16.11.2016, 21:49
Қараулар: 59
Банк саласында алаяқтық азаяр емес

Банк саласында алаяқтық азаяр емес

6%d1%81%d0%bb%d0%b0%d0%b9%d0%b4-%d0%b8%d0%bd%d1%84%d0%be-140


Жалпы, алаяқтық – жақсы іс емес. Оңай олжа  іздеген  пайдакүнемдер қай заманда да болған. Қазір, әсіресе, екінші деңгейдегі банктерден несие алып, оны өзге біреуді алдау-арбау жолымен рәсімдеп кеткендердің алаяқтығы әшкереленуде. Бұл туралы Орал қалалық прокуратурасы өткізген банк саласындағы алаяқтықтың алдын алу тақырыбындағы жиында кеңінен айтылды.


Аталмыш прокуратураның бөлім прокуроры Мадияр Мұқановтың айтуынша, биылғы 10 айдың ішінде Орал қаласы бойынша 1122 алаяқтық фактісі негізінде алдын ала тергеу жұмыстары басталған. Олардың 45%-ына (513 факті бойынша) тіркеуден кейін есептен шығару арқылы алдын ала тергеу жұмысы тоқтатылған. Соның нәтижесінде есепті мерзім ішінде 609 факті бойынша алдын ала тергеу жалғасуда, бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 28,4%-ға (былтыр 850 факті) төмен. Жүргізілген сараптамалардың қорытындысына сүйенсек, тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтың 40 шақтысы немесе 6,5%-ы банк саласында жасалған.  «Саладағы алаяқтықтың басым бөлігі 22-сі несие алумен және  15-і өзгенің құжаты бойынша іске асырылған. Көп жағдайларда жалған құжаттар  пайдаланылған немесе таныстардың, тума-туыстардың өтініштері бойынша азаматтардың сеніміне кіру жолымен жасалған», – деді Мадияр Мұқанов.

Орал қаласының прокуроры Айдын  Рашидовтың айтуынша, биылғы жыл басынан бергі уақыт ішінде банк саласындағы қылмыстар саны 2,5 есеге өскен. 40 қылмыстық құқықбұзушылықтың жартысы үшінші тұлғаларға несие рәсімдеу деректері бойынша орын алған. Алаяқтар қаржылық сауаттылығы төмен азаматтарды  өздерінің құйтыртқы әрекеттеріне пайдаланған. Шаһардағы «Сулпак», «Зентрум», «Технодом», «Фора-трейд» сауда үйлерінде несие рәсімдеуде алаяқтыққа жол берілген. «Каспий банк», «Альянс банк», «Форте банк» және «Нұрбанк» сықылды банктерде азаматтардың жоғалған құжаттары бойынша несиелер рәсімделген деректері тіркеліп отыр. Соның салдарынан жеке және заңды тұлғаларға материалдық және моральдық  шығын  келді.

Басқосуды қорытындылаған қала прокуроры Айдын Рашидов екінші деңгейдегі банктердің өкілдеріне алаяқтық жолмен жасалатын қылмысты азайту мақсатында саладағы алдын алу шараларын күшейту бағытында ұсынбалар берді.

Загир  ВАГАПОВ,

«Каспий банк» АҚ облыстық филиалы қауіпсіздік басқармасының бастығы:

– Көп жағдайда несиені рәсімдеуден хабары жоқ, несиені  бірінші рет алатын, несиелік тарихы жоқ адамдар алаяқтардың «жемтігіне» айналады. Олар банкке арыз береді, содан кейін қызметтік тексеріс жүргізіп, олардың әлдекімдердің арбауына түскенін анықтаймыз. Бұл материалдарды құқық қорғау органдарына  жолдаймыз, алайда ондағылар алаяқтарды іздестірумен айналыса бермейді. Сондықтан несие қарызы банктің мойнында қалып, қаржылық шығынға ұшырайды. Мысалға, біздің банкте 2013 жылы мұндай – 4, 2014 жылы – 9, 2015 жылы – 5, 2016 жылы 10 қылмыстық іс болды. Жыл өткен сайын қылмыстық  құқықбұзушылық  жиілеп  барады.

Рашид  ҚАЖЫҒАЛИЕВ,

«Еуразиялық банк» АҚ облыстық филиалы қауіпсіздік қызметі департаментінің  бас  маманы:

– Банкте алаяқтық оқиғалар тіркелген емес. Жалған құжатпен несие алушылар анықталған жоқ. Әдетте тұтынушылық несиені рәсімдегенде азаматтардан жеке куәлік сұралады. Сонда құжаттағы азаматтың суретін несие алып отырған азаматтың кескін-келбетін салыстыра қарайды. Әрбір несие алатын адам фотоға түсіріледі. Сол арқылы оның барлық суреттері салыстырылып, сол құжаттың иесі екені анықталады. Әлбетте, банк менеджеріне өте мұқияттылық  керек.

Эрик  ҚАЙРАНБАЕВ,

«Альфа банк» АҚ-ның Оралдағы филиалы  қауіпсіздік  қызметінің  маманы:

– Биылғы жылдың 2-3-тоқсанында банк қызметкері қызмет бабын пайдаланып, қылмысқа бейім белгісіз біреулермен ымыраласып, сауда орындарындағы банк нүктелері арқылы өзге біреулерге (тұрақты жұмысы жоқ қылмыстық істі болғандарға, шалғай ауылдардың тұрғындарына) несие рәсімдеген. Мұндай 12 дерек анықталды. Қазір  тергеу  амалдары  жүргізілуде.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар