал етеді. Мектептегі мұндай бақылау жүйесі – оқушының да, мұғалімнің де күнделікті оқу және оқыту іс-әрекеттерін сырттай бақылай отырып, бағалау болып табылады. Нәтижесінде ол мұғалімдердің білімді көтеріп бағалауын болдырмауға, оқушының күнделікті әр материалды терең меңгеруге деген қажеттілігін қалыптастыруға қолайлы әсер ететін білімдік мәнге ие болады. Осы жерде педагогика ғылымында есімі белгілі, жалпы білімнің реформаторы болып табылатын ағылшындық Майкл Барбердің «Білім сапасы мұғалімнің әрбір оқушының білім алуына қолайлы жағдай туғызуына байланысты» деген пікірі еріксіз еске түседі.

Елбасының дарынды жастарға әлемдік деңгейде білім беру, интеллектуалдық ұлт қалыптастыру саясатының негізінде жасалған қамқорлық, дарынды балаларға элитарлық білім беруде инновациялық озық тәжірибелерді практикаға батыл ендіру мамандандырылған дарынды балалар мектебінің уақыт талабына сай қалыптасып, дамуына негіз болуда.

Соңғы он жылда мектеп бітіруші түлектеріміздің жоғары оқу орнына грантқа түсу көрсеткіші тұрақты 100%-ға жетсе, мектептегі білім сапасы түлектеріміздің Назарбаев, Қазақ-Британ, Сәтпаев атындағы техникалық, Ә. Фараби атындағы қазақ ұлттық, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттерінде үздік оқып, білім алуларына мүмкіндік жасап отыр. Халықаралық «Болашақ» стипендиясы бойынша 100-ден астам түлегіміз әлемнің ең таңдаулы университеттерінде білім алу мүмкіндіктеріне ие болса, 20 оқушымыз М. Ломоносов атындағы ММУ жанындағы А. Колмогоров физика-математика мектебін аяқтап, Ресейдің ең таңдаулы университеттерінде білім алуда.

2014 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі 11 жылдан бері  қолданыстағы Ұлттық бірыңғай тестілеу моделінің республика бойынша рейтингін шығарды. Осы рейтинг бойынша соңғы бес жыл ішінде республикада ҰБТ-дан ең жоғары көрсеткішке жеткен 6 мектептің көш басында Батыс Қазақстан облысының дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты тұрса, 11 жыл бойы оқушылары тұрақты 100-ден жоғары балдық көрсеткішке ие болып келе жатқан республикада екі мектептің бірі және үздігі де біздің оқу орнымыз болып табылады.

Өз мәртебесіне сәйкес мамандандырылған дарынды балалар мектебінің сапалы білім берудегі басты бағыты инновациялық тәжірибелерін одан әрі дамыта отырып, әлемдік деңгейде дарынды балаларға элитарлық жалпы білім беретін оқу орны болып қалуын қамтамасыз ету болып табылады.

Нәсіпқали ДӘУЛЕТОВ,

облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар