16.11.2016, 21:58
Қараулар: 68
«Қасақана заң бұзғандарға қатаң жаза қолданылса…»

«Қасақана заң бұзғандарға қатаң жаза қолданылса…»

img-20161116-wa0003


Биылғы аңшылық маусымына қатысты заңбұзушылықтың өрескел деректері кездесті ме? Облысымыздағы орман ресурстары мен жануарлар дүниесін молайту бағытындағы жұмыстардың нәтижесі қандай? Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы заңнамалық талаптардың сақталуы қандай деңгейде? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық  инспекциясының басшысы Қайрат Қадешевпен сұхбаттасқан едік.


— Қайрат Темірғалиұлы, орман ресурстары мен жануарлар дүниесін молайту бағытындағы жұмыстарды бақылау қандай нәтиже беріп отыр? Нақты статистикалық деректер келтіруге бола ма? Мәселен, атқарылған жұмыстар нәтижесінде өткен жылдармен салыстырғанда орман ресурстарының молайғандығы немесе жануарлар санының артқандығы туралы…

— Инспекцияның негізгі міндеті орман шаруашылығы, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында қорғау жұмыстарын үйлестіру және бақылау функцияларын орындау болып табылады.

Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы тарапынан жүктелген міндеттермен жоспарланған жұмыстар тиісті деңгейде атқарылуда деп айтуға болады. Нақты статистикалық деректерге сүйеніп, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде орман ресурстарының молайғандығы немесе жануарлар санының артқандығына тоқталатын болсақ, келесі мәліметтерді келтіруге болады. Жануарлар дүниесі саласындағы негізгі жануарлар түрлерінің, яғни киік, қабан, еліктің үш жылдағы көрсеткіштерін алатын болсақ, қалыпты өсімі байқалып, келесіні құрап отыр:

Түрлері

 

2013

 

2014

 

2015

 

2016

 

Киік

 

26400

 

39500

 

52500

 

70200

 

Қабан

 

1015

 

1036

 

1065

 

 

Елік

 

998

 

1030

 

1093

 

 

Орман шаруашылығы саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталатын болсақ, өткен жылғы аптап ыстық уақыттарда облыс бойынша 50 орман өрті орын алып, оның салдарынан 2810,1 га көлемде орманды алқап өртеніп, мемлекеттік орман қорының аумағы сәл азайды. Бүгінгі күні облысымыздағы мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 216 706 гектарды құрап отыр.

Мемлекеттік орман қорының аумағын кеңейту мақсатында жалпы орман шаруашылығы мекемелерімен жылма-жыл 500 гектар жерге тал-терек отырғызылып, облыс аудандарында көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін 150 мың түп түрлі көшеттер өсіріліп отыр.

— Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы заңнамалық талаптардың сақталуы қандай деңгейде? Облысымыз бойынша мұндай аумақтардың саны қанша? Қай жерлерде орналасқан?

— Облыс бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың көлемі 188706,3 гектарды құрайтын он мемлекеттік табиғи қаумалдан тұрады, олардың үшеуі жалпы ауданы 160 мың гектарды құрайтын республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар, оның ішінде: Кирсанов (кешендік) – 61,0 мың га, Бударин (зоологиялық) – 80,0 мың га, Жалтыркөл (зоологиялық) – 19,0 мың га. Жалпы көлемі 28706,3 мың гектарды құрайтын бес жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумал мен екі табиғи ескерткіш бар. Екі мемлекеттік табиғи ескерткіштің (Садовское көлі – ауданы 150 га, Үлкен Ешкі тауы – 175 га) жалпы аумағы 325 га құрайды.

Бес мемлекеттік табиғи қаумалдың аумағы 28381,3 га, оның ішінде «Миргород» (кешендік) – 3950 га, «Селекционный» (ботаникалық) – 36,3 га, «Орда» (ботаникалық) – 16405,0 га, «Дубрава» (ботаникалық) – 6,0 га, «Аққұм» (геоморфологиялық) – 7984 га.

Облысымыздағы ЕҚТА аумағында 18 қорықшы жұмыс жасайды. Олармен жыл бойы күзету шаралары атқарылып, ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 50 заңбұзушылық анықталды.

— Сіздің мекеме тарапынан табиғат қорғау ұйымдарымен өзара бірлескен түрде қандай шаралар жасалуда?

— Орман шаруашылығы, балық шаруашылығы, жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайтудағы жұмыстарды үйлестіру мақсатында, құқық қорғау және құзырлы табиғат қорғау мекемелерімен браконьерлік және басқа да табиғат қорғау заңнамаларын бұзуға қарсы күрес жөнінде бірлескен іс-шаралар жоспары жылма-жыл құрылып отырады. Ол жоспарда орман ресурстарын, балық, жануарларды қорғауға бағытталған көптеген шаралар қарастырылған. Мысалы, қазіргі уақытта сол жоспарда қаралған негізгі іс-шаралардың бірі ҚР ІІМ тарапынан жүргізіліп жатқан «Браконьер» жедел алдын алу шарасына белсене қатысудамыз. Сонымен қатар қазіргі уақытта инспекция мамандары табиғат қорғау ұйымдарымен, яғни «Дистанциялық байқап көру орталығы және ГИЖ» ЖШС-мен бірге «Жайық орманы» мемлекеттік табиғи резерватын құру жұмыстарын жүргізуде. Ағымдағы жылы инспекция мамандары Қазақ орман орналастыру мекемесінің мамандарымен бірлесе отырып, мемлекеттік орман қорын орналастыру жұмыстарына да атсалысқан болатын.

— Браконьерлікпен күрес барысы туралы не айтар едіңіз?

— Иә, бұл жұмыстар инспекцияның негізгі міндеттерінің бірі болғандықтан, инспекторлар құрамы тұрақты қорғау іс-шараларын жүргізіп отырады. Жыл басынан бері инспекцияның қызметкерлерімен 312 рейдтік шаралар ұйымдастырылып, нәтижесінде заңсыз балық аулау бойынша 233 хаттама, заңсыз аңшылық құру бойынша 33 хаттама, ал орман заңнамаларын бұзу бойынша 31 хаттама толтырылып, заңбұзушыларға жалпы көлемі 4 млн. теңгеден астам айыппұл салынды.

— Қайрат Темірғалиұлы, аңшылық маусымның мерзімдері туралы айтып өтсеңіз. Дәл қазіргі уақытта аңдардың қандай түрлерін аулауға рұқсат етілмейді? Рұқсат етілген түрлері қандай? Алдағы жақын уақытта қандай жануарларға аңшылық маусымы ашылады?

— Қазіргі уақытта аңшылық нысандары болып табылатын облысымыздағы барлық дерлік аң-құстарға аңшылық маусымы ашылып, жүруде деп айтуға болады.

Аңшылық маусымының мерзімдеріне толық тоқталатын болсақ, ол аң түріне байланысты аңшылық ережесімен бекітілген. Мысалы, құстар бойынша қаз, үйрек түрлері, қасқалдаққа аңшылық маусымы қыркүйек айының бірінші сенбісінен басталып, 30 қарашаға дейін созылады. Ал шілге қыркүйек айының бірінші сенбісінен басталып, 15 қарашаға дейін ғана белгіленген. Сол сияқты тұяқты жануарларға тоқталатын болсақ, қабанға аңшылық маусымы қыркүйек айының бірінші сенбісінен басталып, 31 желтоқсанға дейін созылады, ал сібір елігіне 20 қыркүйектен бастап, 31 желтоқсанға дейін белгіленген. Айта кетерлік жәйт, сібір елігінің аталықтарына аңшылық маусымын бірінші тамыздан бастауға болады. Тек қана мамық жүнді жануарлардың, оның ішінде қоян немесе түлкіге аңшылық маусымы бірінші қарашадан басталып, келесі жылдың 15 ақпанына дейін созылады. Аңшылық құруға мүлдем рұқсат етілмейтін облысымызда мекендейтін негізгі бағалы аң түрлеріне киікті немесе бұғыны жатқызуға болады.

— Биылғы аңшылық маусымында заңбұзушылықтың өрескел деректері кездесті ме? Болса, қандай? Оларға қандай шара қолданылды?

— Әрине, заңсыз аң аулау бойынша өрескел заңбұзушылықтар әлі де орын алуда. Мысалы, ағымдағы жылдың өткен кезеңінде жалпы 22 өрескел заңбұзушылық тіркелді. Оның 19 дерегі заңсыз киік ату немесе олардың мүйіздерін тасымалдау болса, заңсыз түрде қабан және елік атудың үш дерегі тіркелді. Барлық әшкереленген деректер бойынша құқық қорғау органдарымен қылмыстық істер қозғалды. Қазіргі таңда алты қылмыстық іс сот-та қаралып, қалғандары бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Ағымдағы жылы заңсыз киік ату дерегі бойынша бір жылдың ішінде қайта құрықталған Қазталов ауданының тұрғыны 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын. Ал қалған істер бойынша заңбұзушылар сот органдарының шешімдерімен шартты түрде ғана жазаланып отырады. Осы бағытта қасақана заңбұзушылыққа барған айыпталушыларға заңдарымызды қатайтып, қатаң жаза қолдануды қарастыруды жөн көрер едік.

— Өзіңіз басқаратын мекеменің жұмысын тиімді ұйымдастыруға кеселін тигізетін күрмеулі мәселелер бар ма? Болса, қандай? Жалпы, осы қойылған сұрақтардың аясынан бөлек, тағы қандай мәселелерді тарқатып айтқан болар едіңіз?

— Соңғы жылдары Атырау облысы шекарасында іргелес орналасқан Тайпақ орман шаруашылығы мекемесі аумағында орман ағаштарының көп көлемде жаппай қурауы орын алып отыр. Осыған орай облыстық бюджеттен ағымдағы жылы 214 га көлемге санитарлық кесу жұмыстарына 5 млн. теңге көлемінде қаражат бөлініп, санитарлық кесу жұмыстары жүргізілген болатын. Алдағы уақытта да осы жұмыстардың жалғасын табуға қосымша қаражат көздері қаралғандығын қалар едік. Сонымен қатар облысымыздағы акбөкендерімізді арнайы қорғайтын заңды тұлға ретінде құрылатын, инспекторлар құрамы 52 адамнан тұратын «Бөкей орда» мемлекеттік табиғи резерватын құру мәселесі өткен жылдарда көтеріліп, барлық құжаттары әзірленгенімен, қазіргі уақытқа дейін бұл жұмыс жалғасын таппай келеді.

— Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан

Нұртас САФУЛЛИН

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар