16.11.2016, 20:57
Қараулар: 51
Қос мектептің іргетасы қаланды

Қос мектептің іргетасы қаланды

pri_0386


Қалаға  іргелес  Деркөл ауылы  мен  Зашаған  кентінде  келешекте  қос  мектеп  бой көтермек. Облыс  әкімі  Алтай Көлгінов  өткен  сейсенбіде сол құрылыс  нысандарында  болып, қос мектептің  іргетасын өз  қолымен  құйды. Одан  әрі  олардың жобаларымен  егжей-тегжей  танысты.


Деркөл елді мекенінде бой көтеретін білім ошағы 600 оқушыға есептелген. Мектеп құрылысына ұлттық қордан, республикалық және жергілікті бюджет есебінен 1 млрд. 255,6 млн. теңге қаражат бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «СФ «Алтим» ЖШС жүргізуде. Мектеп құрылысына бөлінген жалпы жер телімінің аумағы – 29 688,8 шаршы метр. Нысанның аумағы 8 478,7 шаршы метрді құраса, онда 45 641,6 текше метріне құрылыс көлемі атқарылмақ. Ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында басталған мектеп құрылысы алдағы жылдың осы мерзімінде аяқталады деп күтілуде.

Зашаған кентінің Сарытау мөлтекауданында құрылысы басталған мектеп 900 орындық. Нысан құрылысына 1 млрд. 888,14 млн. қаржы қарастырылған. Білім ошағын салуға бөлінген жердің жалпы аумағы 2,84 гектарды құрайды. Атқарылатын құрылыс көлемі 51 141 шаршы метр болмақ. Мектеп бір және үш қабатты, бір-бірімен байланысқан тоғыз бөлек ғимараттан тұрады. Сондай-ақ нысанның аумағында спорттықдене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық, демалыс және шаруашылық орындары қарастырылған. Осы жылдың қазан айында басталған құрылыс жұмыстары бір жыл ішінде толықтай аяқталады деп жоспарлануда.

pri_0260– Бүгін екі жаңа мектептің құрылысы басталды. Бұл ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына үлкен қолдау деп санаймын. Себебі облыс орталығындағы тұрғындар саны жыл санап артып келеді. Осы уақытқа дейінгі қолданыстағы мектептердегі бала саны өте көп. Үкімет пен Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен келер жылы облыс бойынша үш мектептің құрылысы басталмақ. Облыс орталығындағы апатты жағдайда тұрған №4 мектептің орнына жаңа білім ошағын тұрғызу жоспарымызда бар. Сонымен қатар бір мектеп өңір орталығынан салынса, екіншісі ауданда бой көтермек. Биылғы жылы Шыңғырлау ауданында бір, Бөрлі ауданында екі балабақша салынды. Сонымен қатар Зеленов және Бөрлі аудандарында жаңа мектептер бой көтеріп, пайдалануға берілді. Жалпы, тәуелсіздік жылдары өңірімізде мемлекеттік қаражат есебінен 59 мектеп, 17 балабақша бой көтерген. Оған қоса 24 балабақша жеке инвесторлардың есебінен салынды. Бүгінгі іргетасы қаланған мектеп құрылыстары біз үшін үлкен қолдау болып отыр. Бұл жұмыстар оқушы саны көп, үш ауысымда оқитын мектептерді болдырмау мақсатымен жүргізілуде, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

%d1%88%d0%ba%d0%be%d0%bb%d0%b0-1

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ