26.12.2016, 22:44
Қараулар: 242
Елбасы балдырғандарды құттықтады

Елбасы балдырғандарды құттықтады

img_3195


Облыстық  қазақ  драма   театрында  жылдағы  дәстүр  бойынша балаларға  арналған  ҚР  Президентінің  жаңажылдық  шыршасы өтті.


Өңіріміздің әр түкпірінен Елбасы шыршасына 9-13 жас аралығындағы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кірісі аз және көп балалы отбасынан шыққан балалармен қоса, оқуда, спортта, шығармашылық істе, қоғамдық өмірде табысқа жеткен барлығы 180 бала қатысты. Олардың 126-сы ауылдық жерлерден келсе, алтауы балалар үйінің, 15-і даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнаулы мекемелердің тәрбиеленушісі болса, тоғызы облыстық мектептердің, 24-і – қаламыздағы білім ошақтарының өрендері. Жылдағыдай жасыл шырша жанына жиналып, ән айтып, би билеген балғындар Аяз ата мен Ақшақарды асыға күтті. Белгілі «Еріншектер елі» мультфильмінің кейіпкерлері Спортакус пен Стефани шырша тойын қыздыра түсті. Мерекелік бағдарлама сәтінде шыршаны жағалап, ән салған балғындар Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өздерін құттықтаған  бейнеүндеуін  тыңдады.

– Қымбатты балалар! Жаңа жыл – әр бала асыға күтетін мерейлі мейрам, жақсылық жаршысы. Бұл – ең алдымен, балалардың мерекесі, кішкентайлардың қуанышы. Сендер тәуелсіз елде өсіп келе жатқан нағыз бақытты ұрпақсыңдар! Мен өздеріңді және еліміздегі барлық балаларды Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі шырша тойы есте қалатын ерекше кеш болады деп сенемін. Ұлы дала елінің ұлағатты ұландары үнемі алдыңғы қатарда болуы керек. Біз сендердің ақылды да алғыр зерделі де зерек болып өскендеріңді қалаймыз. Еліміздің болашағын сеніп тапсыратын үкілі үмітіміз өздеріңсіңдер! Сол үшін сендерге біздің мемлекетіміз барлық мүмкіндікті жасап келеді. Асқақ армандарың орындалып, тәуелсіз елімізбен бірге өсіп-өніп, көркейе беріңдер! Жаңа жылымыз құтты болсын! – деді Елбасымыз.

img_3142– Қызыл-жасыл түрге еніп, түрлі кейіпкерлерді сомдап, әдемі киінген балалардың риясыз күлкісі мен жарқын-жарқын дауыстары шырша тойының шырайын аша түсті. Осы мерекеге арнайы келген облыс әкімі Алтай Көлгінов жаңажылдық  шыршаның  шамын жағып, балалармен бірге қол ұстасып, би билеп, ойындарға қатысты. Өңір басшысы Алтай Сейдірұлы балаларға ақжарма тілегін  арнап,  ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құттықтау жеделхатын оқып берді. Онда «Айналайын! Келе жатқан 2017 жылмен шын жүректен құттықтаймын!  Жаңа жылда ұлы білім әлеміне деген  сенің шынайы талабың өссін!  Жастық  жалынмен ой-өрісің дамып, кеңейсін!

Туған халқыңмен барша адамзат игілігі үшін ғаламдық  өркениеттің интеллектуалдық байлығын талмай игере бер!» – деп жазылған.

Облыстық білім басқармасының берген мәліметі бойынша шырша тойын өткізуге жалпы сомасы 15,7 млн. теңге қаражат жұмсалған. ҚР Президенті атынан жаңажылдық шыршаға қатысқан әр балаға құны 80 мың теңге тұратын сыйлық жиынтығы берілді. Оның ішінде қысқы сырт киім, қысқы аяқ киім, бас киім, шарф, спорттық костюм, спорттық аяқ киім, жемпір,  джинсы, күзгі жиде және тәттілер бар. Сондай-ақ балалар «Funky town» орталығындағы аттракциондарда болып, танысу кеші мен қағазды шоуға қатысты.

Шырша тойының соңында  балалар облыс әкімі Алтай Көлгіновпен  естелік  суретке  түсті.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар