16.11.2016, 20:45
Қараулар: 41
Мойындалған тарихи әділеттілік

Мойындалған тарихи әділеттілік

%d1%80%d1%83%d0%b4%d1%8c-%d0%b0%d0%bd%d0%b4%d1%80%d0%b5%d0%b9-%d0%b8%d0%be%d1%81%d0%b8%d1%84%d0%be%d0%b2%d0%b8%d1%87


Өткен жылдың 21 мамырында Германияның Бундестагы бұрынғы кеңес әскери тұтқындарына жасалған әділетсіздіктің орнын толтыру мақсатында арнайы өтемақы төлеу туралы шешім қабылдады.


Шешімде екінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс тұтқынында болған кеңес Қарулы күштерінің әскери қызметкерлеріне ақшалай өтемақы берілетіндігі қарастырылған. Ақшалай өтемақы өте қомақты. Оның көлемі — 2500 евро.

БҚО мемлекеттік архиві мониторинг жасап, Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери тұтқында болған, қазір өңірде тұратын көзі тірі майдангерлерді іздестірді. Қолда бар мұрағаттық құжаттар зерттелді, электрондық қорлар тексерілді. Талай жыл өтсе де, архив қызметкерлерінің жолы болды. Нәтижесінде көрсетілген уақыт аралығында тұтқында болған жалғыз жерлес табылды. Ол — Шыңғырлау ауданы, Шыңғырлау ауылының тұрғыны А. Рудь.

Ол 1921 жылдың 12 қарашасында Ресей Федерациясы, Краснодар өлкесі, Ейск ауданында дүниеге келген. 1940 жылы тамызда әскер қатарына шақырылды. Сол себептен Андрей Иосифович соғысты алдыңғы шепте қарсы алып, алғашқы күннен бастап соғысты. Өкінішке орай, Ұлы Отан соғысының бастапқы кезеңі қызыл әскер үшін сәтсіз болды. Әскердің ерен ерлігі мен батырлығына қарамастан, жау күшті болды және ел аумағында екпіндей жылжыды. Қарсыласу ошақтары әуеден, танктердің және зеңбіректің күшімен басып-жаншылды. Андрей Рудь 1941 жылдың маусымында бір топ сарбазбен тұтқынға түсіп, құлдықтың ауыртпалығы мен тауқыметін тартты. 1945 жылдың мамырында тұтқыннан босатылды. Үйіне оралды. 1946 жылы Ейск ауыл шаруашылығын механизациялау техникумына оқуға түсіп бітірген. Жас маман тағдырдың жазуымен Қазақстанға келіп, 1948 жылдың 13 қыркүйегінде «Шыңғырлау ет» кеңшарына шеберхана меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Аталған кеңшарда ұзақ жыл абыройлы жұмыс жасап, құрметті еңбек демалысына шықты. Самайына ақ кірген Андрей Иосифович бүгінде ардақты ата, абыз ақсақалға айналған.

Облыстық архив ардагердің тұтқында болғандығы жөнінде нақты дәлел жинап, неміс тарапына құжаттар топтамасының көшірмелерін жіберген еді. Артынан мемлекеттік архивтің игі міндетінің нәтижесі күтілді. Бұл — облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің, ішкі істер департаментінің және Шыңғырлау ауданының әкімі аппаратының қызметкерлерімен бірлесе жасалған жұмыс. Ардагерге бұл әрекеттер беймәлім еді. Осылайша қараша айының басында ақпарат келіп түсіп, Рудь Андрейдің есепшотына 2500 евро көлемінде ақшалай қаржы аударылды.

Айжан  САУҒАБАЕВА,

БҚО  мемлекеттік  архивінің директоры

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар