26.12.2016, 21:03
Қараулар: 201
Жақсылықтар жалғаса береді!

Жақсылықтар жалғаса береді!

%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b5%d0%bb%d1%81%d0%b8%d0%b7-256698-%d1%81%d1%8b%d1%80%d1%8b%d0%bc-%d0%b0%d1%83%d0%b4%d0%b0%d0%bd%d1%8b2


Сырым  ауданының   әкімі  Абат  Шыныбеков  Тәуелсіздік  туралы  былайша  ой  өрбітті:

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы – ел үшін мерейлі меже. Біздің ел бұл межемен тоқтамайды. Біз ширек ғасырлық жетістігімізбен мақтанамыз, бірақ алда бұдан да биік бағытымыз, бағдарымыз бар.


25 жылдың ішінде елде көптеген игі жақсылықтар орын алды. Бұл жақсылықтарды қазақстандықтар ел болып, жұрт болып жасады.

Сырым ауданы 25 жылдың ішінде ғасырлық деңгейде жаңарды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кім-кімге де оңай болған жоқ. Кеңестік игілік жойылды. Аға ұрпақтың шаруашылық үрдісін де үзіп алғанымызды мойындаймыз. Дегенмен біз бұл тығырықтан шықтық.  Мемлекет қабылдаған қандай бағдарлама болмасын, бәрінің де бір шеті ауылдың ахуалын арттыруға жұмыс жасады.

Нақты мысалдарды айтайық. Тәуелсіздік жылдары ауданның ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай алға жылжыды. Бұрын ауылдардың маңында көрінерге мал жоқ еді, қазір мал басы жайылымға толған дәрежеге жетті. Сырымдықтар күні бүгін асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға үлкен ден қойып отыр. Онымен ауданда 11 шаруашылық айналысады. Осы сияқты 19 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жеке қосалқы шаруашылықты дамыту үшін жұмысын бастады.

Ауыл шаруашылығын көтеру – ол ауылды көтеру.

%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b5%d0%bb%d1%81%d0%b8%d0%b7-256698-%d1%81%d1%8b%d1%80%d1%8b%d0%bcСырым ауданының жағырапиялық орналасуы – аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік саласы үшін мықты мүмкіндіктерді беріп отыр. Биыл өңірдегі тұңғыш инвест-форум біздің ауданда өтті. «SIRIM invest – 2016» аймақтық форумы аясында қол қойылған меморандумдар аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік саласы үшін жаңа басымдықтарды белгіледі. Осы арқылы жаңа жұмыс орындары ашылды.

Кейінгі жылдары Сырым ауданының инфрақұрылымы керемет артты. Жыл басында 10 бірдей елді мекен көгілдір отынға қосылуы, Жымпиты – Қаратөбе автокөлік жолының жөнделуі, Бұлдырты ауылының 12 шақырымдық кірме жолының жаңадан төселуі, аудан орталығындағы ауылішілік жолдардың орташа жөндеуден өткізілуі, жаяу жүргіншілерге арналған жолдың салынуы – мұның бәрі инфрақұрылымның дамуы ғой. Сәйкестік те шығар, бұл шаруалардың бәрі ел егемендігінің ширек ғасырлық тойы қарсаңында атқарылды.

Біз барлық жақсылықты Тәуелсіздікпен байланыстырамыз, – дейді ауданның әкімі.

Аудан әкімінің лебізін әрі қарай сабақтасақ, шүкір, ауыз толтырып айтар жақсылықтар баршылық. Тәуелсіздік жылдары еліміз еңсесін тіктеп, екпіндей өрістеп, елеулі биіктерді еңсерді. Осының бәрі – жақсылық. Соның ішінде халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсарып, өркениетке қадам жасаған бір ауыз толтырып айтар жаңалық, ол – ауданға көгілдір отынның келуі. Шынын айту керек, Кеңес үкіметінің бұғауында болған жетпіс жылда келмеген көгілдір отынның игілігі елге егемендіктің небары он тоғыз жылында жетті. Газдың келуімен бірге әр шаңыраққа бақыт, береке  кірді.

2010 жылы  ауданға Қарашығанақ-Жымпиты бағытында тартылған магистральді газ құбырының келуі сырымдықтар үшін тарихи сәт болды. Сол кездегі облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының тікелей ықпал етуімен газ өндіру жұмысымен айналысатын «КПО б.в» компаниясы көгілдір отынды  Жымпитыға дейін тартуға 57 млн. АҚШ долларын бөліп, діттелген мақсат ойдағыдай аяқталып, Сырым елі-нің көптен күткен арманы жүзеге асты.

Алғашқы жұмыстар ауданның орталығы Жымпитының басында жүргізілді.

2011 жылы Алғабас, Талдыбұлақ, Қазақстан ауылдарына газ келді. Сөйтіп, бұл жақсылық әрі қарай жалғаса берді.

Биыл Алғабас ауылынан Тоғанас – Аңқаты – Қарағанды – Құспанкөл – Жаңаөңір – Сасықкөл бағыттары бойынша газ құбырын тарту жұмыстары басталды.

Ауданда жақсылық деген көп дедік қой. Соның бір-екеуіне тоқталайық тағы да.

Сырым ауданында «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігі бар. Бұл ұйым 2004 жылдан бері жұмыс жасайды. Ұйым 2011 жылы «Өмірге жолдама» деген әлеуметтік жобаның жұмысын бастады. Бірлестіктің экс-төрағасы Ерболат Исанов бұл жоба ауданның жастары үшін шынайы игілікті болса деген мақсатты ғана ойлады. Мақсат орындалды да.

Өңірге белгілі «Әлім», «АзияТехСтрой» ЖШС-ларымен қатар, «КМТ СИТИ СТРОЙ», «БАЛТЕМЕН», «ӨТЕШ» секілді құрылыс кәсіпорындары осы жобаның қаржыландырушылары болып келісілді. Құсайын Бахтияров, Ержан Бахтияров, Ерлан Бақтияров, Армат Әлімбетов, Тілек Махметов, Ақболат Ырысов, Ақболат Ізболатов сияқты азаматтар жақсылық жасауға өздері ынта білдірді. Істің басы солай басталды да, «Сырым жастары» ұйымы «Өмірге жолдама» жобасы арқылы ақылы білім алуға әл-дәрмені жоқ, әлеуметтік жағдайы әлжуаз жанұядан шыққан 10 бірдей жасты өздері қалаған мамандық бойынша жоғары оқу орындарына тегін орналастырды. Сырым ауданы мемлекеттік грантты осылай «қолдан жасады». Сөйтіп, 10 бірдей бозбала мен бойжеткеннің арманы орындалды, 10 бірдей жанұя жақсылыққа жарыды. Бастысы, 10 бала адам болды.

«Өмірге жолдама» әлеуметтік жобасы 2011 жылы Батыс Қазақстан облысындағы «Үздік жастар жобасы» атанды. Сөздің шыны керек, бұл жобаны облыста әлі ешкім қайталай алмай отыр. Қайталай алмайтын да шығар. Қайталау үшін Бахтияровтар сияқты жомарттар керек, Арматтай, Тілектей, Ақболаттардай азаматтар керек.

Биыл бұл жоба 5 жылға аяқ басты. Нәтиже бар ма? Бар. Жобаның 2 қатысушысы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін аяқтады. Ақтөбе қаласындағы М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан  мемлекеттік медицина университетінде білім алуға мүмкіндік алған бір студент жоба күткен нәтижені орындады. Сабағын үздік оқып, келесі жылы мемлекеттік грантты жеңіп алды. Күні бүгін осы оқу орнында жобаның тағы бір қатысушысы білім алып жатыр. Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетіне оқуға жіберілген енді бір қатысушымыз да күні бүгін мемлекеттік грант арқылы білім алуға ауысты. «Өмірге жолдама» жобасы аясында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін аяқтаған бір жас маман аудан ауылдарының біріне еңбек етуге кетті.  Жаңағылар да, басқалары да «Өмірге жолдама» жобасы аясында білім алып, бүгін бір-бір саланың өкілі болып жүр.

Сырым елінде кәсіпкерлер жағы белсенді. Белсенді болғанда, ісіне ғана емес, қайырымдылыққа, қоғамдық жұмысқа келгенде белсенді.

2014 жылы «АзияТехСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Армат Әлімбетов өз қаржысына Жетікөл ауылдық округінің орталығынан әмбебап спорттық алаңын салып, пайдалануға берді. Кәсіпкердің бұл ісі «Нұр Отан» партиясының «Біздің ауыл» жобасы аясында қолға алынған «Туған жерге тағзым» акциясының негізінде атқарылды. Елге деген махаббат қой, бұл!

Елге деген махаббаттың «тірі көріністері» Сырым елінде соңғы уақытта жиі байқалатын болды. Мәселен, Бұлдырты ауылдық округіне қарасты Көгеріс ауылының тұрғындары осы жазда өз күштерімен ауыл клубының құрылысын бастады. Суыққа қалмай табанын тартып, қабырғасын тұрғызып қойды. «Құдай қаласа, келесі жазда клубта отырып концерт көреміз!» – деді іссапар барысымен барғанда бізге жолыққан Боранбай деген ауылдың бір іскер азаматы. Осындай клубтың құрылысын биыл Сарой ауылдық округіне қарасты Көздіғара ауылының тұрғындары да қолға алды. Жазғы уақытта су жаңа клубта отырып концерт көретін тағы бір ауыл болса,  ол  осы  Көздіғара  сияқты.

Түйіндеп айтқанда, Тәуелсіздіктің таңы өзінің жақсылығымен атып жатыр. Мәңгі бол, арайлы бол, Азаттықтың ақ таңы!

Жоғарыдағы жақсылықтарды санамалап бола келгенімізде, жоғарыда айтқан Жетікөл ауылдық округінің орталығы Қосарал ауылында қос бірдей қуаныш орын алды. Округ орталығында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында жергілікті кәсіпкерлердің жеке қаржыларына салынған «Жетікөл» және «Данияр» атты заманауи сауда дүкендері салтанатты түрде ашылды. Жақсылықтар осылай жалғаса бергей!

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Шынар  МОЛДАНИЯЗОВА,

Сырым  ауданы