26.12.2016, 21:20
Қараулар: 227
«Ақжайық саздарының» тұсауы кесілді

«Ақжайық саздарының» тұсауы кесілді

%d0%b5%d1%80%d0%ba%d0%b8%d0%bd-%d0%bd%d1%83%d1%80%d1%8b%d0%bc%d0%b1%d0%b5%d1%82%d0%be%d0%b2


Таяуда Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының концерт залында  Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «ҚР мәдениет саласының үздігі», «Құрмет» орденінің иегері, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Еркін Нұрымбетовтің «Ақжайық саздары» кітабының тұсаукесері мен шығармашылық кеші өтті.


Өңірімізде күй өнерін дәріптеп, музыка саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген кәсіби маман, республикалық, халықаралық күй байқауларында топ та жарып, жүлде де алып жүрген шәкірттерді дайындаған ұстаз Еркін Нұрымбетовтің шығармашылығын насихаттауды мақсат еткен шара облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен өтті.

Кеш иесінің «Ақжайық саздары» атты кітабының тұсаукесер рәсімін облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов пен ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Қырымгерей Қажымов жасады. Музыка саласының білгір маманы ретінде танылған Еркін Шаяхметұлының кешіне қатысқан өнер жанашырлары ақ тілегін арнаса, өнерде бірге жүрген әріптестері автордың жеке шығармашылығынан әндерді орындады.

Кеш барысында сөз алған Дәулеткерей Құсайынов музыка саласының майталманы Еркін Нұрымбетовтің халық композиторларының шығармашылығын насихаттап, Дәулеткерей атындағы халық аспаптары оркестрінің биік деңгейден көрінуіне қосып жүрген өлшеусіз еңбегін ерекше бағалайтындығын атап өтіп, кеш иесіне шығармашылық жолда сәттіліктер тіледі.

Автордың айтуынша, оқырманға жол тартқан «Ақжайық саздары» кітабында музыка саласына қатысты көптеген мәліметпен қоса, нота, партитуралары беріліп, композиторлар жөнінде біраз дерек қамтылған. Көрермендер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, әсем әнмен әрленген кеш өнерсүйер қауымға әдемі әсер қалдырды.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар