18.11.2016, 22:57
Қараулар: 125
«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Ақ Жайықта

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Ақ Жайықта

pri_161115Ел тәуелсіздігінің  25 жылдығына орай өңірлерді аралауға шыққан «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы кеше Орал қаласына ат басын тіреді. Оны облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев бастаған оралдықтар салтанатты түрде қарсылап алды.


Бағдат Оразалдыұлы қонақтарға қош келдіңіз айтып, олардың жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол еліміз 25 жылдың ішінде толайым жетістіктерді бағын-дырғанын атап өтті.

— Елбасының тапсырмасымен, Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен жолға шыққан «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы халық пен биліктің, ел мен үкіметтің арасындағы көпір сияқты. Біз елмен бірге болайық, халықтың мұң-мұқтажы болса, қолұшымызды созайық, әлеуметтік мәселелерді шешейік, жеткен жетістіктерімізді саралап, жетпейтіні болса түзетіп, бүгінгі тойымызды қазақтың өзіне тән ұлылықпен қарсы алсақ деген оймен бірінші қарашада Астанадан шықтық. Орал қаласында екі күнге созылатын шараларымыздың бәрі халықтың игілігі үшін ұйымдастырылмақ. Біздің құрамда 271 адам бар. Оның 72-сі — медицина қызметкерлері, қалғандары жеті түрлі министрліктің және үш ұлттық компанияның өкілдері, — деді «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының жетекшісі, профессор, жазушы Әміржан Әлпейісов.

Сол күні түс қайта орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, Лев Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университетінің профессоры Әміржан Әлпейісов және КХА депутаттық корпусының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің V шақырылымдағы депутаты Егор Каппель  қатысқан брифинг өтті.

— Биыл қазақ халқы үшін, жалпы қазақстандықтар үшін ерекше жыл. Білегінің күшімен, найзасының ұшымен осынау ұлан-ғайыр жерді бізге сақтаған ата-бабаларымыз, мың өліп, мың тірілген халқымыз армандаған Тәуелсіздіктің 25 жылдық тойына санаулы күндер қалды. Осы орайда жеткен жетістіктеріміз және алдағы белестерге қандай мақсаттар қоятынымыз жөнінде халықпен кездесу – негізгі мақсатымыз. Астанадан бірінші қарашада шыққан пойыз 14 желтоқсанда Алматы қаласында өз жұмысын аяқтамақ. Біз осы 43 күнде 35 елді мекенде болып, жұмыс жасаймыз. Бұл пойызды «әлеуметтік пойыз» деп те атауға болады. Себебі халыққа әлеуметтік көмек көрсетіп, күрмеулі мәселелерін шешуді басты назарда ұстаймыз. Осы уақытқа дейін біздің қабылдауымызда 27 509 адам болды. Оның ішінде 5 771 адам дәрігерлік көмек алды. 3 650 адам түрлі министрліктердің көмегіне ие болды. Ауылдық жерлерде, елді мекендерде болып, халықпен кездесіп, олардың шешілмеген мәселелерін қарастырып, медициналық көмек көрсетіп, қажет деп тапқан жағдайда ауыр науқастарға Астана, Алматы қалаларында емделуге жолдама табыстап, оқу, білім, экономика, өзге де салалар бойынша ақыл-кеңес беру бағытында жұмыс жасап келеміз, — деді Әміржан Қайырұлы.

Егор Каппель қазіргі кезеңде мемлекеттік тілді терең игеруге ден қойылып жатқандығын, шынайы патриоттық тәрбие өзің өмір сүретін елдің ұлттық салт-дәстүрін, тілін игеріп, оған ілтипатпен қараудан басталатынын айтты. Ол сондай-ақ тәуелсіздік үшін ғасырлар бойы күресіп өткен ата-бабаларды, Абылай хан, Қабанбай, Қарасай сынды күллі қазақ батырларын мақтан тұту керектігін, солардың арқасында еліміздің шекарасы бүгінгідей ұлан-ғайыр аймаққа созылып жатқанын атап өтті.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»