15.12.2016, 18:21
Қараулар: 64
Батысқазақстандықтар ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиынды тікелей эфирде тамашалады

Батысқазақстандықтар ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиынды тікелей эфирде тамашалады

img_2172


ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты жиынды батысқазақстандықтар тікелей эфирде тамашалады. Облыстық мәслихаттың үлкен залында ұйымдастырылған шараға бірқатар департамент және басқарма қызметкерлері, өзге де түрлі мекеме-ұжым өкілдері қатысты. Жиынға қатысып, Елбасының сөзін тыңдаған еңбек ардагерлерінің пікірлері төмендегідей:


 img_2163

Асқар АТАЕВ,

М.Ықсанов атындағы қордың төрағасы, еңбек ардагері:

 — Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінгі салтанатты жиында Тәуелсіз еліміздің 25 жылдың ішінде жүріп өткен қиындықтары мен жасампаз табыстарын саралап айтып шықты. Елбасымыз сөзінде қамтымаған ешқандай өмір саласы жоқ. Мен үшін ең бастысы – елімізде бірлік пен тыныштықтың сақталуы. Еліміз біртұтас халықтың ынтымағы мен жанқиярлығына сүйене отырып, талай сыннан мүдірмей өтті. Бұл орайда Елбасымыздың жеке сіңірген еңбегі зор. Елбасымыздың бастамасы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, 20 жылдың ішінде ол өзін-өзі ақтады. Бүкіл әлемге үлгі-өнеге көрсетті. Дүние жүзінің көп елі Қазақстан халқы Ассамблеясының оң да тиімді тәжірибесінен көп нәрсені үйреніп, өздеріне үлгі етіп алуда.

Нұрсұлтан Әбішұлының бүкіләлемдік қарусыздану, соның ішінде ядролық қарудан бас тарту жөніндегі пікірі де көңілге қонымды. Сондықтан оның келешекте адамзат соғыссыз өмір сүріп, мамыражай тіршілік еткен шақта «Қазақтың бір баласы осындай пайдалы іс атқарды»деп айтарына сенемін» деген сөзіне ризалықпен қол соқтым. Яғни, соғыс қатерін азайту немесе мүлдем жою біздің Елбасы сынды ардақты азаматтардың мәңгілік арманы. Ол адамзаттың түбінде соғыссыз өмір сүретініне сенімді. Сөз соңында айтарым, Елбасымыздың келесі жылдан бастап, зейнетақы мөлшерін 20, сәбилерге берілетін жөргекақы мөлшерін 20 пайызға өсіру жөніндегі тапсырмасы аға ұрпақтың да, жас ұрпақтың да қамын ойлаудан туатын әрекет. Жалпы оның еліміздегі адам өсімінің көбеюі жөніндегі қуанышты лебізі бәріміздің жанымызды жадыратады.

Қазыбай БОЗЫМОВ,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ректорының кеңесшісі:

 — Әр ұлт үшін Тәуелсіздік маңызды орынға ие. Елбасымыз Тоныкөк дәуірінен бастау алған «Мәңгілік ел» идеясын жаңғыртты. Елбасының және халықтың жанқиярлық еңбегі мен өр сенімінің арқасында 25 жылдың ішінде Қазақстан уақытша қиыншылықтарды біртіндеп еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түсті. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Қазақстан дамудың қандай күрделі жолдарынан өткені жөнінде саралап баяндады. Осы жылдар ішінде Отанымызда тұрақты саяси-әлеуметтік қоғам қалыптасты. Ата Заңымыз қабылданды, төл теңгеміз шықты, ең бастысы – қазақ елін бүкіл әлем таныды, мойындады. Саяси өмірінде тұрақтылық пен жүйелілік қалыптасқан Қазақстанды шетел мойындап қана қойған жоқ, әлемнің талай алпауыттары инвестиция құя бастады. Елбасымыз атап көрсеткендей, олардың ішінде «Аджип» «Самсунг» «Миттал» тағы басқа атақты компаниялар бар. Олардың инвестицияларының нәтижесінде ел экономикасының еңсесі көтеріліп, алға басты. Нұрсұлтан Әбішұлы қазір Қазақстандық 50-ден астам өнімнің әлемдік сұранысқа ие болғанын мақтанышпен айтты. Мәдениет, білім беру, спорт, және басқа салаларда да табыс көп. Тәуелсіздіктің 25 жылында Отанымызда 1350 мектеп пен 1300 аурухана салынуының өзі неге тұрады?! Тіліміз бен дінімізді жаңғырту және одан әрі дамыту жөнінде де Елбасымыз тамаша пікірлер айтты. Ол баяндамасында тек өткен 25 жылға талдау және сараптама жасаумен шектеліп қана қойған жоқ, мемлекет пен халық алдына тағы да тың міндеттер қойды.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар