26.12.2016, 21:22
Қараулар: 182
Серпін берген «Серпін»

Серпін берген «Серпін»

img_6130


Елбасының тапсырмасы негізінде білім саласында көптеген жаңа жобалар жүзеге асуда. Мәселен, екі жыл бұрын бастау алған «Серпін» бағдарламасында оңтүстік өңірлердегі мектеп түлектеріне біздің облыста білім алуларына арнайы жеңілдіктер қарастырылған.


Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық колледжінде (БҚИК) ветеринария мамандығы бойынша аталған бағдарлама негізінде 18 студент білім алуда. Бүгінгі таңда еңбек нарығы мамандардың кәсіби даярлығының деңгейіне қатаң талап қояды. Соған сәйкес көптеген оқу орындарында дуальді оқыту жүйесі қолға алынған. Яғни білім алушылар дәрісте алған білімдерін машық жүзінде іске асырады.

Кәсіби мамандарды даярлау мақсатында БҚИК әкімшілігі облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы К. Ташимовпен бірлесе отырып, колледждің экология және биотехнология бөлімі бойынша «Серпін — 2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға» әлеуметтік жобасын қолға алған болатын.

Биыл ветеринария мамандығына оқып жатқан 3-курс студенттері бекітілген оқу жоспарына сәйкес қыркүйектің бесінен бастап үш ай бойы өндірістік-технологиялық тәжірибе жинауға Қазталов және Жаңақала аудандарындағы ветеринарлық қосындарға жолданды. Тәжірибе барысында студенттер өздеріне керекті мағлұматтарды жинап, теориялық білімдерін іс жүзінде жүзеге асырды. Олар әлеуметтік жоба аясында көрген-үйренгендерін айтып, өз ойларын ортаға салды. Мәселен, Гүлбақыт Жайлыбаева Қазталов ауданындағы Болашақ ауылдық округінде алғаш түйеге екпе жасағанын айтты.

– «Серпін» бағдарламасына қатысушылары жатақханамен, үш мезгіл тамақпен, киім-кешекпен және келген өңіріне қатынауға тегін жол қаражатымен қамтамасыз етіледі. 2014 жылы колледжге түстім. Алдыңғы жылы дуальді оқыту жүйесі енгізілген екен. Биыл Қазталов ауданындағы Қошанкөл ауылында тәжірибеден өттім. Ауылдағы ветеринар Аян Нариман жетекшілік етіп, маған нақты бағыт-бағдар берді, білген-түйгенімен бөлісті. Негізінен, қыздарға іс-қағаздарды жүргізу, электронды құжаттарды реттеу тапсырылған еді. Бірақ өзімнің сұранысыммен он бес шаруа қожалығында жүргізілген ветеринарлық шараларға атсалыстым. Сарып ауруын анықтау үшін арнайы мамандар тобымен бірге сиырдан қан алуды үйрендім. Ал қойдан гөрі қошқарға екпе жасау оңай екен. Өйткені қошқарлар жуас әрі тамырын тез табуға болады. Қараша айының ортасында ит пен мысыққа құтыруға қарсы екпе жұмыстарын жүргіздік, – дейді Дильфуза Елеуова.

Жалпы, аталған жобаның сәтті жүзеге асуына жағдай жасаған Қазталов және Жаңақала аудандық ветеринарлық стансаларының басшылары Т. Есболов пен Б. Шурмановқа ризашылық білдіреміз. Бәсекеге қабілетті білікті маман қалыптастыру үшін өндіріспен бірлескен тағылымдамаларды жүзеге асырудың маңызы зор.

Гүлмаржан АХМЕДИЯРОВА,

ветеринария ғылымдарының магистрі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар