Көлік апатынан 87 адам көз жұмған

Күні , 101 рет оқылды

img-20161116-wa0009


Дүние жүзінде жыл сайын 1,5 миллион, ал  Қазақстанда 2,5 мың адам аутокөлік апатынан көз жұмады. Биылғы он ай ішінде Батыс Қазақстан облысы аумағындағы аутожолдарда 386 жол-көлік оқиғасы орын алған. Апат салдарынан 87 адам қаза болса, 448 тұрғын жарақат алған. Бұл жайында облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі ұйымдастырған  брифингте  мәлім  болды.


«10-12 қараша күндері көлік апатын азайту мақсатында өткен «Қауіпсіз жол» іс-шарасы нәтижесінде 1703 жол жүру ережесін бұзу дерегі тіркелді. Мас күйінде көлік айдаған 48, көлік жүргізуге құқығы болмаған 41, жылдамдықты арттырған 150, маневр жасау ережесін бұзған 142, апат қатерін туғызған 8, жаяу жүргіншілерге жол бермеген 52, қауіпсіздік белдігін тақпаған 209, рульде отырып, ұялы телефон пайдаланған 168, көлігі техникалық байқаудан өтпеген 103, бағдаршамның рұқсат белгісін күтпеген 35, автотұраққа қою ережесін бұзған 19 жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Жыл басынан бері он ай ішінде жүргізушілерге материалдық шығын әкелген 1596 жол-көлік оқиғасы болды», — деді облыстық ІІД ЖПҚ жол қозғалысын қадағалауды ұйымдастыру тобының инспекторы, полиция майоры Руслан Дүйсенғалиев.

Облыстық ІІД ЖПҚ ювеналды полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Руслан Ғалиев қараша айында ұйымдастырылған «Жасөспірім» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 285 жасөспірім ішкі істер органдарына жеткізілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, құқықбұзушылық жасаған он үш жасөспірім профилактикалық есепке алынған. Бейімдеу орталығына 21 бала орналасыпты. Кәмелеттік жасқа толмағандардың түнгі мезгілде ойын-сауық орындарында жүруіне байланысты екі дерек анықталды. Бала тәрбиесіне салғырт қараған 24 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жасы 18-ге толмаған жасөспірімге темекі сатудың бес дерегі тіркелді. Және алкоголь өнімін сатқандарға қатысты бес заңбұзушылық анықталды. Руслан Ғалиев жыл бойына облыстық прокуратура, білім беру органдары және «Нұр Отан» партиясының облыстағы жастар қанаты өкілдері мен жастар қоғамдық бірлестіктерінің мүшелерімен бірлесіп, «Түнгі қаладағы балалар», «Жанұя – басты қамқоршы», «Қайыршы», «Тұрмысы төмен отбасы», «Құқықтық тәртіп» атты жедел алдын алу ісшаралары өткізілгенін хабарлады. Нәтижесінде биыл жасөспірімдер арасында 131 қылмыс дерегі тіркелген, яғни былтырғы кезеңмен салыстырғанда 20 дерекке азайған.  Ішкі істер органдарында 354 кәмелеттік жасқа толмағандарды тәрбиелеп отырған 199 тұрмысы төмен отбасы есепке алынған.

«2005 жылы 25 қазанда БҰҰ Бас ассамблеясы қарашаның үшінші жексенбісін жол-көлік оқиғасында қаза болғандарды бүкіләлемдік еске алу күні деп жариялады. Жеті жылдан бері біздің облыста соған орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мәселен, апталық аясында мектепке дейінгі ұйымдарда және орта білім беру орындарында ата-аналар арасында байқаулар өткізіледі. Жүргіншілер жолында бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтер ұйымдастырылып, көлік жүргізушілеріне абай болу қажеттігі ескертіледі. Ішкі істер органдарының қызметкерлері дәстүрлі түрде жол апатынан ауыр жарақат алғандарға қан тапсырады. Биылғы қарашаның үшінші жексенбісінде жолаушылары қаза тапқан көліктер тиелген автокеруенді Орал қаласының көшелерінен алып өту жоспарлануда. Түскі сағат 12.00-де қаралы оқиғаларды еске алу құрметіне Жеңіс алаңында ақ-қара шарлар ұшырылады. Сол уақытта барлық көлік жүргізушілеріне дабыл белгісін басуды ұсынамыз», – деді Орал қаласы ІІБ ЖПҚ-ның инспекторы  Динара  Әбділхалықова.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика