21.12.2016, 18:34
Қараулар: 146
Судьяларға марапат

Судьяларға марапат

????????????????????????????????????

????????????????????????????????????


Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын облыстық сот ұжымы  да салтанатты түрде атап өтті.


Мерейлі мерекеге орайластырып ұйымдастырылған шараны облыстық сот төрағасы Бек Әметов жүргізді.

— Сіздерді ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – ел тарихындағы ең үлкен мереке. Біздің еліміз 1991 жылы ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткізді. Содан бері біз егеменді ел атанып, баянды өмір сүріп келеміз. Осы жылдар ішінде қол жеткізген табыстарымыз да аз емес. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында ширек ғасырда Қазақстан барша әлемге танылды. Гүлденген, өсіп-өнген, жаңарған Қазақстанның қол жеткізген табыстарында, жеңістерінде осы залда отырған сіздердің әрқайсыңыздың үлесіңіз бар. Сіздерді бүгінгі барлық қазақстандықтарға ортақ мерекемен құттықтай отырып, баршаңызға мықты денсаулық, жемісті еңбек тілеймін, — деген төраға сөз кезегін сот жүйесінің ардагері Нина Никулинаға берді.

— Мен сот жүйесінде 1992 жылдан жұмыс істеп келемін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдің жағдайы қиын болды. Бізге де аса күрделі жағдайда жұмыс істеуге тура келді. Ғимаратымыз салқын, жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар да жетіспейтін. Тіпті жазу машинкасы да қат болатын. Тоңып-шашырап жүріп, сот отырыстарын қалдырмайтынбыз. Бүгінде соның бәрі артта қалды. Менің бүгінгі әріптестерім жаңа ғимаратта, жылы да жарық бөлмелерде жұмыс істеуде. Еліміздің өсіп-өнгені, жетістігі осының өзінен-ақ көрініп тұр. Сіздерге жұмыс жасауға барлық жағдай жасалған. Бүгінгі мерекеде әріптестеріме шығарған шешімдеріңіз тек әділ болып, халықтың құрметіне бөлене беріңіздер деп тілек айтамын, — деді еңбек ардагері өзінің құттықтау сөзінде.

Ел тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай сот жүйесінің бір топ үздік қызметкері марапатталды. Олардың қатарында облыстық, қалалық және аудандық соттың судьялары В. Дмитриенкоға, К. Қадырбековке, А. Дүйсенғалиевке, А. Ахметовке, Г. Дәулетқалиеваға және қалалық, облыстық соттың мамандары Е. Ермачкова мен А. Қойбағароваға облыс әкімінің алғысхаты табыс етілді. Судьялар К. Махметов, Н. Сейдахметова, М. Бақтығұлов ҚР Судьялар одағының алғысхатымен марапатталды. Облыстық соттың судьясы Е. Боранбаев ҚР Судьялар одағының Құрмет грамотасына ие болса, облыстық сот судьясы Х. Аманқұлов пен қалалық соттың судьясы Б. Мәмбетов ҚР Судьялар одағының «Үш би» құрмет белгісін кеуделеріне тақты. Сондай-ақ облыстық соттың бас маманы Р. Төлеуғалиева мен Орал қалалық сотының судьясы Г. Қойбағарова ҚР Жоғары сотының ІІ және ІІІ дәрежелі «Сот жүйесінің үздігі» медалімен марапатталды. Сондай-ақ облыстық соттың судьялары Зәуреш Қыясова мен Гүлнар Миниус ҚР Жоғары сотының ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медаліне ие болды. Бір топ үздік судьяға ҚР Президентінің 2016 жылдың 29 қарашасындағы №380 бұйрығына сәйкес «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалі табысталды. Жиында сот қызметінің жұмысын кеңінен насихаттаған бірқатар БАҚ өкілдеріне де сый-құрмет көрсетілді.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар