26.12.2016, 20:53
Қараулар: 245
«Мемлекеттік қызметшілердің тәртібі – басты назарда»

«Мемлекеттік қызметшілердің тәртібі – басты назарда»

img_2160


Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі дамыған елдердің көбінде бар. Кодексте мемлекеттік қызметшілердің атқарып отырған лауазымына қарамастан, басшылыққа алуға тиісті кәсіби қызметтік этиканың жалпы қағидалары мен қызметтік мінез-құлықтың негізгі жүйесі көрсетілген. Былтыр республикамызда мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі бекітілгені белгілі. Бұл құжаттың негізгі қағидалары, соған сәйкес облысымызда қолға алынған іс-шаралар жөнінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақовпен әңгімелескен едік.


 

— Болат Әлмұханұлы, Әдеп кодексінің негізгі қағидалары туралы айтып өтсеңіз?

 

— Әңгімеміздің басында облыс тұрғындарын еліміздің басты мерекесі – Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, батысқазақстандықтарға зор денсаулық, ізгілік, береке және барлық жақсылықты тілегім келіп отыр. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың сындарлы саясатының нәтижесінде еліміз дамудың үлкен жолынан өтті. Барынша дамыған елу елдің қатарына ендік. Ендігі меже – бәсекеге қабілетті отыз мемлекеттің бірі болу. Мемлекеттік аппараттың кәсіби және тиімді жұмысы да бұл мақсатқа жетуімізге өз ықпалын тигізері анық. Соған сәйкес еліміздегі институционалдық рефор-малардың негізгі бағыты кәсіби мемлекеттік аппарат құруға арналып отыр. Ал мемлекеттік аппараттың кәсібилігі үшін мемлекеттік қызметтің беделі мен мемлекеттік қызметшілердің имиджін көтеру маңызды екені анық. Осы бағытта «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 12-қадамын жүзеге асыру аясында мемлекеттік аппараттың этикалық бейнесін қалыптастыру үшін қажетті нормативтік іс-шаралар жүзеге асырылды. Мәселен, ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңында әдеп мәселесіне жеке тарау арналды, Әдеп кодексі қабылданды, агенттіктің облыстық департаменттері жанынан Әдеп жөніндегі кеңестер құрылды, мемлекеттік органдарда әдеп жөніндегі уәкіл лауазымы енгізілді. Заңнама деңгейінде қызметтік этиканы сақтау бойынша мемлекеттік қызметшілерге қойылатын негізгі талаптар анықталды. Мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар, сондай-ақ мүдделер қақтығысын реттеу бойынша міндет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық жөнінде түсініктер енгізілді.

2015 жылдың 29 желтоқсанында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін» бекітті. Кодекс мемлекеттік қызметтің беделін көтеруге бағытталып отырғаны белгілі. Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттарын әр жағдайларда, яғни қызметте, әріптестерімен қарым-қатынаста, қол астындағы қызметшілермен, басшылармен, қызметтен тыс уақыттағы байланыс кезінде, сондай-ақ көпшілік алдында сөз сөйлеуде анықтайды. Осыған сәйкес мінез-құлық стандарттары сапалы деңгейге көтеріліп, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттырады.

 

— Мемлекеттік қызметшілердің қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттары жөнінде айтып өттіңіз. Сонда қызметтен тыс уақытта мемлекеттік қызметші өзін қалай ұстауы керек?

 

— Мемлекеттік қызметші қашанда жалпыға бірдей моральды-этикалық нормаларды сақтауы тиіс. Күнделікті өмірде олар қарапайымдылық танытып, өз лауазымын ерекшелемеуі және пайдаланбауы керек. Әрбір мемлекеттік қызметші ол халықтың алдында мемлекеттік қызметтің бейнесін көрсететін тұлға болып саналады. Сол себепті оның кәсіби және жеке басының қасиеттері арқылы барлық мемлекеттік органның жұмысы бағаланатынын естен шығармаған жөн.

 

— Ұлт жоспарында әдеп жөніндегі уәкіл лауазымын енгізу қарастырылған. Оның атқаратын қызметіне тоқтала кетсеңіз?

 

— Әдеп кодексінің орындалуына бақылау жүргізілмесе, ол пәрменді болмайды. Мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқын бақылаудың негізгі механизмдерінің бірі – әдеп жөніндегі уәкіл лауазымының енгізілуі. Заңға сәйкес әдеп жөніндегі уәкілге мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын мониторингілеу және бақылау функциясы жүктелген. Бұл жаңа институт орталық мемлекеттік органдарда, сондай-ақ өңірлік деңгейде енгізілді.

Әдеп жөніндегі уәкіл – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін бұзуды болдырмауды, алдын алуды қамтамасыз ететін, сондай-ақ өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға кеңес беретін – мемлекеттік қызметші. Әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары ұжымда қадірлі және құрметке ие болған мемлекеттік қызметшіге жүктеледі.

 

— Бұрынғы Тәртіптік кеңестің қазіргі Әдеп жөніндегі кеңестен айырмашылығы қандай? Әдеп жөніндегі кеңеспен жылдың басынан бері қандай жұмыстар атқарылды?

 

— Әдеп жөніндегі кеңестің таратылған тәртіптік кеңестен басты ерекшелігі және айырмашылығы – сыбайлас жемқорлық пен әдеп нормаларының бұзылуының алдын алуға басымдық берілетіндігінде. Кеңес сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындыларын және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын мониторингілеу мен бақылауды жүзеге асырады, тәртіптік комиссиялардың жұмысын үйлестіру кезіндегі әдеп жөніндегі уәкілдің қызметін қарайды. Әдеп жөніндегі кеңес мемлекеттік тәртіпті нығайту, мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы, қызметтік этиканы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы мүлтіксіз сақтауды, сондай-ақ әдеп жөніндегі уәкіл қызметін үйлестіру мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеуді жүзеге асырады.

Батыс Қазақстан облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңестің дербес құрамы тоғыз адамнан, яғни қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінен және мемлекеттік органдардың басшыларынан құралған. Биылғы жылдың 11 айында 68 сұрақ бойынша кеңестің 10 отырысы өткізілді. Соның 50-і – тәртіптік іс. Тәртіптік істерді қарау қорытындысы бойынша 31 лауазымды тұлғаны тәртіптік жауапкершілікке тарту бойынша ұсыныстар берілді. Оны тарқатып айтсақ, мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар үшін – 20, Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін – 11. Кеңес отырыстарында 18 мәселе қаралды. Олардың ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындылары, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамаларының бұзылуының алдын алу бойынша мемлекеттік органдар жұмысының қорытындылары бар.

 

— Облысымыздағы мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының қызметі туралы айтып өтсеңіз.

 

— Мемлекеттік қызметшілердің тәртібін және жауапкершілігін нығайту мақсатында мемлекеттік органдарда комиссиялар құрылды. Департамент өзінің ережесіне сәйкес, әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік істерін қарау бойынша мемлекеттік органдарда құрылған тәртіптік комиссиялар қызметін үйлестіру функциясын жүзеге асырады. Ағымдағы жылдың тоғыз айында облыстағы мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларында мемлекеттік қызметшілерге қатысты 154 материал қаралып, нәтижесінде 174 тәртіптік жаза

тағайындалды. Департамент қызметкері жүргізген талдау қорытындылары көрсетіп отырғандай, мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссиялары мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың нормаларын, мемлекеттік қызметшілерге қолданылатын тәртіптік жаза ережелерін, соның ішінде тәртіптік комиссия құру, қызметтік тексеру жүргізу, шешімді рәсімдеу, тәртіптік комиссия шешімімен таныстыру сияқты ережелер сақтала бермейді.

 

— Болат Әлмұханұлы, мемлекеттік қызметшілер сыйлық алған жағдайда қандай жауапкершілікке тартылады?

 

— Бұл – қазір қоғамда көп талқыланатын мәселенің бірі. Мемлекеттік қызметшілер және жауапты мемлекеттік лауазымдағы тұлғаларға өз қызметін пайдалана отырып, сыйлықты алдыруға да, алуға да болмайды. Қызметіне сәйкес көпшілік алдында немесе ресми шаралар кезінде сыйлық алған лауазымды тұлғалар алған сыйлығын жеті күнтізбелік күн ішінде ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің аумақтық бөлімшелеріне тапсыруы тиіс. Сыйлық түріндегі мүлікті уәкілетті органға толық немесе уақтылы бермеген жағдайда ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» кодексінің 472-бабына сәйкес бұл іс-әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса да, әкімшілік-құқықтық жауапкершілік қарастырылған. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер сыйлық алғандығы үшін ғана емес, мемлекеттік қызметшілерге заңсыз материалдық сыйақы бергені үшін жеке тұлғалар да әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығын атап өткен жөн.

Сұхбаттасқан Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

“Орал өңірі”

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар