23.12.2016, 19:13
Қараулар: 200
Энергетиктер төл мерекесін атап өтті

Энергетиктер төл мерекесін атап өтті

img_2386


Облыстық филармонияның концерт залында өңіріміздегі энергетика саласы қызметкерлері мерекесіне арналған салтанатты шара өтті.


Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген шараға облыс әкімінің оранбасары Бағдат Азбаев қатысып, саланың дамуына елеулі үлес қосқан мамандар мен өңіріміздің маңызды нысандарында еңбек етіп жүрген бір топ азаматтарды марапаттады.

Бүгінгі күні заманауи қоғамды жылу мен электр қуатынсыз көзге елестету мүмкін емес. Өңірімізді қуатпен қамтамасыз ететін мекемелердің мыңдаған жұмысшылары күн сайын қала тұрғындарының өмірі жайлы болуы үшін уақытпен санаспай тер төгіп жүр.

Бүгінде «Жайықжылуқуат» АҚ Орал қаласындағы орталықтандырылған жылумен жабдықтаудың бірден-бір көзі болып саналатын стратегиялық және әлеуметтік маңызды нысан. Оның  көпұлтты ұжымында қазіргі таңда 1125 адам жұмыс істеуде. Олардың арасында 210 адам инженерлік-техникалық қызметкерлер болса, 915 адам – жұмысшы мамандар.

– Құрметті облыс энергетиктері, сіздерді бүгінгі төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер халыққа жарық пен жылулық беретін шынайы мамандықтың иесісіздер. Бүгінгі мереке күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, сарқылмас өмір қуатын және адал еңбектеріңізге жаңа жетістіктер тілейміз, – деді мерекелік шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев.

Мерекеге орай Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының «Еңбек сіңірген энергетигі» төсбелгісімен «Жайықжылуқуат» АҚ коммерциялық директоры Вячеслав Солодилов, аталмыш қауымдастықтың «Құрметті энергетигі» төсбелгісімен жылу электр орталығының бөлім басшысы Валерий Светенко марапатталды. Сонымен қатар бірқатар сала үздіктеріне облыс әкімі атынан алғысхаттар мен Құрмет грамоталары табыс етілді. Олардың қатарында Виктор Герасимов, Ерлан Хамзин, Айбар Молдағалиев, Александр Стерликов, Любовь Мурзина, Татьяна Фофонова сынды сала мамандары бар.

Салтанатты шара өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасына  жалғасты.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Суретті   түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар